“Электронды кезек”: Сіз үшін қажет пе?

Бұрын емханаларда ұзын-сонар кезек болатын. Әсіресе, басың ауырып, балтырың сыздап барған уақытта дәрігердің қабылдауына кіруге асығасың. Осы мәселені оңтайлы шешу үшін қазіргі кезде емханалардың түгелге жуығы «электронды кезекке» көшті. Бұдан емханадағы жағдай өзгермеді.  Мұның себебі неде? Мамандардың айтуынша, тұрғындар жаңа жүйеге үйренісіп кете алмай жүр. Бірі жазылған уақытында келе алмаса, келесісі ертерек келіп, алдыңғы кезектегілермен бірге кіреді.

    Мәселенің мәнісін білмек мақсатта Атырау қаласындағы тұрғындар ең көп шоғырланған №1 емханаға бас сұққан едік.

elek-560x410

 

Назира МЕДЕЛОВА, қала тұрғыны:

«Өз уақытымды үнемдей аламын»

      Бұрын дәрігердің қабылдауына кіріп шығудың өзі аз дегенде 1 сағат уақытыңды алатын. Электронды жүйе енгізілгелі бері, бұл мәселе жолға қойылған секілді. Таң атысымен елдің алды болып, тірі кезекке тұрудың да қажеті жоқ. Мәселен, кеше жұмыстағы түскі үзілісімді пайдаланып, келесі күнгі сағат 10.00-ге кардиологтың қабылдауына телефон арқылы жазылып қойдым. Міне, өз уақытыммен келіп, бар болғаны жарты сағатта жұмысымды бітіріп шықтым.

Әділхан ҚАБДЕЛОВ, емделуші:

«Әлі кезекте тұрмыз»

Электронды тіркеу арқылы 10.30-ға дәрігердің қабылдауына жазылып келіп едім. Қазір сағат 11.00-ден асып кетті. Әлі кірмедім. Менен кейін қаншама адам келіп отыр? Алғашқысы 40 минут  күтсе, кейінгі келгендер тағы неше сағат тұратыны белгілі. «Электронды кезек» дегенмен, біздің дәрігерлердің жұмысы сол күйі қалған. Ешқандай өзгеріс жоқ.

Жобаның артықшылығы:

    «Электронды кезек» жобасы – «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында құрылған. Басты мақсаты – емханалардағы келеңсіз кезек пен қолайсыз жағдайларды болдырмау.

Көлемді қаражат бөлінді

«Электронды кезек» жүйесінің тиімділігі туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймұратова қыркүйек айында өткен баспасөз конференциясында мәлімдеген болатын. Кезек күтуді азайту мақсатында, яғни «медициналық ақпараттық технологиялар жүйесін» енгізу үшін, жергілікті бюджеттен 282 миллион 187 мың теңге және №№1, 2, 3, 4, 5, 7 қалалық емханалар, облыстық аурухана және облыстық балалар ауруханасына жаңа жүйені енгізуге 120 миллион теңгеден астам қаражат бөлініпті.

Арыз-шағым 70 пайызға азайған

Бұған дейін Батыс Қазақстан облысында сәтті жүзеге асырылған бұл жобаны Атырауға жеке кәсіпкер Антон Скрамовский алып келген. «Өңірдегі емханаға келушілерден түсетін арыз-шағым 70 пайызға азайыпты» – дейді. Қазіргі кезде Атырау облысы тұрғындары үшін электронды кезектің ұялы телефондарға арналған қосымшалары жасалып шығарылды. Енді үйде отырып-ақ, дәрігер қабылдауына жазылу мүмкін болып отыр.

Нұргүл ҚАЛИМОЛДА

 

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*