Ерлік даңқы: атыраулықтар Жеңіс шеруіне шықты (+ФОТОРЕПОРТАЖ)

Айбын Басты жаңалық Ел жаңалықтары Жаңалықтар

Аtr.kz/9 мамыр, 2019 жыл. Кезіндегі фашистік Германияның шабуылына тойтарыс беріп, Жеңіс туының желбірегеніне биыл 74 жыл.

Сұрапыл соғыс жылдары Отанын қасық қаны қалғанша қорғаған ардагерлер мен тыл еңбеккерлерін ұлық мерекемен құттықтауға Жеңіс саябағына халық көп жиналды. Қолдарына алқызыл гүлдерін ұстаған олар ардагерлерге құрмет көрсетіп, майданда қаза тапқан боздақтарды бір сəт үнсіздікпен еске алды.
      Батыр бабалардың рухына тағзым ету мақсатында ұйымдастырылған шараны облыс əкімі Нұрлан Ноғаев құттықтау сөзбен ашты.
“Қанша жыл өтсе де соғыстың сызы бойымыздан да, ойымыздан да кетпейді. Адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған сұрапыл соғысқа Атыраудан 73 мыңнан астам азамат аттанып, соның 25 мыңы ұрыс даласында мəңгі қалды. Тылда да атыраулықтар Жеңісті жақындату үшін аянбай еңбек етті. Буыны бекімеген, қабырғасы қатпаған балалар – əйелдер мен қарттармен тең аянбай еңбектеніп, Атырау облысынан жанар-жағар май, ауыл шаруашылығы өнімдерін (ет, сүт, т.б) эшелондармен жөнелтті.


      Ардақты ардагерлер! Біз Сіздердің ерліктеріңізді əрқашан есте сақтауға тиіспіз. Қаза болған аталарымыздың рухына тағзым етеміз! Өскелең ұрпақ Сіздердің ерліктеріңізге əрдайым бас иіп, Сіздерді үлгі тұта отырып, еліміздің дамуына өзіндік үлес қосады деген сенімдемін.
      Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев соғыс жəне тыл ардагерлеріне үнемі құрмет көрсетуді тапсырды.
    Ерліктеріңіз өшпейді. Бүгінгі күні ардагерлер еліміздің дамуына үлес қосып, əскери-патриоттық тəрбие беру жолында қызмет атқарып, қатарда келеді. Біз Сіздерге əрдайым дендеріңіздің саулығын, қатарларыңыздың сиремеуін, ұрпағыңыздың бақытын тілейміз!” деген Нұрлан Асқарұлы “Мəңгілік алау” мемориалына гүл тізбегін қойды.
     Бұдан кейін соғыс жəне тыл ардагерлері, өңірдегі əскери, қорғаныс жəне полиция өкілдері, еңбек ұжымдары гүл шоқтарын қою рəсімін жалғастырды.
    Бұл күні əрбір атыраулық майданда қаза тапқан атасы мен əкесін, ағасы мен інісін, “Бəрі де майдан үшін, бəрі де Жеңіс үшін!” ұранымен тылда еңбек еткен ақ жаулықты аналарымыздың ерлігін еске алды.
     Шара барысында саябақтың əр бұрышында майдан даласынан көріністер сахналанды. Ал, өңірдің əскерилері жауынгер ботқасын дайындап, сол арқылы майдангер өмірінің бір көрінісін суреттеуге тырысты.
    Атырау облысының әкімі Нұрлан Асқарұлы да жауынгерлік шатырға бас сұғып, Жеңісті жақындатқан ардагерлермен бірге жауынгер ботқасынан дəм татты. Бүгінгі күні қатары сиреп қалған ардагерлер де соғыс жылдарындағы естеліктерімен бөлісті.
     Сондай-ақ, Жеңіс саябағында соғыс жылдарының патриоттық əндері шырқалды. Əсіресе, “Əлия”, “Катюша”, “Көгілдір орамал” əндеріне көрермендер қосыла əндетіп, шараны ерекше көңіл-күйге бөледі.
    Осынша ықылас пен көңілге риза болған ардагерлер ақ баталарын жаудырды.

Фото – Ерлан АЛТЫБАЕВ

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *