ЕР ҚАЗАСЫ – ЕЛ АЗАСЫ

Қаралы митингіні облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов ашты.

 – Халқымыздың ардақты азаматы, – деді аймақ басшысы, – атақты мұнайшы, мемлекет және қоғам қайраткері, тұғырлы тұлға Нұрлан Өтепұлы Балғымбаевты соңғы сапарға шығарып салғалы тұрмыз. Ол 1947 жылы Атырау жерінде дүниеге келді. Содан 1973 жылы жоғары оқу орнын бітіріп, тау-кен инженері мамандығын алды. Маңғыстау өңірінде 1992 жылға дейін бұрғышының көмекшісінен бастап, түрлі лауазымды қызметтерді атқарды. Осы жылдан бастап Атырау облысында Аққыстау өндірістік қызмет көрсету базасында,  «Ембімұнайгаз», «Ақтөбемұнайгаз» бірлестіктерінің бас инженері, одақтық мұнай-газ министрлігінің бас басқармасында беделді қызмет атқарды.

Еліміз тәуелсіздік алған жылдары Америкаға оқуға барып, мұнай-газ менеджменті бойынша тәжірибе жинады. Қазақстан азаттық алған жылдардан бері Елбасымыздың жанынан табылып, Мұнай және газ өнеркәсібінің министрі, «Қазақойл» ұлттық мұнай компаниясының президенті, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі болды, бірқатар бірлескен консорциумдарға жетекшілік жасады. Қарапайым мұнайшыдан Үкімет басшысына дейінгі қызметтерді қажымай, талмай, ел үшін ерінбей еңбек етті. Қайда жүрсе де парасатты, принципшіл басшы ретінде қайталанбас қолтаңбасын қалдырды. Табиғатынан жаратылысы ерек, болмысы бөлек ер тұлғалы жан болды.

Қазаның қайырын берсін, иманы жолдас болғай!

Үкімет делегациясын бастап келген Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Кәрім Мәсімов жиналғандарға Елбасының көңіл айту жеделхатын оқып берді. Оның мәтіні төмендегідей өріледі.

«Нұрлан Өтепұлы Балғымбаевтың отбасы мен жақын-туыстарына.

Ұзаққа созылған ауыр науқастан кейін көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, еліміздегі мұнай-газ саласының білікті маманы Нұрлан Өтепұлы Балғымбаевтың дүние салғанын естіп отырмын. Ауыр қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамын.

Нұрлан Өтепұлы өзінің бар білімі мен тәжірибесін еліміздің өсіп-өркендеуіне, халқымыздың кемелденуіне арнаған үлкен тұлға еді.  Ол еңбек жолын мұнай саласында қарапайым жұмысшы болып бастады. Ұдайы оқып, іздену мен зор ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында талай басшылық қызмет баспалдақтарынан өтті. Қазақстан Республикасының Премьер-министрі лауазымына дейін көтерілді. Және ол міндетті де үлкен жауапкершілікпен әрі зор абыроймен атқарды.

Өз Отаны мен халқын қалтқысыз сүйіп өткен Нұрлан Өтепұлы Балғымбаевтың болмысына қарапайымдылық пен зиялылық, нағыз бекзаттық тән еді. Халқымыз оның есімі мен еңбегін ұмытпайды.  Әрдайым қастерлейді деп ойлаймын. Марқұмның топырағы торқа, жаны жәннатта болсын. Әулетінің алдағы күндеріне тек амандық пен жақсылықтар тілеймін.  Нұрсұлтан Назарбаев».

– Елбасы атап өткендей, – деді одан әрі Үкімет басшысы, – Нұрлан Өтепұлының тәуелсіз еліміздің дамуына қосқан үлесі мен ел алдындағы еңбегі баршамызға белгілі. Өмірінің соңғы сәттеріне дейін бізге ағалық ақыл-кеңесін беріп жүрді, бай тәжірибесімен бөлісіп отырды. Нұрлан Өтепұлының өмір жолы бәрімізге үлгі. Сондықтан, бүгінгі ауыр қайғы жанымызға ерекше батады. Мен өзімнің және Үкімет атынан марқұмның отбасына, туған-туысқандарына қайғырып көңіл айтамын. Нұрлан Өтепұлының жарқын бейнесі халқының жүрегінде әрдайым сақталады. Топырағыңыз торқа, жаныңыз жәннатта болсын, асыл аға.

Қоштасу рәсіміне, сондай-ақ, бизнесмендер Тимур Құлыбаев, Александр Машкевич, Патох Шодиев, Нұржан Субханбердин, Зейнолла Кәкімжанов, ҚР энергетика министрі Владимир Школьник, оның орынбасары Ұзақбай Қарабалин, «ҚазТрансОйлдың» бас директоры Қайыргелді Қабылдин, «ҚазМұнайГаз» басшысы Сауат Мыңбаев, «Теңізшевройл» ЖШС-нің бас директоры Тим Миллер, сенатор Ләззат Қиынов, Мәжіліс депутаты Ахмед Мурадов, саясаткер Жармахан Тұяқбай, Төлеген Мұхамеджанов, Ораз Жандосов және тағы басқалар келді.

Аймақ басшысы айтқандай, Нұрлан Өтепұлын жақсы білетін, онымен етене араласқан, бірге қызмет істеген жандар үшін бұл қаза – ауыр соққы. Соған орай республиканың әр түкпірінен көңіл айтқан жедел хаттар легі ағылыпты. Солардың ішінде Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев, Мәжіліс төрағасы Хабиболла Жақыпов, Үкімет басшысының орынбасары Дариға Назарбаева, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов, Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов, Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова, Астана мен Алматы қалаларының, Ақтөбе, Қызылорда және Қостанай облыстарының әкімдері Әділбек Жақсыбеков, Бауыржан Байбек, Бердібек Сапарбаев, Қырымбек Көшербаев пен Архимед Мұхамбетов бар.

Кезінде Нұрлан Өтепұлымен қоян-қолтық қызмет істеген, оны іні ретінде бауырына тартқан ел ағалары да марқұммен қоштасуға келді. Солардың атынан партия және қоғам қайраткері  Есен Тасқынбаев  сөз алды.

– Атырау өңірінің халқы, – деді қадірменді қарт, – қаралы қайғыға тап болды. Қайталанбас біртуар тұлға, мемлекетіміздің көрнекті қайраткері Нұрлан Өтепұлы арамыздан о дүниеге өтіп жатыр. Оның өмірі көз алдымызда өтті. Құлсарыда Балғымбай мен Тасқынбай деген қарттар қатар ғұмыр кешті. Мен 1954 жылы Мәскеуден оқу бітіріп келгенімде Нұрлан жеті-ақ жаста еді. Оның әкесі Өтеп аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы. Мен жас коммунист ретінде партбилетті осы Өтекеңнің қолынан алдым. Сол асыл азамат 49 жасында өмірден өтті. Бәкең жеңгеміз буыны қатпаған  төрт баламен қалды. Бар қиындықты жеңіп, бәрін азамат етіп өсірді. Осы Нұрланның Үкімет басшысы болғанын көріп, шүкіршілік етіп өмірден өтті. Оның анасы да қайсар жан еді. Сол қасиеті ұлы Нұрланға да дарыпты. Енді ініміздің мемлекеттік тұлға ретінде Алматыда немесе Астанада жерленбей, шешесінің жанына жатуы – анасына деген перзенттік парызы.

Қаралы митингіні жүргізген облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің айтуынша, Балғымбаевтар әулеті – қазақ мұнайының тарихына жазылған алтын шежіре. Осы орайда, Нұрлан Өтепұлының әріптесі, белгілі мұнайшы  Махамбет Батырбаев сөз арнады.

– Мен Нұрлан Өтепұлымен 30 жыл шамасында бірге еңбек еттім, – деді байырғы  мұнайшы, – оның тың бастамасы үнемі ел үшін арналған еді ғой. Қазақстан экономикасының күретамыры – мұнай мен газ. Үлкен кен орындарының ашылуы арқылы еліміздің экономикасы артып келеді. Осы орайда, еліміздің мұнай мен газ саласының дамуына Нұрлан Өтепұлының қосқан үлесі зор.

1990 жылдары мұнайдың бағасы күрт түсіп, жаңа кен орындарын іске қосу қиын болды. Сол мезгілде қабылданған жаңа бағдарламаның орындалысын Нұрлан Өтепұлы өзі бақылап, басшылық жасады.

Одан әрі ол Нұрлан Өтепұлының Кенбай кен орны, Маңғыстаудағы кеніштерді игеруде сіңірген еңбегін еске алды.

– Кенбай кен орнының орны бөлек. Өйткені, Қызылқоға ауданы Атырау облысындағы шалғай аудан саналады. Сол кезде бұл жердің халқының да әлеуметтік жағдайы төмен болатын. Сондықтан, «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасын  құруға қажеттілік бар екендігін ескерген Нұрлан Өтепұлы өзі телеграмма жазып, бұл жобаның болашағы зор екеніне сенім білдірді. Сол кезде 50 мың тонна мұнай беріп тұрған «Жоламанов» кен орнынан қазір 500 мың тонна «қара алтын» шығуда. Міне, қандай көрегенділік! Аз ғана уақыттың ішінде өнім он есе көбейді, – деді мұнайшы өткен күндерді еске алып.

Қаралы жиында басқа да ағайын-туыстар, құда-жекжаттар атынан құдасы Жармахан Тұяқбай сөз сөйлеп, Нұрлан Өтепұлының асыл қасиеттерін, өнегелі өмірін айтып, еске алды. Ағайын-туыстарға қайғырып, көңіл айтты.

…Сонымен, ер қазасы – ел азасы. Қазақ елі өзінің лайықты ұлын ақырғы сапарға шығарып салды. Нұрлан Балғымбаев әулет қорымы, ел ішінде «Орбита» деп аталатын қорымға жерленді.

 

Меңдібай ЕЛЕМЕСҰЛЫ.

Суреттерді түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*