Ерлан Күмісқалиев, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы: «Барлық бала бақыт үшін жаралған…»

Кумискалиев сіздер өскелең

Үлкен абыройлы атаққа ие болдыңыз, құтты болсын! Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі ерекше назар аударып, арнайы қабылдаған сапардан қандай әсермен оралдыңыз?

– Шыны керек, мені жобаға кім ұсынды, қалай қатыстым, ол жағынан әлі күнге дейін хабарсызбын. Бірақ, Президент қабылдауынан энергиямен оралғанымды мойындаймын. Әсіресе, жастардың ойлы әңгімелерін тыңдап, сөзбен жеткізе алмайтын ырза көңілмен оралдым. Себебі, қазақтың қайсар мінезді, жалынды жастарын көріп, еліміздің болашағы зор екендігіне көзім жетті. Иә, қоғамда жақсылық, қайырымдылық жоғалмаған екен. Мені шабыттандырған жайт та осы болды.

Бір таңқалғаным, жүздікке енгендердің барлығы бірдей болмағанымен, біразы біздің жұмысымыздан хабардар екен. «Сіз Ерлансыз ғой!» деп, ерекше ілтипат танытып жатқанда, кеудемді сондай керемет қуаныш сезімі кернеді.

Мысалға, сол жүздікке он бес жасында енген таэквондодан әлем чемпионы да бар. Керемет пе, керемет! Яғни, «жасаймын, жетемін» деген кісіге елімізде барлық жағдай бар. Тек мүмкіндікті пайдалана білу керек.

Бізбен емен-жарқын сұхбат құрған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көп мәселені қозғады. Соның ішінде, өзіме ерекше сабақ болған мына сөзін атап өткім келеді. «Өкінішке қарай, біздің Қазақстанда бай адамды көре алмайды. Ол екінші көлік алып жатады. Зәулім үй тұрғызып жатады. Сол кезде оның артынан түрлі сөз ереді. «Мен де осылай істей аламын» деп, ешкім алға ұмтылмайды. Керісінше, уақытын бос сөзге арнайды» деген рәуіште айтылған Елбасының өмірдің мәні туралы қарапайым сөздері кәдімгідей әсер қалдырды. Жаңа есімдердің жүздігіне ену – мен үшін үлкен жауапкершілік. Енді осы атаққа лайық болу үшін жұмысымды одан әрі жетілдіретін боламын.

– Қазір қанша балаңыз бар? Осыдан екі жыл бұрын «менің 140 балам бар» деп сұхбат бергеніңіз есте…

– Қазір балаларымның саны үш жүзден асып жатыр. Бұл үш жүз баланың барлығы бірдей бізге келеді деген сөз емес. Әр отбасы өз қажеттілігіне қарай көмек алуда. Мәселен, біреулерге материалдық тұрғыда, енді біреулерге азық-түлік, дәрі-дәрмек түрінде көмек көрсетілсе, балалардың көпшілігі оңалту қызметін алуда.

Балалармен бірге, олардың аналарымен де жұмыс істейміз. Яғни, аналардың кәсіппен айналысуына жағдай жасалуда. Атырауда көптеген сұлулық салондары бар. Сол орталықтарға хабарласып, аналарымызды оқытудан өткізуді сұраймын. Шүкір, осы күнге дейін меселімізді қайтарып көрген емес. Аналарымыздың көпшілігі бүгінде бет әрлеуші, тырнақ бояушы, шаш сәндеуші шебері атанып, тәп-тәуір пайдасын тауып отыр.

– Сіздің бұрын-соңды елімізде болмаған жоба – бас миы зақымдалған балалар үшін арнайы қалашық салып жатқаныңыздан хабардармыз. Қалашықтың басты мақсаты, ерекшелігі неде?

– Соңғы бес жылдан бері ерекше балалармен жұмыс істеп келемін. Осы уақыттың ішінде тұтас әлемді өзгертіп жібердім дей алмаймын. Бастысы, маған нәресте кезінде келген балаларым қазір өсіп жатыр. Арасында қатарға қосылып, балабақша, мектепке барып жүргендер де бар. Қазір менің сауығып кеткен ең үлкен балам төртінші сыныпта оқиды. Көзді ашып-жұмғанша олар енді 18-19-ға да келеді. Демек, осы мерзім ішінде балаларға айналысатын іс тауып беруіміз керек.

Басты мақсатым – ерекше балалар үшін шағын қалашық ашу және оның жұмысын нәтижелі етіп жүргізу. Қалашық үшін әкімдік жер бөлді. Белгілі бір деңгейде жұмыс та басталды. Қазір инвестор тартумен  айналысудамыз. Қалашықта балалардың емі үшін барлық қажетті жағдай жасалады. Яғни, әр шаршы метр мақсатты пайдаланылады. Нәресте өмірге келгенде, оны бағып-қағуға ата-анасы, ата-әжесі атсалысады ғой. Сол сияқты, бұл жоба да өмірге келетін нәресте іспеттес. Қазір бізде электр желісін жүргізу үшін трансформаторлар алу мәселесі өткір тұр. Оның бағасы 1 миллион 150 мың теңге тұрады. Сапалы өмірден тыс қалып жатқан балаларға көмектескісі келген ақжүректі адамдар хабарласса екен деймін.

Трансформатор мәселесі шешілсе, қалған шаруаларды «Атырау-Жарық» өз мойнына алмақшы. Біздің қалашықтың тұрғындарының басты жауы – уақыт. Себебі, уақыт өткен сайын бас миынан зақым алған балаларды сауықтыру қиынға түседі…

– Сіз енді итпен бірге, жылқылар терапиясын да іске қосып жатырсыз…

– Оныңыз рас. Бізде қазір сегіз жылқы бар. Оның екеуі ипотерапевт ретінде жұмыс істейтін болады. Ал, алты жылқыны орталықтың шығындарын өтеуге пайдаланамыз. Яғни, арнайы жылқы орталығы болады. Осы жерде бізге жануарларды Башқұртстанның жылқы зауытынан  өз қаржысына алып берген Марат Шырдабаев ағамызға алғыс айтқым келеді. Бойы 137 сантиметр жылқылар балаларға ыңғайлы.

Жоспарымыз ойдағыдай орындалса, орталық жұмысын алдағы жылдың көктемінде бастайды. Ипотерапия медицинаның саласы ретінде мойындалған әлемде бірден-бір мемлекет бар. Ол – Грузия. Бізге мамандар Грузиядан келеді.

Оған қосымша үш «дәрігер итіміз» бар. Балаларымыздың топырақ ұстап, гүл, көкөніс өсіруге қатысқанын да қалаймыз. Орталықта біздің балаларымыз тұрса дейміз. Кішкене үйшіктер тұрғызып, әрқайсысына төрт баладан жатқызғымыз келеді. Аналар кезекшілікке тұрып, әрқайсысы бір тәулігін балалардың жанында өткізсе, қалған үш тәулікте олардың өз жұмыстарымен айналысуға мүмкіндіктері бар. Біз бұл уақытта балаларды дамытумен айналысатын боламыз. Тіпті, тауық, ешкі сатып алуымыз да мүмкін. Бастысы, біздің балаларымыз қоғамда бақытты өмір сүруі тиіс. Менің басты мақсатым да – осы.

 

Сұхбаттасқан: Баян Жанұзақова.

 

Барлығымыз мақтан тұтатын Салтанат атты анамыз бар. Оның ерік-жігері, энергиясы, өмірге деген құштарлығы көпке үлгі. Барлық аналар одан үлгі алса екен деймін. Себебі, ол қиындықтарға қасқая қарсы тұрып, өмірден дұрыс бағытын тапқан жан. Салтанат ешкімге алақан жаймайды. Бұған дейін үйден шыға алмай отырған ол баласына күтуші жалдап, өзі курстардан өтті.  Қазір алты жерде жұмыс істейді. Ауру формасы жағынан ең күрделі бала да Салтанатта. Баланың болашағына деген ең үлкен сенім де сол Салтанатта. Яғни, аналарымыз өзінің ойын өзгерту арқылы өмірін өзгертуді үйренсе деген тілек бар.

 

Біздің аналарымыз ауырып қалудан, өмірден өтіп кетуден қорқады. Себебі, олар балаларының өздерінен басқаға керек емес екендігін жақсы біледі. Әкелері бас тартқан баладан туыстарының да теріс айналатыны белгілі. Күндердің күнінде балалар жалғыз қалатын сәт туғанда, алдағы күндері қалай болмақ? Міне, біздің аналарымыз осындай қорқынышпен өмір сүруде. Сондықтан, қоғамның ерекше балаларымызға және олардың аналарына деген көзқарасы өзгерсе екен деймін.

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*