ЕРТЕ ҮЗІЛГЕН ӨМІР

 

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Аманбек Жұмыровтың баяндауынша, жыл басынан бері жасөспірімдер арасында сегіз суицид оқиғасы болған. Соның үшеуі Құрманғазы ауданында орын алыпты.

– Жас өскіндердің арасындағы өзіне-өзі қол салған жағдайлардың бәрі аудандарда кездесті. Соған байланысты жер-гілікті жерлерде суицидке бейім қауіпті топтарды ерте анықтау жұмыстарын жүйелі жүргізуге ұсыныс бердік, – дейді басқарма басшысы.

Психолог мамандар суицид дертіне әдетте рухани әлсіз, психологиялық тұрғыдан тұрақсыз жандардың шалдығатынын айтып отыр. Оған күнделікті күйзеліс те түрткі болуы мүмкін. Көлденең оқиғалардың жиілеуіне әртүрлі жағдай себепші екен. Соның ішінде әлеуметтік-отбасылық қиындықтар, есірткі қолдану, мектеп бітірушінің ҰБТ-ның нәтижесінен қорқуы, жоғары сынып оқушыларының төменгі сынып балаларының намысына тиетін әрекеттер жасауы секілді жайттар негізгі факторлар ретінде аталады.

Жауапты адамдар облыс көлеміндегі жасөспірімдер арасындағы суицидті де тереңірек талдап көріпті. Байқаса, оған көбіне ер балалар кезіккен. Олар кешкі немесе түнгі мезгілде осындай  сұмдық жағдайға барыпты. Ал, қыздардың көбі күндізгі уақытта үйлерінде асылған. Суицидке барғандардың орташа жасы он төрт-он бесті құрайды құрайды. Отбасыларының құрамы негізінен толық, тұрмыстық жағдайлары да қалыпты көрінеді. Қайғылы оқиғалардың дені маусым айында болғанына тоқтала кетейік.

Суицид – қоғамда кеңінен талқыланып келе жатқан мәселенің бірі. Оған қарсы облыс көлемінде кешенді шаралар қолға алынып жатыр. Мәселен, облыстық психо-неврологиялық ауруханасының суицидологиялық кабинеті ғұмырын мезгілінен бұрын үзуге ұмтылғандарға ем көрсетеді. Жергілікті білім ошақтарындағы психолог мамандарға да жаңаша талап қойылуда. Дегенмен, жасөспірімдер арасындағы қауіпті індет азаяр емес. Облыс көлемінде 14 жас өскіннің өзіне-өзі қол салуға әрекет жасауы, сегіз жағдайдың қайғылы аяқталуы – соның айқын көрінісі. Дегенмен, ұстаздар жағы көлденең оқиғалардың барлығы мектептен тыс жерде болғандығына маңыз береді. Жасөспірімдер арасындағы суицид көбірек тіркелген Құрманғазы ауданы мұғалімдерінің пікірлері де осы бағытта өрбіді.

– Тіршіліктегі басты құндылық – адамның өмірі екені белгілі. Оны сезінбегендер ажалынан бұрын өмірмен қоштасып жатады. Ойланбастан шешім қабылдаудың салдары деп түсіндіруге болады мұны. Егер әрбір балаға жастайынан жақсы тәрбие берілсе, өмірді бағалай білуге үйретсе, мұндай  қайғылы  жағдайлар орын алмас еді, – дейді Құрманғазы ауданындағы Әбу Сәрсенбаев атындағы орта мектеп директорының міндетін атқарушы Ж.Мырзағалиев.

– Өзіне-өзі қол жұмсаудың, зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында мектебімізде іс-шаралар жүйелі жүзеге асып келеді. Әртүрлі «дөңгелек үстел», сауалнама, пікірталастар, басқа да шаралар – соның мысалы. Дегенмен, қаншама жұмыстансақ та, өкінішке орай, өзіне-өзі қол жұмсау фактісі орын алуда. Қазіргі уақытта ол жағдайларды болдырмауға күш салудамыз, – дейді Н.Гоголь атындағы орта мектептің директоры А.Далиев.

Азамат БАЗАРБАЕВ. 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*