«Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық…»

Сән әлемінің ағымына ілесіп келе жатқан қыз-келіншектер жақсы біледі, бүгінгі таңда қазақстандық дизайнерлердің киім үлгілері сұранысқа ие бола бастады. Бұрын италиян, түрік сән үйлерінен ғана киім-кешек таңдайтын нәзік жандылар бүгінде өзіміздің тігін цехынан шыққан көйлектерге ерекше мән береді. Мүмкін, бұл отандық нарықтың алға қарай қарыштап, өркендеп келе  жатқандығының айқын белгісі болса керек. Оның үстіне, елімізде алғашқылардың бірі болып қазақы ою-өрнектер бейнеленген киім киюді дағдыға айналдырып, халық арасында насихаттап жүрген Жанат Бақыт қазірде Қазақстанның түкпір-түкпірінде сән үйінің филиалдарын ашуда. Бәрімізге жақсы таныс тележүргізуші, кәсіпкер өзгелердей алып-сатумен емес, өзінің қиялынан туындаған үлгі бойынша көйлектер шығаруда. Жақында белгілі бизнес иесімен тілдесудің сәті түскен еді.

%d0%b5%d1%80%d1%82%d0%b5-%d1%82%d1%83%d1%80%d0%b3%d0%b0%d0%bd

– Жанат Жолдығалиқызы, жұрт сізді тележүргізуші ретінде жақсы таниды. Соңғы уақытта басқа салаға бет бұрып, өзіңіздің жеке кәсібіңізді аштыңыз. Айтыңызшы, бәрін қалай бастап едіңіз? Тележүргізушіліктен кәсіпкерлікке қадам басуға не себеп болды?

-Түсінгенім, қызметте «жайлылық» болмау керек екен. Жұмысың өзіңе ұнайды, бірқалыпты. Барасың, келесің, айдан айға әзер жететін айлық аласың. Бұл да дұрыс, әрине. Бірақ, оның болашағы бар ма? Жайлылық деген адамның бір орында отырып қалуы емес пе екен? Ізденбейсің, күреспейсің, тырыспайсың. Күндердің күнінде сол орынмен қоштасуға тура келеді. Не істейсің? Жасың болса, қырықтан асып кетіпті. Жұмыс табу қиынға соға бастайды. Бұрынғы лауазымың жас буынға керек. Сондықтан, «артық дөңгелегің» болуы шарт. Көгілдір экран алдында аттай 12 жыл қызмет етіппін, эфир арқылы халыққа танылдым. Кәсіпке бет бұра бастауыма да осы тележүргізушілік себеп болды. Ешқандай өкпем жоқ. Бетімді әрлеп, журналистердің дап-дайын мәтінін оқып, «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүрдім. Ол жұмыс өзіме ұнады. Алайда, іштей ұялатынмын. Сөйтіп жүріп, осынша уақыттың қалай өткенін байқамай қалдым. Өмірлік серігімді таптым, екі баланы өмірге әкелдім. Сол кезде Наурыз мерекесінде ғана ұлттық киімімізді киіп, келесі күні әлгі көйлегімізді сандыққа кері салып қоятынымызға қынжылатынмын.

– Саланың сан түрінен неліктен сән үйін ашуды ойластырдыңыз?

– Бәрі аяқ  астынан болды. Эфирге қазақша киініп шыққан жалғыз тележүргізуші мен болдым. Оны көрерменім құп көріп, киімімді сатып алуға ұсыныс білдірді. Әрі қазақстандық дизайнерлерді де қолдадым. Бұқаралық ақпарат құралдары – халық айнасы. Біз де бала кезімізден жұртшылықтың жадында қалған Рабиға Аманжолова, Дана Нұржігіт, Мұрат Әбзелбаев секілді танымал дикторларға еліктеп өстік. Менің де артымнан еріп, өсіп келе жатқан сіңлілерім ерекше назар аудара бастады, кейбірі киім кию үлгіме ден қойды. Сөйтіп, отандық өнімді қолдау мақсатында «Осы көйлектерді неге тігіп, бағасын қолжетімді қылып сатпасқа?» деген ой келді.  Ойлана келе бір-ақ күнде батыл қадам жасап, дүкен аштым.

Баршаңызға белгілі, кез келген бизнес – тәуекел. Кейбір кәсіпкерлер бизнестің әрі қарай өркендеуін ойламайды. Қымбат бутик ашып, көп қаражат жұмсайды. Алайда, кейін есебін шығара алмай, ақыры бір-екі айдан кейін жабылып қалып жатады. Мені әуелі сол жағы көбірек мазалады. Сөйтіп, жалға беру құны арзан орын тауып, ішін өзім жуып, әктеп үйден жиһаз апардым. Халықтың сұранысы мен жарнама болғаннан кейін отандық дизайнерлердің киімдерін шығарып, сата бастадым. Осы орайда маған қолдау білдірген дизайнерлер – Аңсаған Мұстафа, Әлия Әлімбекқызы, Гүлзира Қази, Ғани Көбеевке, «Айсұлу», «Димаш РМ», «Жасбұлақ» сән үйлеріне алғысым шексіз. Маған көп көмектесті. Сосын орталықтан дүкен аштым.

– Бізге бір ұнайтыны – «Жанат Бақыт» сән үйінің көйлектерінің бағасы қарапайым отбасындағы қыз-келіншектердің қалтасы көтеретіндігінде…

– Өздеріңізге белгілі, бізде қазақстандық дизайнерлердің туындылары тым қымбат. Бұрын өзім сатып алып жүрген кезде осындай көйлектердің бағасы 120 мың теңге болатын. Бұл дегеніңіз, бір жанның айлық еңбекақысы, ол халыққа қолжетімсіз еді. Мен осы олқылықтың орнын толтырғым келді. Әрине, кәсіби дизайнер емеспін. Бірақ, саланың тілін ұққан соң көп нәрсені түсініп жатырмын. Несін жасырайын, бастапқыда сынға алушылар да болды, әлі күнге баршылық. Дегенмен, «Сын түзелмей, мін түзелмейді» емес пе? Кейде сапасына күмән келтірушілер бар. Рас, киімдерді арзан бәске тігу үшін соған сай маталарды таңдадық. Алайда, қазір кемшіліктерді түзетуге тырысып жатырмыз. Кәсіп өзімдікі болғаннан кейін барлығын өзім реттеймін. Мәселен, күн сайын таңғы сағат 4-те тұрып, вокзалдан ауыр сөмкелерді тасимын. Екі-үш қалада киімдерімді алатын дүкендер бар. Болашақта «брендке айналатындай санынан гөрі сапасы жоғары тауарлар шығарсам»  деген асқақ арманым бар.

– Сонда отандық өнімге нарықта сұраныс бар деп айта аласыз ғой…

– Бизнеспен айналысар сәтте алдымен, оның көзін таба білу керек. Мысалы, мен Түркиядан, Италиядан киім әкеліп сатсам, оған халықтың сұранысы болады деп айта алмаймын. Өйткені, ол жұртшылыққа таңсық емес. Сондықтан, қазақы нақыштағы киім-кешектерге тұтынушы міндетті түрде табылады деп нық сеніммен айта аламын. Тағы да  қайталап өтемін, егер отандық өнімнің бәсі «аспандамай» тұрса, халық оны алады.

– Сіздің қазақ мұнайының астанасы – Атырау өлкесінің, малды өңір Қызылқоға ауданының түлегі екенін білеміз. Оның үстіне, әкеңіз мықты журналист болғанынан да хабардармыз. Бір сәт балалық шаққа саяхат жасап көрсек…

– Менің әкем Жолдығали Бақытов – Қызылқоға өңірінің тумасы. Атырау облысына танымал ақын болған. Өкінішке орай, жаныма ең жақын адам, әкем кенеттен көз жұмды. Ол өмірден өткенде өзім қанатсыз қалған құстай едім, әлі күнге дейін қуанғанда да, мұңайғанда да әкемді іздеп отырамын. Оның жазып кеткен кітаптары, өлеңдері жаныма демеу болады. Әр уақыт оны қайталап оқып, мүмкіндігіне қарай әлеуметтік парақшама салып, жұртшылықпен бөлісіп отырамын. Әкем бар саналы ғұмырын журналистикаға арнады.

Еліміз тәуелсіздік алған 1991 жылдан бастап жарыққа шыққан республикалық қоғамдық «Атамекен» газетін басқарған еді. Кейін ол өмірден өткен кезде соншама жыл тарихы бар газетті жабу мен үшін қиын болды. Бірақ, қиналсам да, газетте мүлде қызмет етпесем де тырмысып, тырысып жүріп, сол басылымды әлі шығарып келемін. Кейін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бұйрығымен оның атауын «Адамзат және қоршаған орта» деп өзгертуге тура келді. Экологиялық бағытты ұстанатын басылым қазіргі күні оқырмандарымен қауышуда. Әрине, әлеуметтік желілердің рөлі артып, сайттардың рейтингі жоғарылап тұрған сәтте жастар газет оқымайды. Алайда, алдағы уақытта мерзімді баспасөзде өзекті тақырыптар көтеріп, мақалалар шығару да мақсаттарымның бірі.

– Әйел затының жаны нәзік болғанымен, қырық жанды ғой. Дегенмен, бүгінгі таңда қоғамда өзіндік орны бар қыз-келіншектер «бәріне де үлгерсем екен» деп армандайтыны бар. Сіз қалайша барлығына уақыт табасыз?

– «Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық, ерте тұрған еркектің ырысы артық» деп аталарымыз текке айтпаған ғой. Егер әйел адам бәрін үлгеремін десе, барлығына да уақыт табуға болады. Олар өмірге баланы әкеледі, кәсіпкерлікпен айналысады, отбасына да уақыт бөледі. Менің бір кемшілігім – аз ұйықтайтынымда шығар. Таңғы сағат 6-да тұрып, түнгі екіде жатамын. Анам үнемі балабақшаға барған кезімде балалардың бәрі ұйықтап жатқан кезде ояу отыратынымды айтатын. Әлі де солай. Енді өзімнің балаларымды сабаққа, балабақшаға апарамын, қалған уақытымда тігін цехына барамын, дизайндарды сызуға көмектесемін, одан қалса дүкендерге зат жіберемін, газеттің жұмысына да көңіл бөлу керек. Осынау қарбаластан шығып, балаларымды қосымшаларына да апарып жатамын. Біздің отбасымызда қалыптасқан дағды бар, яғни отағасы жұмыстан келген сәтте міндетті түрде кешкі ас дайын болуы керек. Егер жанұясында тыныштық орнап, уақытылы тамағы әзір, үйі жинаулы болса, ондай отбасының берекесі артады. Жаным тазалықты сүйеді, оны жолдасым да түсінеді. Ата-енем үйге келген кезде дәмді ас пісіріп, келген қонақтарыма қабақ шытпауым қажет. Жалпы, әрбір жан таңертең ұйқыдан оянған кезде алдына белгілі мақсат қойғаны абзал. Мені алға жетелейтін – арманым. Адал, таза еңбек еткен адам әрқашан мақсатына қол жеткізері сөзсіз.

– Қалай ойлайсыз, қазірде шағын және орта бизнесті өркендетуге не кедергі? «Өз кәсібімді ашамын. Бірақ, қалай бастарымды білмеймін» деушілерге қандай кеңес берер едіңіз?

– Қай уақытта да кәсіпкерлікті бастауға елімізде ешқандай кедергі жоқ десем, артық айтқандығым болмас. Кез келген істі бастаған кезде әділ, таза болуы қажет. Әсіресе, саудада да адал қызмет еткен жөн. Мәселен, алғаш кәсіп ашқан кезде сапалы деп сапасыз дүниені ұсыну, арзан затты қымбатқа сату секілді келеңсіз жағдайларға тап болғаным рас. Бизнесте қомақты қаражат болуы міндетті емес, бастысы тың идея қажет. Шағын кәсіпкерлік нысанын үлкен кәсіпорынға айналдыру – бәрі өз қолыңда.  Мен өз ісіме бірнеше миллион теңге қаржы жұмсадым деп айта алмаймын. Сенсеңіз, бір ғана еңбекақымен бастадым. Қаражатты үнемдеу мақсатында үйдегі артық жиһаздарды апардым, бутиктің ішін өзім жуып, тазаладым. Оған несіне намыстанамын? Бастапқы кездері небәрі бір-екі көйлек тігіп сатсақ, қазір олардың саны елу, жүзге жетті. Барлығына өзімнің тірнектеп жинаған қаражатым жұмсалды. Жолдасым не ата-анамнан ақша алған жоқпын. Олар ұсынса да мен бас тарттым. Бірақ, өмірлік серігім маған ұдайы бағыт-бағдар беріп отырды.  Тағы да қайталап айтайын, бизнес өкілі болуға мүмкіндік мол.

– Болашақтағы жоспарларыңызбен бөлісе кетсеңіз…

– Келешекте былай болады деп кесіп айту мүмкін емес. Бәрі бір Алланың қолында. Шынымды айтсам, телеарнада қызмет етіп жүргенімде, ешқашан бизнеспен айналысамын деп ойламаппын. Таңмен таласа тұрып, вокзал жақта тауар тасып жүремін деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірген емес. Енді осы бастаған ісімді аяғынан тік тұрғызып, әрі қарай дамытсам деймін. Көрермендерім әлі күнге дейін «эфирге қашан шығасыз?» деп сұрап жатады. Соның өзі маған кәдімгідей күш береді. Әрине, алға қойған мақсаттар жетерлік. Ол жаңалығыммен ең алғашқылардың бірі болып өзіміздің «Атыраумен» бөлісуге уәде беремін. Бала кезден жастана оқып өскен басылымымызға сұхбат беру – мен үшін үлкен мәртебе. «Газет оқырмандарының саны арта берсін» деп тілек білдіргім келеді.

– Әңгімеңізге бек рахмет.

Айбөпе Сабырова

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*