Есірткіге елігіп, өміріңе балта шаппа!

Мамандардың дәйектемелеріне ден қойсақ, Елбасының жарлығымен нашақорлық және есірткі бизнесіне қарсы 2006-2014 жылдарға арналған бағдарлама қабылданған болатын. Осы бағдарламаға орай есірткі мен есірткі бизнесіне қарсы аймақтық бағдарлама қабылданып, соның негізінде облыста есірткіге тәуелді адамдарды анықтап, тиімді емдеу және әлеуметтік оңалту жөніндегі іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Осы ретте облыста 125 орындық наркологиялық диспансер болса, онда ерлерді, әйелдерді, жасөспірімдерді емдеуге, науқастарды мәжбүрлі түрде сауықтыруға арналған бөлімшелер жұмыс істейді. Ал есірткіге бой алдырған емдеуі қиын сырқаттарды квота арқылы Павлодар қаласына жіберіп, емделіп шығуына мүмкіндік жасалынған.
Аймағымызда есірткі әуре- сарсаңына түсушілер жоқ емес. Осы ретте арнайы топ, әсіресе,жастар арасында есірткінің таралмауына көңіл бөлуде. Алайда, нашақорлардың дені инемен дәрі егу арқылы ВИЧ жұқпасын жұқтырғандар болып отыр.
Жалпы, адам нашақорлыққа қандай жолдармен келеді? Жасөспірімдер арасында нашақорлыққа салынуға бейім жағдайлар: ата-ананың баласын тәрбиелеуге уақытының болмауы, жасөспірімнің үйден тыс өмірін қадағаламауы; отбасы мүшелерінің бірі арақ-шарап ішуі немесе есірткі қолдануы; мектепте мұғалімдердің нашақорлық мәселелеріне жете көңіл бөлмеуі; әлеуметтік-экономикалық жағдайының төмендігі себепші көрінеді.
Сонда бұл нашақорлықтан жастарды қалай қорғап қалуға болады? Кез келген есірткі адамның денсаулығын, психикасын бұзатынын, адамды қуатсыз, әлсіз, жігерсіз ететіндігін санаға жеткізу керек. Бұл жасөспірімдер өтпелі кезеңде болғандықтан, олардың немен әуестенетіндігіне, достарының кім екендігіне, олардың арасында есірткі мен ішімдік қолданатындардың бар-жоқтығына көңіл бөліп, мінез-құлқының өзгерістеріне назар аударған дұрыс.
Әрбір бала ата-анасына ұқсауға тырысады, бұл, әсіресе 14 жасқа дейінгі кезеңде айқын көрінеді. Жас балалар арақ-шарап ішу, темекі тарту және есірткі қолдану оларды ересек етеді деген ойда жүреді. Оларға арақ ішу мен темекі тарту баланы ересек етпейтіндігін түсіндіріп отыру артық болмайды.
Жалпы, есірткіге 18-29 жас аралығындағы жастар тәуелді. Ал соның салдарынан қылмыстар көбейіп, ЖҚТБ инфекциясына шалдыққандар саны өсуде. Мұны дер кезінде қолға алмаса, істің қиын соғары анық. Сондықтан, әрбір адам бір-біріне қамқор болғаны дұрыс. Нашақорлықтың белең алмауы үшін, есірткінің алдын алу жұмыстарын кең көлемде жас ұрпақтың жүрегіне жол табатындай етіп жүргізу керектігі жөнінде облыстық ішкі істер департаментінің есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Айгүл Есетова, облыстық ЖИТС орталығының бас дәрігері Күлсім Дүржанова, наркология диспансерінің нарколог-дәрігері Светлана Страмоусова қалалық денсаулық сақтау бөлімінің бас маманы Сүлеймен Әубекеров, дәрігер Маржан Есбергенова, өзге де мамандар өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды.
Баспасөз мәслихатын қорытындылаған облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының бөлім бастығы Гүлнұр Смағұлова 3 маусымнан 4 шілде аралығында аймақта «Есірткіге ешқашан жол жоқ!» ұраны аясында айлық өтіп жатқанын, осыған орай мекеме, ұйымдар, білім, денсаулық салаларында есірткіге қарсы түрлі насихаттық шаралардың жүргізіліп жат- қанынан хабардар етті.

Ғайнолла ЗИНУЛЛИН.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*