ЕШКІМГЕ ҚАТЫСЫ ЖОҚ қарапайым мұсылман. Ол кім?

 Халқымызда «Ырыс алды – ынтымақ», «Бірлік болмай, тірлік болмас», «Бөлінгенді бөрі жейді» деген дана сөздер бар. Себебі, қайсыбір қоғамның мамыражай бейбіт өмірінің, өркендеп гүлденуінің, жан-жақты дамуының негізгі кепілі – оның өзара ауызбіршілігі, ынтымағы мен бір‑біріне көрсетер жанашырлығы. Сондықтан, хақ дін – Ислам мұсылмандардың арасындағы бірлік пен ынтымақты олардың екі өмірдегі игілігі үшін парыз етеді. Бұл турасында Құранның Әли Имран сүресіндегі аяты «Алланың дініне барлығың бірге жабысыңдар, бөлінбеңдер…» деп нақты әмірін айтады. Сонымен қатар, діндерін бөлек‑бөлек етіп, бірімен‑бірі жанжалдасқан адамдарды айыптайды. Өзара жанжалдасудың үмметті әлсіретіп, құлдыратуға апарып соғатынын «Аллаға және оның елшісіне бойсұныңдар, өзара тартыспаңдар, ұтыласыңдар, күштеріңді жоғалтасыңдар…» деген аятпен анық айтып ескертеді. Сондай‑ақ, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің хадисінде «Мұсылмандардың бірінбірі жақсы көруде, өзара мейірімді болуда және жанашырлық танытудағы мысалыбір мүшесі ауырса, басқа мүшелері онымен қосыла ыстығы көтеріліп, ұйқыдан қағылатын тұтас бір дене секілді» дейді. Хадис мұсылман қоғамының дамып, өркендеуінің және іргесі берік ел болуының негізгі факторына меңзеп отыр. Өкінішке орай, мұсылмандардың қазіргі ахуалы әр бөлігі әр жерде шашылып жата беретін баланың құрастырғыш ойыншығы секілді болып барады. 

Жоғарыда аталған өкінішті жағдайдың негізгі себебі – мұсылмандардың Алла тағаланың Хаж сүресіндегі «ол сендерді мұсылман деп атады» деген аятының мақсат‑мазмұнына мән бермей, толығымен ұмытуы деп айтуға болады. Алла тағала бізді мұсылман деп атаумен бірге, осы атқа лайықты болуды жүктеді. Сонымен қатар, бұл атауды басқа атақ‑лақаптармен ауыстырмауды парыз етті. Яғни, Жаратушы тағала мұсылман баласынан «бұл өмірден тек мұсылман болған халде ғана озуды» талап қылды. Бұл парыздың орындалуы жоғарыда айтылған үмметтің ынтымағы мен бірлігінің, өзара жанашырлығының негізгі алғышарты болып табылады. Демек, бұл алғышарт орындалмаған кезде мұсылмандардың өзара бірлігі мен мейірімі болмайды. 

Бүгінде мұсылмандар әртүрлі атауды айдар етіп алған топтардың жетегінде кетіп, өзінің имандас, қағбалас бауырларына мейірімді болуды былай қойғанда, аяғынан шалып орға жығуға дайын тұратын жағдайға жетіп отыр. Себебі, ол оның қаншалықты діндес, қандас бауыры болса да, топтасы емес. Ақидасы мен арман‑мақсаты бір бауыры емес. Әңгіменің ауаны қайда екенін нақты білу үшін бірнеше мысалдарға тоқталып өтейік. 

Мысалы, сәләфилік бағытта жүрген мұсылманды алсақ, ол аталмыш бағыттың Ибн Тәймия, Мухаммед бин Абдулуаххаб, Ибн Баз, Ибн Усеймин, Әл‑Албани, Әл-Мадхали т.б. көсемдерінің кітаптары мен ілімдерін ғана оқиды. Аталған шейхтердің ұстанымын ғана дұрыс деп санайды. Сәләфилік ұстанымда болған мұсылмандарды ғана өзіне жақын тартып, «ахи, ухти, брат, сестра» деп қабылдайды. Себебі, оның көсемдері «жоғарыда аталған кісілерден басқаны тыңдама, олардың еңбектерінен басқа кітаптарды оқыма, олар адасқандар» деп шектеп, тыйым салып тастаған. Демек, басқа ғұламалар мен имамдар оның түсінігінде адасқан, бидғатшылар болып табылады. Мүмкіндік туса ондай адасқандар мен бидғатшылардан (дінге жаңалық енгізгендер) хақ дін – исламды тазарту қажет деп сенеді. Мұның айғағы ретінде Медина қаласындағы Ислам университетінде дәріс берген сәләфилік бағыт өкілдерінің бірі Али бин Мухаммед бин Синанның «Әл-мажмуғ әл-муфид мин ақидатут-таухид» (Таухид ақидасынан алынған пайдалы жинақ) кітабындағы мына жолдарды келтіруге болады. Автор: «Уа, мұсылмандар, сопылық тариқаттарына қарсы жаппай соғыс жариялап, оларды толығымен жоймағанша, сендердің исламдарыңның пайдасы жоқ. Оларға қарсы яхудилер мен отқа табынушыларға қарсы күресуден бұрын соғысыңдар» дейді. Әрине, бұдан автордың «зікіршілер, исматуллашылар, т.б.» секілді сопылықтың атын жамылған топтарға ғана емес, біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан дұрыс сопылық мектепке қатысты көзқарасының қаншалықты агрессиялық сипатта екені көрінеді. Бұл тек сопылыққа ғана қатысты емес. Олар еліміздегі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұстанатын сенім мектебі – мәтруди ақидасын да жоққа шығарып, адасушылықпен қаралайды.

 Әрине, әлемдегі мұсылмандардың көпшілігі Ибн Тәймия мен Ибн Абдулуаххабтың ақидасымен өмір сүрмейтіні белгілі. Сондықтан, мұсылмандар бұлардың уағызына көне қоймайды. Нәтижесінде Пайғамбар (с.ғ.с.) сипаттағандай мұсылмандардың арасында өзара жанашырлық пен мейірім емес, өзара алауыздық пен дұшпандық орын алады. Мұның соңы қанды оқиғаларға жетелеуі де мүмкін. Мұның айғағын елдегі соңғы жылдары орын алған жарылыстардан және мешіттердегі бір Алла деп құлшылық жасайтын жамағаттың арасындағы алауыздықтан көріп отырмыз.

Тағы бір діни‑саяси ұйым – Хизбут‑тахрир тобының мүшесі болған мұсылман ислам тарихындағы басқа ғұламалар мен тұлғалардың тәлімін бір шетке қойып, аталмыш партияның негізін қалаушы – Тақиюддин ән-Набаханидің еңбектерін ғана басшылыққа алады. Діннің барлық мақсаты мен мазмұны тек халифат құру деп сенеді. Бұл мақсатта әрекет етпеген адамды үмметтің қамын жейтін мұсылман емес деп айыптайды. Қандай мінберде болмасын мұсылман үмметінің мүддесін емес, өз партиясының мүддесін алға тартумен айналысады. Демек, аталмыш бағыттың жетегінде болған мұсылманның, өзге мұсылмандарға мейірімді бола қоюы қиынға соғады. 

Түркиялық діни көсемдер Саид Нурси мен Фетхулла Гүленнің ілімін ұстанып, осы бағытта қызмет жасап жүрген бауырларымыз да, өз бағытының өкілдерімен ғана тығыз қатынаста болып, басқа мұсылмандарды аса мойындамайды. Нұршы‑мұсылман қандай лауазым иесі болса да, өз тобының мүддесін білдірмей қорғап, алға тартумен айналысады. Жоғарыда аталған өз көсемдерін жан‑тәнімен қорғаштап, олардың еңбектерін, мысалы, Саид Нурсидің «Жолдаулар» кітабын (Қызыл кітап) ғана оқып, оны ислам дінінің негізгі түпнұсқа әдебиеттерінің дәрежесіне көтеруге баруы ықтимал. Сәләфилерге қарағанда саясаты көбірек саналы болып табылатын бұл топтың өкілдері өзге мұсылмандарға сырттай жанашырлық танытқанымен, шындығында бүйрегі бұра қоймайды. Себебі, ол оның топтасы немесе мүдделесі емес.

Мысырда пайда болып, елімізде тыйым салынған «Ихуан Муслимин» (Мұсылман бауырлар) қозғалысының ерушісі болған мұсылманның тәлімі мен тәрбиесі осы топтың көсемдері Хасан Әл‑Банна мен Саид Қутбтың еңбектерінен басталады. Күнделікті өмір сүру салтында өз көсемдерінің айтып кеткен сөздерін сақтаумен айналысады. Алға қойған мақсаты мен армандары бүкіл мұсылмандардың мүддесінен бұрын, қозғалыс көсемдерінің айтып кеткен тапсырмаларын орындау, ережелерін сақтау болып табылады. Барлық мұсылмандардың басын қосу қажет, бірігуіміз керек деп қаншалықты жариялағанымен, соңында «Мұсылман бауырлардың» шеңберінен шыға алмайды. 

Мұсылмандардың енді біреулері Эфиопиядан шығып, Ливан елінде өз ілімін таратқан, көптеген ислам ғұламаларын күпірлікпен айыптауды өзіннің сүйікті ісіне айналдырған Абдулла Әл-Харари әл-Хабашидің жанкүйері болып жүр. Сәләфилердің арман-дерті – өзгені бидғат істеді немесе ширк жасады деп айыптау болса, бұлардың айналысатыны басқалардың күпірлік істерін теру болып табылады. Дін ғылымдарының бұлақ көзі Әл-Хараридің кітаптарынан басталатындай қарайды. Сонымен қатар, бұл топтың ерушісі Шейх Әл-Хабашиді сынаған, оны өзіне пір тұтпаған мұсылмандармен дұшпан болады. Ол өзінің Шейхын қасиеті жер иіскемейтін, ақиқаттың жаршысы және Жаратушының халилі әрі әулиесі ретінде қабылдайды. 

Түркияда өзінің сопылық мектебін қалыптастырған Сүлеймен Тунаханның жолын ұстанушылар басқа мұсылмандарға сыпайы көзқараста болғанымен, олармен тығыз қатынасқа бара қоймайды. Сондай-ақ, өз медреселерінен басқа орындарда діни тәлім алған азаматтарды әртүрлі сылтауларды алға тарта отырып, медреселерінде дәріс беруге жол бермейді. Басқа діни мектептердің түлектері қаншалықты білімді болса да, өздерінің топтастарын ғана жақын тұтуда болады. Сонымен қатар, әрбір іс-әрекеттерінде түрікше тәсілді қолданып, қоятын мұрттары мен басқа киетін көк тақияға дейін түрікше үлгіні сақтауға тырысады.  

Таблиғ жамағатының өкілі болған мұсылман исламның басқа ілімдерін қоя тұрып, Әл-Кандахлауидің «Фазаил ағмал» (амалдардың артықшылықтары) кітабын оқумен, Алла жолына деп 3, 7, 40 күндік уағызға шығуға үндеумен әуре болады. Дінді осылай ғана тарату мүмкін деп ойлайды. Өз мүмкіндігінше дінге жанашыр болып, еліне қызмет етіп жатқан басқа мұсылмандардың іс-әрекетіне Алла жолында болмайтындай қарайды. Мұнымен шектелмей таблиғшы өзінің өмір сүру үлгісін Пәкістан немесе Үндістандағы шейхтерінің пәтуаларына негіздеп, оларды ғана бастауға алады. 

Жоғарыда көрсетілген топтар қазіргі таңда ислам әлемінде ерушілері мен жақтаушыларының қатары көбейіп, мұсылман үмметінің, атап айтқанда сүнниттердің бірін-бірі жоққа шығарып, өзара талас-тартысқа апарып, алаңдатарлық проблемаға айналғандары. Олар туралы қысқаша айтылған мәліметтерге талдау жасай келе, жоғарыда айтылған «Бөлінбеңдер… өзара тартыспаңдар… тұтас бір денеге ұқсайды…» деген Құран мен сүннетте бекітілген принциптерге тікелей қайшы нәтижеге алып баратын фактор екеніне көзіміз жетеді. Сондықтан, мұндай «қайсыбір топқа қатыстылық» деген дүниеден арылу, оған қарсы жұмыс жүргізу діннің амандығы мен елдің бірлігін ойлаған әрбір мұсылманның арман‑дерті болуы тиіс деп ойлаймын.

Мұсылман үмметіне, қазақ халқына жақсылық ойлай қоймайтын тараптар мұсылмандардың ішіндегі бұл проблеманы оңтайлы пайдаланып жүргенін әрбір азамат ұмытпауы қажет. Осылайша олар біртұтас мұсылман үмметін бірін-бірі қолдамайтын топтарға бөле отырып, өзара ауызбіршіліктен айыруда екені де мәлім. Өкінішке орай, өз ішімізден шыққан кейбір жастарымыз бен азаматтарымыз да аталған топтардың кейбірінің жетегінде кетіп, исламның емес, діннің атын жамыла отырып, өз тобының туын көтеру арқылы аталмыш ойынның құрбаны болуда. Сондай-ақ, оның барлық атқарған қызметі мен жасаған іс-әрекеті жалпы мұсылман үмметінің емес, өзі қатысты болған топтың және оның артында тұрған тараптың ғана мүддесіне саяды. 

Мысалы, сәләфилік ба-ғытта жүрген мұсылманның айтқан уағызы тек сәләфи шейхтердің кітаптарымен шектеліп, сарп етілген мал-мүлкі сәләфилік бағыттың өкілдеріне құйылады. Осылайша сәләфилік топтың қатарының көбеюіне өз үлесін қосады. Мұндай жағдай тек сәләфилерге ғана қатысты емес, жоғарыда айтылған хизбут-тахрир, ихуан муслимин, нұршы, сүлейменші, хабаши, таблиғ жамағаты секілді топтардың жетегінде кеткен азаматтардың барлығына да тән болуда. 

Міне, осы тұрғыдан қазіргі таңда «Ешкімге қатысы жоқ қарапайым мұсылман», яғни, мұсылмандардың өзара іштей бөлініп, алауыздыққа баруына себеп болып жатқан топтардың ешбіріне қатысы жоқ мұсылман болу өте өзекті мәселеге айналған секілді. «Ешкімге қатысы жоқ қарапайым мұсылман» дегеніміз – кейінгі ғасырларда пайда болған діни ағымдардың ешбірінің ықпалына ермеген мұсылман. Ол сәләфи де, хизбут та, таблиғшы да, сопы да, нұршы да емес, ол – «қарапайым мұсылман». Еліміздегі ғасырлар бойы қалыптасқан ханафи мәзһабы мен мәтруди ақидасын ұстанады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қызметкерлері мен пәтуасына құрметпен қарайды. Оларды сынаса, тек насихат мақсатында, конструктивті сипатта ғана сынайды. ҚМДБ пәтуаларына тек құрметпен қарап қоймай, күнделікті өмірінде оларды басшылыққа алады. 

Сонымен қатар, ол бастауы шет мемлекеттерде болып табылатын діни ұстанымдар мен топтардың ықпалына берілмейді. Себебі, шет елдердегі шейхтердің жетегінде болған мұсылман өз елінде жүріп, солардың мүддесіне жұмыс жасайды. 

Осы тұста айта кетерлік жайт, «қарапайым мұсылман» жоғарыда аталған топтардың барлығын бірдей өзіне дұшпан санамауы қажет деп санаймын. Олардың зияны мен залалын, кемшіліктері мен артықшылықтарын шариғат пен ақылдың таразысына салып, өз бағасын бере білу керек. Мұны айтып отырғаным, кейінгі кезде қоғамда ешбір топқа қатысты болмаймын дей отырып, исламға қатысты топтардың салыстырмалы түрде қарағанда дұрысы мен бұрысын қатар барлығын бірдей жоққа шығарушылар пайда болуда. Бұл тұста Алла тағаланың Мәида сүресіндегі «Сендердің бір қауымды жақтырмауларың, өздеріңді әділетсіз әрекетке итеріп жүрмесін» деген ескертуін естен шығармау қажет секілді.

Қорыта айтқанда, «қарапайым мұсылман» белгілі бір топтың мүддесі үшін емес, күллі адамзаттың, өз халқының мүддесі жолында қызмет жасайды.

Еркінбек ШОҚАЕВ, 
Атырау облысы Дін істері 
басқармасының басшысы, дінтанушы

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*