ЕМІ ДӘРУ ЕМХАНА 63 МЫҢНАН АСТАМ АДАМҒА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУДЕ

– Емхана базасында, – дейді бас дәрігердің орынбасары Бақытжамал Иманғалиева,- тіркеу бөлімінің мамандары, интернет арқылы дәрігердің қабылдауына жазылу, жанұя денсаулығының орталығы, әлеуметтік психологиялық және профилактикалық көмек бөлімі, жанұя жоспарлау кабинеті, балалық шақтағы ауруларды жүйелі емдеу, дәріхана желісі жұмыс істейді. Мамандарымыз туралы айтсақ, олардың басым бөлігі–жоғары, бірінші, екінші санатты дәрігерлер. Емделушілер олардың еміне де, сөзіне де құлақ асады. Бізге керегі – емделушілерге сапалы ем көрсетіп, көңілдерінен шыға білу.

Бақытжамал Қайырқызы айтса айтқандай, емдеу орнында емделушілер үшін барлық жағдай жасалынған. Стационарлық бөлімде медбикелер емделушілерді қабылдап, оларға сырқатына қарай инесін салса, бірі системасын құйып, ілтипат көрсетіп жүргендері. Ал, учаскелік дәрігерлер шақыруларға барып, науқастарға сапалы ем-домдарын көрсетіп, алғыстарын алуда.
Айта кету керек, соңғы бірер жылда емхана ғимараты күрделі жөндеуден өткізілген. Емдеу кабинеттері осы заманғы медициналық аппараттармен жабдықталған. Арнайы маман бейнекамера арқылы келуші пациенттердің емдеу кабинеттерінде қай дәрігерден ем алып жатқанын бақылап, көріп отырады.
Емхана басшылығы дәрігерлер мен орта буын мамандардың біліктіліктерін арттыруға жете көңіл бөледі. Жыл сайын ондаған дәрігер Алматы, Астанадағы білім жетілдіру институттарында іс-тәжірибеден өтсе, орта буын медицина қызметкерлері медколледжде курстарда болып, білімдерін жетілдіреді. Бұл орайда емхананың бас дәрігері Еркінбай Қуановтың іскер де, жаңашыл ұйымдастырушылық қызметі барын айтқан жөн. Бас дәрігердің өзі де медицинаның соңғы жетістіктеріне ден қойып, Жапония, Финляндия мемлекеттеріндегі медициналық ғылыми-зерттеу клиникаларында болып, ондағы озық іс-тәжірибелерді меңгеріп, ұжым дәрігерлерінің қолдануына ықпал етуде.
Соңғы екі жылдан бері емхана «Кезексіз емхана» бағдарламасы негізінде жұмыс істейді. Тіркеу бөлімінен диспетчерлік және анықтама қызметін бөлгеннен кейін жұмыс істеу анағұрлым жеңілдеді. Жаңа жүйе бойынша адамдар уақыт жоғалтып, тіркеу бөлімінде ұзын-сонар кезекте тұрмайды. Емдеу орнының тіркеу бөлімінде арнайы телефондар жұмыс істейді. Тұрғындар үйде отырып-ақ дәрігерлердің қабылдауына тіркеле алады. Мұның өзі емделем деушілердің уақытты ұтымды пайдалануына мүмкіндігі бар. Бұл жағдайда дәрігердің қашан қабылдайтыны көрсетіліп, жауап беріледі. Ал, кейбір сырқат жандардың емханаға келуі міндетті емес, оларға мамандар телефон арқылы да кеңестер бере алады. Осы мақсатта емхананың бірінші қабатында анықтама орталығы жұмыс істейді. Мұндағы кезекші емделушілерге бағыт-бағдар беріп, қажет болған жағдайда оларды дәрігер бөлімшелеріне апарады. Сондай-ақ, ақпараттық жүйе кеңес береді. Жалпы емханада пациенттердің уақтылы қаралып, дәрігердің қабылдауында ұзақ тұрып қалмауы үшін барлық жағдай жасалғаны айқын аңғарылады.

Қайырбек ЕРМҰҚАНОВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*