ЕРЛІГІМЕН ЕЛГЕ МӘЛІМ ТЕМІРЖАН

 

Ол кездергі ұрпақты өмірдің өзі ерте есейткен ғой, Теміржан да 13 жасынан еңбекке араласады. Сөйтіп, 1938-1943 жылдар аралығында Зорматадағы «Первомай» ұжымшарында қыста бақташы, жазда балықшы болып еңбек етеді. 1943 жылы Дыңғызыл ауылдық кеңесінен әскерге алынып, бірінші Прибалтика майданының 37-ші атқыштар  полкінің 12-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы құрамында фашист басқыншыларымен шайқасады.

Өткір де өжет, бір өзінде екі жігіттің күш-қайраты бар Теміржан Ғайсаұлы өзіне тапсырылған жауынгерлік жүктемелерді қалтқысыз орындайды. Орыс тіліне де жетік оны сержант шенінде бөлімше командирі етіп тағайындап, құрамамен шайқастан бөлек жеке тапсырмалар беріп жұмсай бастайды.

Көзі тірісінде айтқан мына бір әңгімесі  есте қалған. «Жаудың тәсі қайтып, жеңілістерге ұшырап, басып алған жерлерінен кері шегіне бастаған кезі. Қала, деревняларды өртеп, қиратып, адамдарын атып, асып, бүлдіріп бара жатты. Кезекті деревняға жау көп күшін шоғырландырып, бірнеше шабуылымыз сәтсіз аяқталды. Батальон командирі, подполковник Евгений Колпаков оны штабқа шұғыл шақыртады. Бүгін түнде бірнеше ержүрек жігіттерді алып, жаудың қару-жарақ қоймасын барынша талқандап, оңтайы келіп жатса «тіл» ала қайтуды бұйырды. Қолыма қойма орналасқан жердің картасын берді. Түн қараңғылығын жамылып жолға шықтық. Жау жақ та өте сақ, ақ құйрық ракеталар оқтын-оқтын төңіректі түгел жарыққа бөлейді. Бұл біз үшін өте қауіпті. Белгіленген межеге таяу қалдық. Алдымен снайпер бергі күзетшілерді қағып түсірді. Бір унтер офицерді олжалап, аузына шүберек тығып, қол-аяғын матап, байлап, оны қауіпсіз алысырақ жерге апарып қайтты жігіттер. Қойманы күзетушілерден тазалау кезінде бірінің бақырған дауысынан сезіліп қалдық. Жау жақ дабыл қағып, естерін жиып үлгергенше біз қоймаға жапатармағай бірнеше гранаталарды лақтырып үлгердік. Жанар-жағар май, қару-жарақ қоймалары жарылып, аспанға жалын шапшығанша біз де орман шетіне таядық. Есін жиған жау біз кеткен тұсты енді сезіп, екілене атқылап жатты. Бірқатарымыз жараландық та. Ұстаған немісімізді иыққа кезек-кезек салақтата арқалап штабқа жеттік. Араға күн салып біздің құрама шұғыл шабуылға шығып, деревняны жаудан толық тазарттық.  Сол үшін менің бөлімшем де марапат-мадаққа ілікті. Ал, мені батальон командирі сап алдында үлгі етіп айтып, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалін кеудеме ілді,-деген еді Теміржан аға.

Мұндай өз өмірін қатерге тіккен сәттердің талайын бастан кешірген майдангер Теміржан Ғайсаұлы «әрі-беріден соң соғыс та күнделікті тірлігіңе айналып, етің өліп кетеді» деп еді бірінде. Окоптан уралап алға ұмтылып, бөлімшесін кезекті шабуылға бастаған бір сәтінде сол аяғынан ауыр жараланып, әскери госпитальде ұзағырақ емделеді. 1945 жылдың 25 қазанында ғана протезі сықырлап, қос балдақпен елге оралады.

Шинелін иығынан түсірместен бірден-ақ соғыс ауыртпалығы тұралатқан қиранды шаруаны қалпына келтіруге кіріскеннің бірі – осы Теміржан аға. Оған мына мәліметтерді алға тартсақ та жеткілікті шығар деп ойладық. 1945-1948 жылдары Зорматадағы «Первомай» ұжымшарында, алдымен, жылқы фермасында бақташы болса, кейіннен меңгерушілікке жоғарылайды. 1948-1951 жылдары Оралдағы мемлекеттік колхоздың жетекші мамандарын дайындайтын оқуға барып түсіп, оны техник ұйымдастырушы мамандығы бойынша бітіріп шығады. Ал, 1951-1953 жылдары Жыландыдағы Чапаев ұжымшарының ферма меңгерушісі болса, 1954-1955 жылдары кері Зорматасына келіп, «Еңбекші таң» ұжымшарында мәдениет ісі мамандығын тізгіндейді. 1955-1958 жылдары Жыландыдағы Чапаев ұжымшарының сүт-тауарлы және жылқы фермасын үлкен абыроймен басқарып, алға оздырады. 1958-1962 жылдары осы ұжымшардың құрылыс бригадасына жетекшілік етіп, тұрғын үйлер мен халыққа қызмет көрсету нысандарын, фермалар орталықтарын салғызады. Ал, 1962-1968 жылдары Киров жұмысшылар кооперациясына қарасты әмбебап дүкеннің меңгерушісі болып жұмыс жасаса, 1968-1976 жылдары Құрманғазы кеңшарының коменданты, «Көптоғай» кеңшарының экспедиторы қызметтерінде мігірсіз тірлік кешеді. 1979 жылы отбасымен Нұржау елді мекеніне көшіп келгенін көз көрді. Көпшілік сықыр-сықыр еткен протезінен ғана оның мүгедектігін сезетін.

Бір жылдай егіс бригадасын басқарып, сары қауын, көк теңбіл қарбыздың нешеме көкесін көрсетіп, бұл жұмысты ары қарай жастарға табыстады. Ағаштан, терезе, есік жасайтын цехта белгілі құрылыс шебері Рахим Мәдібаев екеуі жастарға тәлімгерлік  көрсетті. Алты метрлік ауыр тақтайларды зырылдаған станоктан Сәбит Қауметов екеуі өткізіп жататыны көз алдымда. Қысқасы Теміржан аға –аяғын жау оғы майып қылса да елі, туған жері үшін өле-өлгенше жұмыс жасап, қандай қиындыққа да берілмеген, мүгедектігін мойындамай «бала-шағамды» ақ адал еңбегіммен асырап, қатарға қоссам деген арманына  жетіп тынған өте қайсар жүрек қазақ азаматы.

Соғыстағы ерлігі «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен, «Бірінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы» орденімен, жеңістің әр кезеңде берілген барлық медальдарымен түп-түгел ұлығыланған. Ал, ферма басқарғандағы, құрылыс салғызғандағы, ауыл мәдениетін көтергендегі, дүкен меңгергендегі, егін салғызғандағы жанқиярлық еңбектерінің куәсіндей, артында бір шабадан грамота, Алғыс хаттар, бағалы сыйлықтар, жеңімпаздық төсбелгілер, чемпиондық ленталар, «Еңбек ардагері» медалі, т.б. қалыпты. Ғайсаның Теміржанын, мұндай дауылды өмір иесін қос майданның батыры демей не дер едік, ардақты ағайын!

Таңатар Дәрелұлы,

Қазақстан Жазушылар

Одағының мүшесі.

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*