Елорда кереметтері

Еуразия кіндігі – Астана – әлемдегі ең жас қалалардың бірі. Жылдан жылға құрылысы қарқынды дамыған, сәулет өнерінің озық үлгілерін пайдаланып, көркем әрі жоғары талғаммен тұрғызылған ғимараттар астаналықтар мен қала қонақтарының көз жауын алардай-ақ. Елордаға соңғы жылдары туристік сапармен келетін шетелдіктер көбейген. Оған елімізде былтыр өткен EXPО көрмесінің де ықпалы аз болған жоқ. Әлемнің 55 елінен келген қонақтар Тәуелсіз Қазақ елінің әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеуіне лайықты бағасын берген еді.

Елорданың жиырмасыншы туған күніне орай ару қаланың ажарын айшықтайтын әсем ғимараттары туралы сөз қозғағанды жөн көрдік.

b202697b55bfad5397e749a90ad7a25a

«Астана – Бәйтерек»

Биіктігі 97 метр болатын бұл нысан – Астанадағы ерекше құрылыстардың бірі. Бас қалаға табан тіреген кез келген қазақстандық «Астана-Бәйтерек» кешеніне баруға тырысады. Монумент металл, әйнек және бетоннан тұрғызылған. Астананың нышанына айналған алып шардың диаметрі 22 метр болса, салмағы – 300 тонна. «Хамелеон» әйнектерінен салынған құрылыс алыстан көз тартады.

Ғимараттың жоғары бөлігіне жедел саты арқылы көтерілуге болады. Залдың қақ ортасында әлемдік дін өкілдері қол қойған 17 жапырақты ағаш глобус бар. Қазақ елінің бейбітшілік нышанына айналған «Аялы алақан» да осы жерде. Бұдан Тұңғыш Президенттің қолтаңбасын көруге болады.

Жоба сәулетшісі Норман Фостер – жаһандағы теңдесі жоқ сәулетші. Ол Астана қаласының архитектурасына үлкен үлес қосты. Оның елордамыздағы алғашқы жобасы «Бәйтерек» монументі, одан кейін Бейбітшілік және келісім сарайының ғимараты мен Тұңғыш Президент кітапханасы.

«Думан»

«Думан» ойын-сауық орталығының океанариумы мұхиттан 3 мың шақырым қашықта орналасқан. Соған қарамастан, келушілер көк айдынды мұхиттағы көптеген экзотикалық балықтар, теңіз тасбақалары, жұлдызшалары мен т.б. қызықтай алады. Орталықтың ерекшелігі, мұнда үлкен он бір океанариум мен кинозал бар. Океанариум қалыңдығы жеті сантиметрге жетеді және 70 метрлік дәлізге созылып жатыр.

Осыдан он бес жыл бұрын пайдалануға берілген кешенді тамашалаушылар қатары артып келеді. Орталықтың күмбезді залынан Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, Ұлы Қытай қабырғасы, Галикарнас кесенесі және Бостандық ескерткішінің үлгісін көруге болады.

Елорда2

«Қазақ елі»

Елорданың ортасындағы мәрмәр монумент қазақ халқының бірлігі мен дамуының көрінісін паш етіп тұрғандай. Биіктігі 91 метрлік бұл монумент қазақ елінің 1991 жылы егемендік алғанын бейнелейді.

Монумент басында алып самұрық қойыл-ған. Оның төрт жағында «Тұңғыш Президент пен Қазақ халқы», «Қаһарман», «Болашақ» және «Жасампаздық» қолабарельефтері бар.

Әуенді фонтандар бағы

Бұл – Астана қаласын екіге бөліп тұрған саябақ. Екі павильоннан құрылған бақта үш деңгейлі көрме бар. Фонтанның аумағында көз тартар құрылыстар көп. Әйнектен жасалған өтпелер, түрлі түстерге   боялған жолдар, әуенді фонтанды қоршаған кеселер бар.

Астанаға келген туристердің дені әуенді фонтандар жанында демалып, су терапиясын алады.

«Отан Ана»

Мемориалдық кешен ұзындығы 24 метр болатын гранит тастан тұрғызылған. Бұл жоңғар шапқыншылығы мен Ұлы Отан соғысы кезінде ерлікпен қаза тапқан жауынгерлердің құрметіне салынған. Онда ел тыныштығын көздеген батырлар мүсіні бейнеленген.

Қолына алтын шара ұстаған әйелдің бейнесі тыныштықты бейнелейді.

Дайындаған: Бақытжан ЖҰМАТ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*