Енді Құсайын Өтешқалиевтің де атында көше бар

Кудряшов ауылдық округі тұрғындарының біраз жылдардан бергі өтініші ақыры орындалып тынды. Ұлы Отан соғысынан екі аяғы қара саннан кесіліп, самаурын болып оралған Әбу Сәрсенбаев атамыз өз кітабына «Жұлдызсыз батыр» деген атаумен бүтіндей тарау арнаған Құсайын Өтешқалиев кеудесіне «Алтын жұлдыз» тақпағаны болмаса, шынымен де батыр еді.

кусаин (1)

Қаруласы абыз Әбудің жазуына қарағанда, барлаушы болып небір көзсіз ерліктер жасапты жорық жолдарында. «Бірінші дәрежелі Отан соғысы» орденінің, «Ерлігі үшін» т.б. жиырмалаған жауынгерлік медаль иегері. Кезінде маршал Малиновскийдің, КСРО қорғаныс министрі Гречконың, қаһарман қолбасшы Жуковтың, т.б. есімдері тарихта қалған тұлғалардың грамоталарын иеленген. Осындай майдангер батыр, марқұм Құсайын Өтешқалиевке өзі соғыстан келген соң 40 жыл қоныстанған Кудряшов ауылдық округінен бір көше бұйырды ақыры.

Оған арналған салтанатты Раушан Тастемірқызы есімді өнерпаз келістіре жүргізді. Батыр рухын жалын жырға орады. Осы бір іске барын сала кіріскен ауыл әкімі Сақтапберген Ертілеуовтен айналса болар. Алғашқы сөзді алған әкім азамат ауылдастарының көптен айтып жүрген өтініштері – нешебір ерліктің иесі Құсайын Өтешқалиевке көше беру сәтімен қауышып тұрғандарымен құттықтады. Аға буын өкілдері айырықша тебіреніске бөленді. Жақын туыстары арасынан көздеріне жас алып тұрғандары да болды. Иә, ерлік ескірмейді деген осы. Өйткені, оны ұмытпайтын елі, елеп-ескерер ұрпағы, ауылдастары бар. Ауыл әкімі майдангердің өмір, еңбек, соғыс жолдарынан нақты деректер келтіре сыр шертті.

кусаин (2)

Кудряшов ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағындық Рамазанов ойлы сөзін өрбіте білді. Екі аяғын майдан даласына қалдырып, құйттай арбашыққа таңылып келсе де рухын, ерік-жігерін жоғалтпады. Жыл сайын Гоголь орта мектебіне кездесуге келгенінде Отанды қорғау, маңдайға жазылған қиындықтарға мойымай, қайта оған қарсы тұру қажеттігін уағыздайтын. Сол сұрапыл соғыстағы бір тілім нанды бөліп жеген, бір тал темекені бөліп тартқан қаруластарының ауызбірлігін, ерлігін дәріптейтін.

Ұмытпасам, 1964 жылы-ау деймін, «Красная Армия» колхозының клубында Әбу Сәрсенбаевпен кездесу өтті. Екі қарулы жігіт майдангер жазушының қарулас досы осы Құсайын ағаны клубқа екі жағынан көтеріп кіргізді. Әбу ата тізерлей отырып, мойнынан құшақтап ағыл-тегіл жылады. Бір-біріне айқасқан құшақтары әзер ажырады. «Бұл Құсайынға «Алтын жұлдыз бұйырмағаны болмаса, нағыз батыр орталарыңда отыр» дей келе, жерлес ағамыздың ерлік жолдарынан аңызға бергісіз әңгімелердің тиегін ағытты.

кусаин (3)

– Міне, оған көше берілген сәт үстінде тұрмыз, бәрі де ел Тәуелсіздігінің арқасы, құтты болсын! Бұл – ауылдастардың тілегі. Майдангер ағамыз ел тарихында қалды. Досы Әбу Сәрсенбаевтың, марқұм журналист ағамыз Рахмет Иманғалиевтің кітаптарына шықса, журналистер Мадат Сәрсекеев, Таңатар Дәрелов, ауылдасымыз Күләш Калекеева газеттерге мақалалар жазып, оның  есіміне көше беруді құнттады, – деді.

– Мен Құсайын ағаны бала кезімнен білемін, – деп бастады өз сөзін бүгіндегі зейнеткер Нәбидолла  Бекмұханов. – Өйткені үлкен ұлы Ахметжан Құсайынұлымен бірге өстім. Майдангердің жары Нағима Меңдешқызы анамыз туралы да айтпай кетуге болмайды. Нағима анамыз Құсайын көкемізге жар бола жүріп, әлпештеді, өмірге тоғыз бірдей ұрпағын әкеліп, «Батыр ана» атанды. Енесін туған анасындай мәпеледі, балаларын білімді, еңбекқор етіп өсірді. Колхоздың малын бағып, сиырын сауды, егінін өсірді,-деп тебіреніске бөленді.

Алматыдан арнайы келген Құсайын ағаның жұбайы Лиза Нұрбайқызы мен ұлы Ахметжан әкесіне көше беріп үлкен елдік іске мұрындық болған аудан, округ әкімдігіне, үлкен-кіші ауылдас ағайынға, осы мәселені тиісті жеріне жеткізген жергілікті журналистерге алғыс білдірді.

Таңатар Дәрелұлы

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*