Етті енді түсімізде көреміз

Енді ет бағасы да мемлекет тарапынан реттелмейді. Өйткені, ол әлеуметтік тағамдар тізімінен шығарылды. Үкіметтің мұндай шешімді қалай қабылдағанын, Парламенттің оған неліктен келісім бергенін қайдам, әйтеуір осындай оқыс өзгеріс болды. Бұл базарда онсыз да ұшынып тұрған бағаның одан әрі шарықтауына соқтырды.

et03

Болжам орындалмады

Жалпы, аймақта әлеуметтік маңызды тағам түрлеріне мониторинг жасау ауыл шаруашылығы басқармасына жүктелген. Оның басшысы Сырым Рысқалиев саудаға тіке ықпал ете алмайтындығын айтып, мамырда бағаның біраз түсуін болжаған. Бірақ, күткендегідей болмады. Баға төмендеудің орнына  одан әрі өсе түсті.

«Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басшысы Абат Тасымовтың айтуынша, 2015 жылы Құрманғазы сервистік-дайындау орталығынан 20 тонна ет сатылып алынған. Ал, былтыр мүйізді ірі қарада аусыл ауруы пайда болып, мұндай мүмкіндік тумаған. Ет, әдетте, күзде, яғни, бағасы аз-кем арзан кезінде алынатын. Тұрақтандыру қорында ақша бар. Бірақ, ет бағасы қазір базарда 1500-1600 теңге төңірегінде тұрса, оны 900-950 теңгеге қайдан табарсың? Оның үстіне қолданыстағы ережеге сәйкес,  отандық өнім ғана сатылып алынуы тиіс. Өйткені, бюджет қаражаты тек қазақстандық кәсіпкерлерді қолдауға жұмсалады. Әйтсе де, Абат Тасымов, егер тұрақтандыру қоры бойынша комиссия шақырып, бағасы қымбаттауы ықтимал тағамдарды сатып алуға ұсыныс жасалғанда соған сәйкес әрекет етуге мүмкіндік болғанын айтады. Демек, қолайлы сәт  мүлт кеткенге   ұқсайды. Әйтпесе, көрші облыстардан болса да ет сатылып алынатын еді.

Өнімді сақтайтын орын тапшы

Тағы да оның сөзіне сүйенсек, сырттан көп көлемде ет сатып алуға Атырауда оны сақтайтын үлкен тоңазытқыштардың жоқтығы қолбайлау екен. Ет саудасымен шұғылданатын кәсіпкерлер әлі күнге осы істі реттей алмай жүр.

Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Төлеутай Рахымбетов республикада ет бағасының қымбаттауын өзінше түсіндіреді. Оның айтуынша, бүгінде етті ішкі саудаға жекелеген азаматтар мен шағын қожалықтар шығарады. Ал, олардың Қазақстанға экспортқа ет сату тыйымы алынып тасталған қолайлы сәтті күтіп отырғаны, сондықтан,  ішкі сұранысқа мал союды тоқтатқаны туралы қауесет қате. Еске сала кетсек, бұған дейін республикада мүйізді ірі қара арасында аусыл ауруы тарап, сыртқа өнім тасымалдауға уақытша тоқтау болған-ды. Енді рұқсат берілді. Осы орайда ірі тұтынушы ретінде Қытай аталады. Миллиардтан аса халқы бар елге күллі Қазақстанның малы шақ келмес. Бірақ, тұрақты әріптестен айрылып қалуға да болмайды.

Әйтсе де, вице-министрдің айтуынша, экспортқа жекелеген азаматтар мен шағын қожалықтардың емес, арнайы бордақылау алаңдарында даярланған ет шығарылады. Ал, ол әзірге 40-45 пайызға ғана толықтырылған. Оның екі себебі бар. Алдымен, жоғарыда айтқанымыздай, мүйізді ірі қараның жаппай аусылға тап болуы салдарынан экспортқа тыйым салынды. Сондықтан, біраз уақыт ет дайындалған жоқ. Одан әрі, төрт түліктің жем-шөп базасы мәселесі шешілмеді. Бүгінде бастапқы проблеманың түйіні тарқатылды. Әйтсе де, әлі жұмыстану керек. Қазір республикадағы мейрамханалар импорттық өнімге неге құмар? Өйткені, біздің етіміз тәтті болғанымен, майлылығы жөнінен төмен екен. Демек, күнделікті базар бағамы халықаралық нарық талабына сәйкес келмейді.

Ал, мал азығын даярлау мәселесі агроөнеркәсіп саласын кешенді дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарлама аясында шешілмек. Яғни, жайылымды жақсартуға, көп және бір жылдық шөптерді өсіруге, жем-шөп базасын қалыптастыруға қолдау көрсетіледі. Міне, осындай шаралар нәтижесінде бордақылау алаңдарын толық қамтығанда қосымша 35-40 мың тонна ет даярлауға мүмкіндік туады.

Сонымен қатар, ауыл кооперативі мен отбасылық бордақылау алаңдарын жасақтау арқылы тағы да 35-40 мың тонна ет дайындауға болады. Міне, осындай әдістермен әзірленетін 70-80 мың тонна ет – еліміздің экспорттық әлеуеті. Ал, ішкі сұранысты қалай қамтамасыз етеміз?

Бордақылауға – баса назар

Вице-министрдің айтуынша, қазақстандықтар жылына 900 мың тонна шамасында ет тұтынады. Сырттан тағы 12 мың тонна келеді. Әйтсе де, осы көлем халықты қанағаттандыра ма? Оның үстіне, былтыр импорт он мың тоннадан жетіге кеміген. Сұраныс ұсынысты тудырады. Базардағы бағаның ұшынып тұрғанының бір себебі осы өнімнің жеткіліксіздігі емес пе? Ауыл шаруашылығы министрлігі басшылығының пайымдауынша, ет бағасының қазіргі қымбаттауы өткен күз бен қыста жекелеген азаматтар мен шағын қожалықтарда бордақыланған мал етінің биылғы көктемде таусылуынан екен. Ал,  төрт түлікті қазір пышаққа іліктіру тиімсіз. Демек, малбегілер оны алдымен семіртіп, бағасын көтеруге тырысады.

Республиканың солтүстік өңіріндегілер етті ар жағындағы Ресейге тасымалдап жатыр. Бұған рубль бағамының теңгемен таразылағанда жоғары екендігі, сөйтіп мол табыс табу мүмкіндігі туғаны себеп. Ал, 2014 жылы көршіміздің валютасы құнын жоғалтқанда сол жақтан республикаға арзан ет қаптаған-ды. Бұл қарапайым тұтынушыға тиімді болғанымен, отандық өнім өндірушілер шығынға батқан. Енді керісінше көрініс байқалады. Мұндай экономикалық қарым-қатынас – әдеттегі құбылыс. Әйтсе де, сыртта қалыптасқан бұл ахуал ішкі нарықта ет бағасының күрт қымбаттауына соқтырды.

Енді қарапайым халықты қымбатшылықтан қалай қорғаймыз? Жоғарыда айтқанымыздай, ет әлеуметтік маңызды тағамдар тізімінен шығарылды. Оның бағасы еркін саудаға жіберілді. Демек, мемлекет тарапынан реттелмейді. Ауыл шаруашылығы министрлігі басшылығы осы орайда жергілікті тұрақтандыру қорлары белсенділік танытуы тиістігін айтады. Яғни, арзан кезінде өнімді алыңқырап, оның құны қымбаттағанда сауда орындарында сатуға молырақ шығаруы шарт. Базар нарқын осылай ғана түсіруге болады. Жалпы, мамандар ет бағасының маусым-шілде айларында тұрақтануы ықтималдығын айтады. Бірақ, бұл – ол арзандайды деген сөз емес.

Сонымен, ет бағасы еркін саудаға жіберілді. Оның астарында малбегілерді қолдау саясаты жатыр. Бұған дейін әлеуметтік саналатын АИ-92 жанармайы мен дизель отыны, «ас атасы» аталған нан бағасы мемлекеттік реттеу тізімінен шығарылғанда қымбатшылық орын алған-ды. Соның салдары әлі бар. Енді, жесең тісіңе, жемесең түсіңе кіретін ет те ауызға анда-санда бір тиетін шығар. Әрине, ауыл шаруашылығы өнімдерінің құны ақыры көтерілетіні, алда арзан азық болмайтыны соңғы кездегі құбылыстардан байқалатын.

Бүгінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшылығы село еңбеккерлерін байыту, олардың қаржылық әлеуетін көтеру керектігін жиі айтады. Сондағы ойлап тапқандары – олардың өнімдерін қымбаттату. Егер оны сатып алатын қала тұрғындарының қалтасы тайызданса, қамбадағы астық пен қоймадағы ет кімге керек? Оның үстіне осындай еркіндікті өзінше пайдаланып, сауда жасаушылардың жең ұшынан жалғанбасына сенім бар ма? Сөйтіп, қымбатшылықты қолдан тудырмай ма? Шағын және орта бизнес нысандарын тексеруге тыйым салынғалы мүмкіндігі шектелген мемлекеттік құрылымдардың осы жайды болдырмауға билігі жете ме? Осындай сауалдардың оң шешімі табылса, халық та көп қиындық шекпес еді-ау.

Меңдібай Сүмесінов

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*