Енді дрондар шалғай ауылдарға төрт келі жүк жеткізеді

Қазпошта шалғай ауылдарға газет-журнал мен хат жеткізу үшін төрт келіге дейін жүк көтеретін ұшу апараттарына сынақ жүргізілуде.

1067419

Еске сала кетсек, өткен жылдың қыркүйек айында екі келіге дейін жүк көтеретін пошталық дрондар ұшырылған еді.

«Поштаны тасымалдайтын автокөліктерден басқа 37 пошталық вагонымыз бар, оған қоса шалғайдағы ауылдарға поштаны 2 келіге дейін көтеретін дрондармен жеткізуді қолға алдық. Кейде екі келі газет-журналды шалғай ауылға жеткізу үшін тұтас автокөлік бұралаң тау жолымен 150 шақырым жүретін. Ал қазір пошталық дрон тауды кесіп өту арқылы 40 шақырым ғана ұшады және поштаны жылдам жеткізеді. Бұл әрине, тиімді», – деді «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Былтырдан бері Қазпошта 1,5 тонна болатын хат-хабарды дрон арқылы жеткізген.

«Қазіргі уақытта шалғайда, әсіресе таулы өлкелерде орналасқан 30 елді мекенге поштаны дронмен жеткізудеміз. Сонымен бірге, төрт келіге дейін жүк көтеретін дрондарды сынақтан өткізіп жатырмыз. Оларды жақын арада іске қосамыз», – деп өз сөзін түйіндеді Сәкен Сәрсенов.

Айта кетейік, Қазпошта бұл ұшу аппараттарын сатып алған жоқ. Компания мемлекеттік-жекешелік серіктестік арқылы дрон қызметіне, әрбір ұшуға ақы төлейді. Ұшудың бір шақырымы 90 теңгені құрайды. Клиенттер үшін баспасөз өнімдері мен хаттарды жіберу ақысы арттырылмайды.

Басқарма төрағасы келтірген деректерге сәйкес, компанияда 22 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Үш жарым мыңға жуық бөлімшелердің 80 проценті автоматтандырылған. Филиалдардың 70 проценті ауылдық жерлерде орналасқан және олар ауылдық елді мекендерді тұтас қамтып отыр.

Хорлан Смадияр

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*