«ЕСІҢДЕ МӘҢГІ ҚАЛҒАЛЫ КЕЛГЕМ…»

АҚЫН ЖЫРЫ

Қадірлі елім, қабырғалы елім!

Айтарымды айтып, арылғалы келгем.

Жан-жүрегімді жарқыратып тұрып,

Алдыңда сенің жарылғалы келгем.

Еңселі елім, іргелі елім!

Құшағыңа ыстық кіргелі келгем.

Өзіңе мына қадірім қанша,

Өзіңнен соны білгелі келгем…

Өр суындай тасқынды да екпінді ақынның өз дауысымен оқылған өлеңдерімен басталды кеш. Ақынын сағынған елге осыдан артық қандай сый бар?

Бейнеэкран арқылы көрсетілген деректі фильмнің шынайы да шебер жасалғаны анық байқалды. Театр әртістерінің ақын өлеңдерін нақышына келтіріп оқығаны да көрермен көңілін бірде көкке самғатып, бірде іңкәр әлемге жетелеп, бірде өрлікке шақырды. Оқырман жүрегін нұрлы шуаққа бөлеп, рухына қанат бітіретін нағыз поэзияның құдіреті де осы! «Тарлан тартқан шағында өрге ағып» талайды таң қалдырған Нұралы ақынның әр жол өлеңі, әр шумағы қымбат. Өйткені, онда өмір бар, қас таланттың қиыннан қиыстырған шеберлігі бар. Ақын шығармашылығының Махамбет, Фариза өлеңдерімен үндестігі рухани байланыстың тіні үзілмейтінін, ғасырдан ғасырға жалғаса беретінін көрсетіп тұрғандай. Иә, арамызда болса, Нұралы ақын арқыраған ақжарма қалыпта 75 жасын қарсы алар еді. Бұл күнді өзі көрмесе де, «өрт ішінде қайта келмес күндерімді өткіздім» деп ақтарылған өлеңі көрді, аялаған жары мен «үміт еткен көзінің нұры» ұл-қызы көрді. Бағалағанға, бұл да бақыт.

 

АҚЫН БАҒАСЫ

«Нұралы Әжіғалиев ағамыз дара дарын иесі еді, өйткені, оның өлеңдерін бүкіл халық жаттап алып кетті. Аз жазса да, саз жазып, елінің жүрегінде қалды. Бүгінгі құрмет Нұралы Әжіғалиевтің ақындығына берілген үлкен баға деп есептеймін» – деді Жазушылар Одағы облыстық бөлімшесінің басшысы Қойшығұл Жылқышиев.

Ақынның кіндік қаны тамған Исатай ауданының сәлемін аудан әкімі Тұрарбек Сұлтанбеков ала келді. «Нұралы Әжіғалиев есімін біз қашанда құрметпен айтамыз. Аудан орталығындағы көрнекті көшелердің бірі ақын атымен аталады. Ал, 24 қазан күні Нарын құмында ақын рухына арналған жыр мүшәйрасы, ат бәйгесі, ақындар айтысы өтеді, бәріміз сол дүбірлі тойда кездесейік»,- деп жақсы жаңалығымен қуантты.

Нұралы ақынмен жоғары оқу орнында бірге оқыған, жастық шағының куәгері, филология ғылымдарының докторы, профессор Қадыр Жүсіп студент кездері жайлы әсерлі естеліктерімен бөлісті.

Исатай аудандық мәслихатының хатшысы Жұмажан Қадымов «Нұралы аға жасын жырларымен өзіне ескерткіш орнатып кеткен ақын. Оның өлеңдеріндегі рух, өршілдік, өмірге құштарлық бізге әлі күнге жолдас болып келеді. Сыйлас болдық, сырлас болдық. Мені ерекше таң қалдыратыны оның жады мықты еді. Әсіресе, Есениннің өлеңдерін түгел жатқа айтатын. Пендеуи әңгімеден биік жүруші еді. Өмірінің соңғы сәтіне дейін жан дүниесін таза сақтауға тырысты. Бүгінде соның бәрі сағыныш», – деп еске алды.

 

АҚЫН ЖАРЫ

«Ақын болу үшін қиындық көру, қысастықтарға ұшырау міндетті емес, ақынның әйелі мықты болуы керек деп есептеймін. Сол мықтылықты біз Қорланнан көреміз. Осы шараның режиссері де, ұйымдастырушысы да – Қорлығайын ханым. Қоғам қайраткері Рашила Мұрсәлиева «Атырау арулары» деген кітап құрастыруда, бұл кітапқа елге еңбегі сіңген адамдармен бірге ақындардың аяулы жарлары еніп жатыр, Қорлан осының қақ төрінен орын алған адам», – деп Жазушылар Одағы облыстық бөлімшесінің басшысы Қойшығұл Жылқышиев ақын жары Қорлығайын Дүсіпқызының еңбегіне ерекше тоқталды.

Бұл сөзді профессор Қадыр Жүсіп те қуаттады. «Нұралы шығармашылығы екі кезеңнен тұрады, ол Қорланға дейін және Қорланмен кезіккеннен кейін болып бөлінеді. Қазақтың бір азаматының маңдайына бақ болып жолыққаны үшін, өлеңі ғана емес, өмірі де болғаны үшін Қорлан бақытты», – деді ол. Шыны да сол. Қорлан апайымызды қашан көрсек те, «Нұралының еске алу кеші өтеді, кітабы шығады, көшеге аты беріледі»,- деп сүйінші сұрап жүргені. Бұл– сөз қадірін өз қадірінен де биік қоятын кісіліктің белгісі.

АҚЫН МҰРАСЫ

Ақын өлеңдерінің оқырманды еріксіз баурайтын қасиеті– оның әуезділігінде. Өлең оқып емес, ән тыңдап отырғандай күйге енетінің де содан. Шығармашылық кеш барысында ақын сөзіне жазылған Ғатау Ибішев, Гүлмайдан Сүндетова, Оразбай Райысовтардың әндері шырқалды. Ал басты жаңалық – «Ағатай» баспасынан ақынның «Есіңде мәңгі қалғалы келгем» атты жаңа жыр жинағының жарық көргені.

Нұралы Әжіғалиевтің ақындық қуаты, азаматтық келбеті жайлы айтылар сөз бүгінмен ғана бітпейді. Біз осыған қуанамыз. Нұр жүзін топырақ жапса да, сөзін іздейтін оқырманы, көзін көріп, көңілі бірленетін ел-жұрты бар. Көзі деп отырғанымыз – Алдияры мен Арайлымы. Олардан өрбіген ұрпақтары да тәуелсіз елдің текті балдырғандары болып өсіп келеді.

Ол – қилы тағдырды бастан кешсе де, өр қалпынан танбаған, сонысымен елге сыйлы болған тұлға. Республикалық Махамбет атындағы сыйлықтың иегері, Атырау облысының және Исатай ауданының құрметті азаматы. Жазушылар Одағының мүшесі.

Нарынымның мен бір түп қияғымын,

Тыңдап өскен жыр лебін, күй ағынын.

Сүйір тілді сонауғы бабалардың,

Тастап кеткен артына тұяғымын, – деп жырлаған ақын рухы ардақтала берері хақ. Қалың орман қазағы мен жырдан соққан ескерткіші барда, Нұралы ақынның аты да ел есінде мәңгі сақталарына сенеміз.

Бақытгүл БАБАШ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*