Елімізге белгілі өнер шеберлері Атырауда ән мен жырдан шашу шашады

Өнер ордасы – Нұрмұхан Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының ұжымы мамыр айында Атырауда өтетін көптеген мәдени шаралардың ұйытқысы болып отыр. Мамырдың 11-нен бастау алатын ауқымды шаралар легі айдың соңына дейін жалғасатын болады.

Безымянный

«Жайық нұры» – әншілер байқауы

Естіген құлақты елең еткізетін шараның бірі – Қазақстан Республикасының Халық әртісі, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының профессоры Ғафиз Есімовтың 70 жылдық мерейтойына арналған «Жайық нұры» атты республикалық академиялық әншілер конкурсы.

11-14 мамыр аралығында өтетін әншілер сайысы екі кезеңнен тұрады. Онда Астана, Алматы, Қарағанды, Талдықорған, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақтөбе және Атыраудан барлығы қырықтан астам әнші ән орындау шеберліктерімен өзара сынға түседі. Олар орындаған бағдарламаларға танымал өнер майталмандарынан құралған алқа мүшелері баға беретін болады (өтетін уақыты суретте көрсетілген).

Атыраудан шыққан тума талант иесі Ғафиз Есімовтің мерейтойына арналған шаралар мұнымен шектеліп қалмайды. Мамырдың 15-де (сағ.19.00) Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрында өнер иесінің шығармашылық кеші өтпекші. Концертке Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Қайырғали Қожанбаев, дирижер, әрі домбырашы Арман Жүдебаев және бір топ танымал өнерпаздар қатысады.

Арқалы ақын Атырауға келеді

Арқалы ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Серік Тұрғынбекұлының атыраулықтарға арнап өткізетін тағылымды жыр кеші де қасиетті мекен тұрғындарының рухани талғамын тағы бір биікке көтерердей әсер қалдыратыны сөзсіз.  Мамырдың 17-сі күні (сағ.17.00) Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрында өтетін жауһар жыр кешінен бұрын «Мұқағали» қойылымы көпшілік назарына ұсынылады. Айтулы кештің қонақтары – ҚР Халық әртістері Алтынбек Қоразбаев, Мақпал Жүнісова, ҚР еңбек сіңірген әртістері Айткүл, Қанат Құдайбергеновтер.

«Сәлем саған, Ақ Жайық!»

Филармонияның ұйымдастыруымен республикалық «Қазақконцерт» ұжымы да киелі Атырау жеріне ат басын тіремек. «Сәлем саған, Ақ Жайық!» атты ән фестивалі 14 мамырда (сағ.19.00) Исатай-Махамбет орталық алаңында өтеді. Гала-концертке қатысатын Қазақстан Республикасының Халық әртісі Алтынбек Қоразбаев бастаған бір топ әншілер атыраулықтарды әнмен ғана сусындатып қоймайды. Олар аудандарға да шығып, тыңдармандарына тарту жасамақ. Мәселен, Алтынбек Қоразбаев пен «Меломен» тобы, Марал Мұхаметқалиева, Сүлеймен Ибрагимов, Бибігүл Қилымхандар Махамбет ауданындағы «Өнерпаз» мәдениет үйінде мамырдың 15-де (сағ. 19.00) өнерлерін ұсынса, 16 мамырда (сағ.19.00) аталған ауданның Бейбарыс ауылында әннен шашу шашпақ. Ал, Мақпал Жүнісова мен Нұрболат Абдуллин Исатай ауданына жол тарт-пақ. Олар 15 мамырда (сағ.19.00) «Жалын» мәдениет үйінде өнер көрсетеді. Аталған өнер иелері Мақат ауданына да арнайы барады. Ауданның мәдениет үйіндегі ән кеші 16 мамыр күні (сағат 19.00-де) өтеді.

Сондай-ақ, Әлішер Кә-рімов, Айжан Нұрмағамбетова, Сая Сейтімовалар гастрольдік сапармен 15 мамыр күні (сағ.19.00) Құлсары қаласындағы «Кең Жылой» мәдениет  үйінде, 16 мамырда (сағ.19.00) Мақат ауданының Доссор поселкесінде, 17 мамырда (сағ.19.00)  Махамбет ауданының Ақ жайық ауылындағы «Бақжайық» мәдениет үйінде тыңдармандарымен қауышады.

Сонымен қатар, Исатай ауданының Тұщықұдық ауылдық мәдениет үйінде 17 мамыр күні (сағ.19.00) «Меломен» тобы, Марал Мұхаметқалиева, Сүлеймен Ибрагимов, Бибігүл Қилымхандар өнер көрсететін болады.

Дәстүрлі ән – ұлттың үні

Қазақ әндерін насихаттап жүрген Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, әнші Татьяна Бурмистрова да мұнайлы астанаға өнер сапарымен келеді. Жетпісінші, сексенінші жылдары қазақтың әнін нақышына келтіре орындап, халықтың ықыласына бөленген орыс қызы Татьяна Бурмистрованың есімін аға буын жақсы біледі. Өткен жылы Қазақстанның мәдениет қайраткері атанған әншінің сахнадағы шығармашылығына 30 жыл толды. Айта кетсек, жуырда ол Махамбет атындағы облыс-тық қазақ драма театрында атыраулық тыңдармандарына концертін ұсынған болатын. Енді, міне, «Үш Татьяна» триосы арқылы танылған әнші мұнайлы өлке тұрғындарына арнап халықтың төл    туындысы – термелерді тағы нақышына келтіре орындайды. Ол 18 мамырда (сағ.15.00) – Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде, 19 мамырда (сағ.15.00) – Атырау политехникалық колледжінде, 20 мамыр күні (сағ.19.00) – Жылыой ауданының Құлсары қаласында, 21 мамырда (сағ.19.00) – Индер ауданының Индербор поселкесінде, 22 мамыр күні (сағ. 15.00) – Атырау агротехникалық колледжінде, 23 мамырда (сағ.19.00) – Исатай ауданының орталығы – Аққыстауда, 24 мамырда (сағ.11.00) – Атырау мұнай және газ университетінде концерттік бағдарламасына шақырады.

Мамырдың 22-26 аралығында «Нарын» ұлт аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен белгілі күйші, ҚР еңбек сіңірген әртісі, профессор Тұрар Әліпбаев пен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, дирижер Дәурен Ғылымов аудандарды аралап, ауыл жұртын өнерлерімен сусындатып қайтпақ. Олар 22 мамыр күні (сағ.19.00) Мақат ауданының Доссор поселкесіне, 23 мамырда (сағ.19.00) Махамбет ауданының Махамбет ауылына,  24 мамырда (сағ.19.00) Индер ауданының Индербор ауылына, 25 мамырда (сағ.19.00) Исатай ауданының Аққыстау кентіне сапарламақ. Ал, облыс орталығындағы  концерт филармонияның өзінде 26 мамыр күні (сағ.19.00) өтеді.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының еңбек сіңір-ген қайраткері, танымал әнші Сембек Жұмағалиев туған өлкесі – Атырауға арнайы келмек. Ол көптен күткен көрермендерімен 31 мамыр күні (сағ.19.00) Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрында қауышады.

P.S. Атырауда өтетін бұл кештердің әрқайсысы терең мазмұнға ие. Сондықтан, көрерменнің көңілін сергітер рухани азық болары сөзсіз. Өйткені, талай таланттардың тұсауын кескен, Құрманғазының өршіл рухты күйлерінен қуат алып, Әбу мен Хамиттің, Рахымжанның шығармаларын сүйіп оқып, Жұмекен мен Фаризаның  жырларын жаттап өскен, өнер десе ішкен асын жерге қоятын, дарынды даралардан кенде болып көрмеген киелі Атырау жұртшылығы өнерді қастерлей де, қадірлей де біледі.  Жыр мен ән, өнер кешінен қапы қалмаңыздар!

Мәлике МӘЛІК

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*