ЭЛЕКТРОНДЫ САУДА-САТТЫҚҚА БЕТБҰРЫС

Жанасыл Бегәліұлының айтуынша, Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті өзінің қызметінің басты бағыттарының бірі ретінде мемлекеттік мүлікті жекешелендіру және жүзеге асыру бойынша заңнамаға он-лайн режимінде мемлекеттік мүлікті сату бойынша электрондық сауда-саттықты өткізуді қарастыратын тиісті өзгерістер енгізуге бастама жасады.
Қазіргі уақытта сауда-саттыққа қатысушылар сауда-саттық өткізілетін орынға бірнеше рет баруына тура келеді. Мәселен, сауда-саттыққа қатысуға өтінім беруге, содан кейін сауда-саттыққа қатысу үшін, кейінірек кепілді жарнаны қайтарып алу үшін өтініш беруге не болмаса сатып алу-сату шартына қол қою үшін сауда-саттық өткізілу орнына барады. Сонымен қатар, қатысушы кепілді жарнаны, аванстық төлемді, түпкілікті сату бағасын төлеу үшін қызмет көрсететін банкке баруы тиіс.
Қазақстандықтардың күнделікті өміріне интернеттің барынша жоғары деңгейде енуін, сондай-ақ қазіргі уақытта электрондық мемлекеттік қызметтерді алу кезінде пайдаланылатын, халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы Ұлттық куәландырушы орталықтар шығарған электрондық цифрлық қолтаңбаларды ескере отырып, «электрондық аукциондарды» өткізу тәжірибесін енгізу әлеуетті қатысушылардың тобын кеңейтуге және мемлекет сататын объектілерге бәсекелестік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
Бұдан әрі басқарма төрағасы интернет желісінің кез келген пайдаланушысы, сатушының аукцион залдарына бармастан электрондық өтінімді бере алатынын және электрондық аукционға қатыса алатынын тілге тиек етті. Ал, аукцион нәтижелері бойынша ЭЦҚ-ны пайдалана отырып өткізілген аукцион туралы хаттамаға қол қоя алады және кепілді жарнаны қайтаруға өтінімге қол қоюға мүмкіндігі бар.
Сондай-ақ, аукцион қатысушысы электрондық өтінімді беру кезінде «электрондық үкіметтің төлем шлюзін» пайдалана отырып кепілді жарнаны төлей алады. Сонымен қатар, «төлем шлюзі» арқылы аванстық төлемді және сатып алынған мемлекеттік мүліктің толық құнын төлеуіне болады.
Бұл ретте, интернет желісінің пайдаланушыларына қазіргі кездің өзінде gosreestr.kz мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталы арқылы сату объектілері жөніндегі ақпаратпен және материалдармен, атап айтқанда, құқық белгілейтін құжаттардың электрондық сканерленген көшірмелерімен, бағалау туралы есеппен танысудың, сатылатын объектілердің суреттерін қарау мүмкіндіктері жасалған.
– Мүлік объектілерінің, – деді Жанасыл Бегәліұлы, – алдағы болатын сауда-саттығы туралы хабарламалар бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануымен қатар, мемлекеттік тізілімнің веб-порталында да орналастырылады. Осындай түсінік семинарлар ағымдағы жылдың сәуір-мамыр айларында республиканың барлық өңірлерінде өткізілді. Енді электрондық аукциондар алғаш рет Астана, Алматы қалалары және Қарағанды обыстарында өткізілмекші. Содан соң кезекте батыс аймағындағы Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан тұр. Ал, ағымдағы жылдың аяғында Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің барлық аумақ бөлімшелері электрондық аукциондарды өткізу тәжірибесіне көшетін болады.
Семинарға қатысушылар аталмыш мәселеге қатысты көптеген сауалдарына жауап алды.

Ғайнолла ЗИНУЛЛИН.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*