Ерлан Айтмұхамбет: «Мақсатымыз – баланы суицидтен қорғау»

«Мақсатымыз – баланы

– Жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу бағытында нендей жұмыстар атқарылып жатыр?

– Бір жылда 300 жасөспірім. Бұл 1991-2012 жылдар аралығында өз-өзіне қол салған жасөспірімдердің жылға шаққандағы көрсеткіші. Бір сыныпта орта есеппен 25 бала оқиды деп есепке алсақ, онда шамамен 12 оқушы бір жылдың ішінде өз өмірімен қош айтысып отырған. Бұл өте үлкен трагедия.

Суицидке байланысты оқиғалар әке-шеше, жақын туыстар үшін де ұзақ уақытқа созылатын қасірет. Болған оқиғаға өзін кінәлі санап, үлкендердің де өмірімен қош айтысуы жоғарыда аталған аралықта айтарлықтай көбейіп кетті.

Осыдан алты жыл бұрын еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі ЮНИСЕФ қорымен біріге отырып, суицид деңгейі жоғары бес облыста зерттеулер жүргізді. Зерттеу жұмыстары Ақмола, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай облыстарын қамтыды. Нәтижесінде суицидке барған балалардың 90%-ның өмірімен қоштасар алдында депрессия жағдайында болатыны анықталды.

Тіпті, кейбір жағдайда жасөспірімдер арасында қайғылы оқиға болардан бір айдай бұрын емхана дәрігеріне барып, шағымданғандары да кездескен. Өкініштісі, емхана дәрігерлері психикалық саулық мәселесімен айналыспайтындықтан, олар дертті анықтап, балаға көмек бере алмаған. Сарапшылар жүргізген зерттеулер кез келген адамның суицидке кемінде екі аптадан екі айға дейінгі уақытта «дайындалатындығын» көрсетіп отыр.

– Сіз айтып отырған «дайындық аралығында» балаларды құтқарып қалуға бола ма?

– Егер осы аралықта мектеп, емхана, ата-ана баланың суицидалды ойының бар екенін байқаса, онда дер кезінде көмек көрсетуге болады. Осылайша, жасөспірімдер суицидінің алдын алуға бағытталған әлемдегі ең озық стратегиялар зерттеле бастады. Зерттеу қортындылары мен жасөспірімдер суицидінің алдын алу жобасы 2014 жылы Парламентке, Үкіметке және жергілікті басқару органдарының басшыларына ұсынылды. Араға бір жыл салып, Денсаулық сақтау министрі, Білім және ғылым министрлігі және Ішкі істер министрінің біріккен бұйрығымен аталмыш Жоба жасөспірімдердің өз-өзіне қол салудың алдын алатын ұлттық стратегия ретінде өңірлерге енгізе бастады. Қазіргі кезде жоба дамытылып, бағдарламаға айналды.

– Бағдарлама туралы және оны қолданысқа енгізудің маңызын ашып көрсететін нақты картинамен бөліссеңіз?

– Басты мақсат – жан күйзелісінде жүрген балаларды ертерек анықтау. Оның өзіндік әдістері де бар. Бұл әдіс ең алдымен, мектеп психологтарына, мұғалімдерге, ата-аналарға үйретіледі. Яғни, «баланың мінез-құлқының өзгергенін байқаған жағдайда, не істеу керек және кімнен көмек сұрау қажет» деген мәселелер бойынша ақпараттандырылады.

Аталған санаттағы балалар анықталғаннан кейін, бағдарламаның екінші компоненті басталады. Бұл кезеңде балаларға психологиялық, медициналық және тағы басқа да көмек түрлерін көрсету ұйымдастырылады. Қателік сол, біздің қоғамда жасөспірімдер арасындағы суицидке мектеп психологтарын кінәлау психологиясы басым. Сөйттік те, мектеп психологтарын осынау күрделі мәселемен оңаша қалдырып келдік. Зерттеу нәтижелері мектеп психологы жан күйзелісінде жүрген баланы  анықтағанымен, олардың өз дертінен айығып кетуіне көмек бере алмайтынын көрсетті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сараптауынша, суицид ең алдымен – медициналық мәселе. Мұндай балалармен психологпен бірге, психикалық саулық  мамандары да жұмыс істеуі керек. Бірақ, психикалық саулық дәрігеріне бармауға тырысу, әсіресе, біздің халқымызға тән құбылыс. Өйткені, бұл қоғамда «ұят»  деп есептелінеді. Шын мәнінде адамның көңіл-күйінің саулығы, яғни психикалық саулығының жоғары болуы оның денінің сау болуына тікелей әсер етеді.

Осыдан үш ай бұрын 15 жастағы бір бала өз-өзіне қол жұмсады. Бұл Атырау облысында болмағанымен, еліміздің басқа өңірінде тіркелген жағдай. Суицидке барар алдында оқушы тынысының тарылып, демала алмай жүргенін айтқан. Ата-анасы оны дәрігерге де апарған. Алайда, дәрігер баланың «дені сау» деп тапқан. Сөйтсе, бала асылу жолымен суицид жасауға дайындалып жүрген екен. Ол туралы қайта-қайта ойлай бергендіктен, баланың тыныс алуы өздігінен қиындай түскен. Яғни, адамның психикасы оның соматикасына тікелей әсер етіп отыр. Егер дәрігер баланың көңіл-күйіне назар аударып, оның психикалық саулығын бағалай алғанда, мүмкін жағдай басқалай өрбіген болар ма еді?

Сондықтан да, дамыған елдердің тәжірибесінде, емханада отырған жалпы тәжірибе дәрігері өзінің алдына келген адамның ең алдымен психикалық саулығын бағалап, оған көмек беруге дағдыланған. Қажет болған кезде психиатрия мамандарымен біріге отырып емдеу жұмыстарын жүргізе алады. Бағдарлама көлемінде осындай әлемдік стандарттарға жету үшін дәрігерлерді оқыту жұмыстары жүргізіледі.

Бағдарламаның үшінші компоненті – жасөспірімдердің психикалық саулық туралы сауаттылығын арттыру. Біз ең алдымен жасөспірімге өзінің көңіл-күйін өзі бағалай алуын үйретеміз. «Стресс, күйзеліс, депрессия дегеніміз не? Оны өзінен және қасыңдағы досыңның бойынан қалай анықтау керек?» деген мәселелер арқылы, өз-өзіне қол салудың өмірлік тығырықтан шығатын жол емес екендігі түсіндіріледі. Оны үйрететін мектеп психологы.  Бұл да қиналып жүрген баланы ерте анықтауға мүмкіндік береді.

– Сұхбатымызды қорытындыласақ…

– Бағдарлама енгізілгелі бері, бір ғана Атырау облысында көптеген бала мектеп, колледж психологтарына өздері келіп, көмек алды. Қаншама бала өздерінің достарын психологқа жетектеп әкеліп, көмек көрсетуін сұраған. Яғни, тығырықта жүрген балаларды көбірек анықтап, оларға көмек көрсетуге мүмкіндік болды.

Атырау облысы бұл бағдарламаны енгізе бастаған алғашқы өңірлердің бірі. Ең алдымен, бағдарлама пилоттық түрде Қызылорда облысына 2015 жылы енгізілді. Нәтижесінде жасөспірімдер суициді екі жылда 50%-ға, ал, суицидке талпыныс 78%-ға төмендеді.

Баян Жанұзақова

  • BilimFoundation  қоғамдық қоры БҰҰ-ның ЮНИСЕФ қоры, Дүниежүзілік жастар қоры (Yours Foundation), құрамында 150 мың психолог пен психотерапевтер жұмыс істейтін Американдық психологиялық ассоциациясы (АПА), Бүкіләлемдік психиатриялық ассоциациясы және тағы басқа да ұйымдармен әріптестік байланыс орнатқан;
  • Қазіргі кезде қордың құрамында психология және медицина, жасөспірімдер тәрбиесі саласы бойынша ғалымдар бар;
  • Қор мамандарының жүргізетін психологиялық коррекциялық жұмыстары бейнетаспаға түсірілуде. Жақын арада ол материалдар ресми сайтқа жүктеле бастайды;

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*