ЕРЛІККЕ – ТАҒЗЫМ

«Теңізшевройл» ЖШС ғимараты алдынан бастап орталық «Исатай-Махамбет» алаңына дейін жүріп өткен колоннаны әскери үрмелі оркестр бастап, «Wild West Wheels Brothers»  клубының  байкерлері Мемлекеттік Туды алып жүрді. Одан кейінгі қатарда 41433 әскери бөлім сержанттары атыраулық Кеңес Одағы Батырлары мен «Даңқ» орденінің толық иегерлерінің  фотоларын ұстап шықты. Шерушілер қатарын қан майдан боздақтарының портреттерін қолдарына алған тұрғындар толықтырды. Айта кетелік, мұндай акция елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Тағылымды шараға ұзын саны 500-дей атыраулық қатысты.

 – Бұл – екінші дүниежүзілік соғыс құрбандарына құрмет көрсету, боздақтардың ерліктерін жастардың санасында жаңғырту, осы арқылы өскелең ұрпақты елін сүюге тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылып отырған шара. Тұрғындардан жиналған соғыс құрбандарының фотосуреттері мен олар жөніндегі ақпарат өткен жылы Атырау мұнай және газ институтында ашылған Әскери даңқ музейіне тапсырылады, ол үшін орталық алаңда арнайы қабылдау пункттері ұйымдастырылды, – дейді Атырау  қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Жасұлан Бисембиев.

«Исатай – Махамбет» алаңына келіп жеткен акция қатысушылары сол бір сұрапыл соғыста ерен ерліктің үлгісін көрсеткен ерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.  Шара барысында  Атырау қаласы әкімінің орынбасары Гүлмира Шәкірова, Атырау қалалық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Әліпқали Бекеш, Ұлы Отан соғысы ардагері Александр Смыслов пен Кеңес Одағының Батыры Қайырғали Смағұловтың ұрпағы Мәрия Өтепқалиевалар сөз сөйлеп, акция қатысушыларына ризашылықтарын білдірді. Тұрғындар назарына көркемөнерпаздар дайындаған сахналық қойылым мен концерттік бағдарлама ұсынылды. 

Рита ЖАЙҒАЛИҚЫЗЫ.

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*