«ЕМБІМҰНАЙГАЗДЫҢ» ЕРТЕҢІ ЖАРҚЫН

 

Жұмысшы да, жалақы да қысқармайды

Елбасы Үкіметтің кеңейтілген отырысында жаһан жұртының мазасын қашырған қиындықтарды еңсеру жөнінде шараларды іске асыру қажеттігін айқындап берді. Әсіресе, компания басшылары жұмыс орындарын қысқартпауы қажеттігін баса айтты. Нұрсұлтан Әбішұлы «Жұмыс адамы үшін ең бастысы – өзінің жұмыс орнын сақтау. Мен мұны бұрынғы жұмысшы ретінде айтып отырмын. Нәпақа табу үшін оны өзінің ерікті түрдегі келісімімен басқа жаққа жіберуге болады. Ондай жағдайда еш мәселе жоқ. Бірақ, мен барлық компаниялардың назарын аударғым келеді: егер өндірісті төмендетіп, адамдарды қысқартуға мәжбүр болсаңыздар, жұмыс орындарын сақтау қажет. Ол мүмкін басқа жұмыс істер. Адам үшін, оның отбасы үшін бұл барынша маңызды» деген болатын.

Осы орайда, бірнеше аға буынның табиғи байлығымыз – мұнай мен газды өндірудегі шежірелі жолын абыройлы жалғастырып келе жатқан бүгінгі отандық мұнайшылардың жұмыс орындары тұрақты болатыны даусыз. Өйткені, отандық мұнай-газ өнеркәсібінің көшбасшысы болып табылатын «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының ұжымы тәуелсіздіктің елең-алаң шағындағы қиындықтарға да төтеп берген еді. Сол жылдары технологияларының тозығы жеткен болса да, мұнай-газ өндіру көлемі төмендеген жоқ. Кәсіпорынның жанында мұнайшыларға сервистік қызмет көрсететін бірнеше еншілес мекеменің жұмысына қолдау көрсетіліп, компания өз дамуын тоқтатпай, Жылыой ауданында «Жаңақаратон» аталатын жаңа кенттің құрылысын жүргізуді де қолға алды. Ал, соңғы жылдары өндіріске келген заманауи жаңа технологиялар жаңа жұмыс орындарын молынан ашуға негізін қалады.

Қазіргі уақытта кәсіпорын өңірдің Жылыой, Мақат, Исатай және Қызылқоға аудандарында бірнеше мыңдаған адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жыл сайын өңірдің әлеуметтік саласына қолдау жасаудан да тартынған емес. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін сезініп, мұнайшы отбасылардың балаларына жазғы демалыс ұйымдастыруды да дәстүрге айналдырып келеді. Бүгінде кәсіпорын әр мұнайшының, әр қызметкердің әлеуметтік тұрмысын жақсартуға бағытталған ұжымдық шарт бойынша жұмыс жасайды. Өткен жылы ірі компаниялар арасында осы ұжымдық шарт үздік деп танылып, «Парыз» сыйлығының «Ең үздік ұжымдық шарт» номинациясын иеленгені есімізде.

«Ембімұнайгаз» – ұлттық экономиканы өркендетуге лайықты үлесін қосып келе жатқан, табиғи байлығымыз – мұнай мен газды елдің игілігіне жаратуды көздеген, келешегі кемел кәсіпорын болғандықтан, қандай кезеңде де қызметкерлер санын қыс-қартуға жол бермей, ел экономикасын еселей түсетін болады. 

Ел игілігі – ең басты назарда

Облыс көлеміндегі әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамытуға атсалысу – «Ембімұнайгаздың» басты міндеттерінің бірі. Себебі, облысымыздың көркеюі үшін жасалатын жұмыстардың барлығы– аймақ халқының, соның ішінде, мұнайшыларымыздың игілігі үшін атқарылатын жұмыстар. Өткен жылы да кәсіпорын қайырымдылық істерден қалыс қалған жоқ. Демеушілік және қайырымдылық көмек көрсету ережесіне сәйкес жетім балаларға арналған балалар үйлеріне, ардагерлер мен мүгедектер қоғамдық ұйымдарына қайырымдылық көмек көрсетілсе, облыс көлеміндегі сал ауруына шалдыққан балаларды алыс-жақын шетелдерде және Қазақстанның белгілі клиникаларында емдету  үшін демеушілік көмек көрсетілді. Ағымдағы жылы да осындай қайырымдылық көмек көрсету бағытындағы жұмыстарды жалғастыратын болады. Сондай-ақ, жер қойнауын пайдалану келісім-шарты негізінде облыстық бюджетке әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамыту бағдарламаларын жүзеге асыру мақсатында қаржы аударылмақшы. Жер қойнауын пайдалану келісім-шарты негізінде облыстық бюджетке аударылатын қаржының қазіргі кездегі мұнай бағасының төмендеуіне еш қатысы жоқ. Яғни, көзделген қаржы бөлінетін болады. 

Жастарға – жаңа мүмкіндік

Компанияның жастарға қолдау көрсетуге арналған бағдарламаларының бірі – студенттерді оқыту. Ол бағдарламамен тек компания қызметкерлерінің балалары ғана емес, сонымен қатар, Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын дарынды түлектер мен студенттер қатарынан шыққан ізденушілер де білім алуына болады. Жыл сайын мекеме 300-ден астам студенттің оқу ақысын осы бағдарлама бойынша бюджетпен қаралған ақшалай қаржы көлемінде төлейді. Алған білімдерін тәжірибемен ұштастыра түсу мақсатында, кәсіпорын студенттерге өндірістік тәжірибеден өтуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда Қазақcтан-Британ техникалық университеті, «Кәсіпқор» холдингі, Атырау мұнай және газ институты, Атырау политехникалық колледжі, Мақат технологиялық мұнай және газ колледжі, Жылыой технологиялық мұнай және газ колледжі секілді алты оқу орны студенттерін өндірістік тәжірибеден өткізу және ұйымдастыруға шарт жасалып отыр. Мұнымен қоса, жыл сайын компанияның өндірістік құрылымдық бөлімшелерінде 200-ден астам студент тәжірибеден өтеді. Компания, сондай-ақ, өз қызметкерлерін даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру мәселесіне ерекше көңіл бөлуде.

Жастармен қатар, 115 жылдық тарихы бар кәсіпорын өсіп-өркендеуіне ұзақ жылдар бойына үлес қосып, еңбек еткен қызметкерлерін де назардан тыс қалдырмайды. Ұзақ уақыт зиянды еңбек жағдайында жұмыс жасаған адамдардың денсаулығының төмендеуімен байланысты өткен жылы қабылданған ережеге сай, әйелдер үшін жасы 55-ке және ерлер үшін жасы 60-қа толған қызметкерлер зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін жұмыстан шығатын болса, жәрдемақы тағайындалып, олар компания зейнеткерлерінің тізіміне бірден есепке алынады.

 

ТҮЙІН:

«Ембімұнайгаз» АҚ-на қарасты барлық алты мекемеде де әлеуметтік саланы арттыру бағытында айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Мәселен, маман-қызметкерлер мен жұмысшылардың біліктілігін көтеру, кәсіби шеберлігін арттыруға баса көңіл бөлінеді. Қоғамдық іс-шараларға белсенділікпен атсалысып, әлеуметік жауапкершілікті абыроймен атқарып жүрген «Ембімұнайгаздың» ең басты мақсаты – қандай кезеңде болмасын елмен бірге болып, экономиканы өркендетуге өзіндік үлесін қосу.

Жаһанды жайлаған дағдарысқа, мұнай бағасының құлдырауы секілді орын алған қиындықтарға қарамастан, кәсіпорын өз жұмысын жоғары дәрежеде атқаратын болады. Сондай-ақ, мекеме мамандары еңбек ететін жұмысшыларға алаңдауға негіз жоқ екенін, бүгінгі мұнай құнына қарамастан компанияда жұмыс орны мен жалақының қысқаруына жол берілмейтінін айтады.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*