ЕЛДІК ПЕН БІРЛІКТІҢ ЖЕҢІСІ

Бексұлтан  НҰРЖЕКЕҰЛЫ, жазушы, Халықаралық  Алаш  сыйлығының  лауреаты: 

«Әлемдік қалаға айналды»

– Мен мұны «өте дұрыс шешім болды» деп есептеймін. Өйткені, ол заманда солтүстік облыстарда қазақтардың саны біркелкі емес еді. Хрущевтің кезінде Солтүстік пен Оңтүстікті өз алдына бөліп алғысы келгендер болды. Осындай жүргізілген қитұрқы саясат  қазақтардың өз жерінде өзгеше орналасуына әкеліп соқты. Малға қараған солтүстіктің халқы отызыншы жылы көптеп қырылды. Сөйтіп, жергілікті қазақтардың ойсырай шығынға ұшырауы ол жақтағы зиялы қауымның Оңтүстікке ағылуына жол ашты. Нәтижесінде көштің ұлттық ортаға жылжуы солтүстік өңірлердегі қазақ халқының санын азайтып жіберді.

Тоқсаныншы жылдары Ғабит Мүсіреповтің, Сәбит Мұқановтың  мерейтойларына  орай  Солтүстікке барған едім. Сол кезде жергілікті жұрт астананың Ақмолаға көшірілуі халыққа қуаныш сыйлағанын айтып жатты. Бүгінгі таңда Астанада ұлттық проблема толық шешілді деуге болмайды. Ондағы қазақ халқының саны әлі де болса аз. Бірақ, мәселе біртіндеп шешіліп келеді.

– Мен өз заманындағы Целиноградты да, Ақмоланы да көрген адаммын. Бұрынғы қалалар мен бүгінгі Астананың айырмашылығы жер мен көктей. Шыны керек, Астана қазақ даласынан орын тепкен ақсарайдай алып  қалаға айналды. Бірнеше жылдан бері Астанада 70 мың гектар орман егіліп жатыр. Бұл – болашақ үшін жасалып жатқан дүние. Сөз жоқ,  мұның  барлығы ЕлбасыНұрсұлтан Назарбаевтың тарихи еңбегі. Астананы салудағы, қалыптастырудағы Президенттің бағасын халық әлдеқашан беріп қойды деп ойлаймын.

– Біздің Бас қаламыз санаулы жылдар ішінде толыққанды Астанаға, кең даламызға нәр беретін күретамырына айналды. Басқасын былай қойғанда, халықаралық маңыздағы Батыс Еуропа – Батыс Қытай тас жолының, Қорғас  бойындағы теміржол құрылысының салынуы  Астананы әлемдік деңгейдегі маңызы зор орталыққа айналдырды.

 

Ақұштап   БАҚТЫГЕРЕЕВА, ақын:

«Даналықтың жемісі»

– Астана Ақмола қаласы болып тұрған уақытта белгілі бір саяси жағдайларға сәйкес, ондағы қазақ ұлтының саны аз еді. Әрі Ресеймен шекаралас қалада тіл, ұлт, дін, діл мәселелері жойылып бара жатты. Бұл жерде Қазақ елінің басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың  дана шешім қабылдап, елдігімізді біртұтас жағдайда сақтап қалуымызға зор еңбек сіңіргенін атап өту парыз.

– Бастапқыда Елорданы көшіру туралы шешімді әркімнің сан саққа жүгірткені белгілі. «Мұнайдың ақшасы текке кетіп жатыр» деп түбегейлі қарсы шыққандар да болды. Шын мәнісінде, бұл үлкен еңбекті, жанкештілікті қажет еткен тарихи оқиға еді. Бұл жерде біз тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлтжандылығына, азаматтығына ерекше мән беруіміз қажет. Әдетте, тарихи оқиғаға баға белгілі бір кезең, тіпті ғасыр өткеннен кейін беріліп жатады ғой. Дегенмен, стратегиялық шешімді қабылдаудағы Елбасының рөлі талассыз деп ойлаймын.

– Астана әлем картасынан лайықты орын алды. Астана бүгінде халықаралық деңгейдегі іс-шаралар өтетін, маңызды шешімдер қабылданатын орталыққа айналды. Шетелдік инвесторлар үшін де қолайлы қалаға айналған елордамыз әлемге танылды.

 

Камал  ОРМАНТАЕВ, академик, Қазақстан ғылымына еңбек сіңірген қайраткер:

«Елдің ортақ құндылығы»

– Президенттің бұл ұсынысын кезінде қолдағандардың қатарында мен де болған едім. Себебі, бұл стратегиялық тұрғыда үлкен рөлі бар маңызды қадам болды. Алматы елдің шетінде орналасқан қала еді. Ақмола орталықта қоныс тепкен қала болды. Бас қаланың елдің кіндігінде орналасуы саяси, экономикалық, қорғаныс мақсатында да тиімді, әрі қауіпсіз.

– Әрине, тәуелсіздікпен бірге түлеген Астананың салынуына, оның бүгінгідей ресми, мәдени, рухани орталық ретінде қалыптасуына Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сіңірген еңбегі зор. Ол – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Екіншіден, Астана – біздің ортақ құндылығымыз. Сондықтан, Астанаға ортақ мүдде, ортақ көзқарас тұрғысынан қарау маңызды деп есептеймін.

– Бүгінде Қазақ елінің Бас қаласы әлемдік деңгейде ерекше рөлге ие болды. Кезінде Ақмола балшық пен масаның ортасындағы шағын қалашық ретінде аталған болса, бүгінгі Астананы әлеуеті, рөлі жағынан да әлем жоғары бағалайды.

 

Илья ЖАҚАНОВ, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, композитор:

«Есіл бойы» Бас қалаға арналды

Біз қатарлы аға буынның саналы өмірі кезіндегі бас қаламыз болған Алматыда өтті. Қазақстан Республикасының сол кездегі астанасы ұлттық интеллигенцияның тоғысқан жері, қазақ мәдениетінің, руханиятының орталығы болды. Алматы Елорда ретінде қала берсе де болатын еді. Бірақ, екі ғасыр тоғысында еліміз тәуелсіздік алып, бостан халық, ұлт ретінде Ақмоланы  Бас қала етіп таңдап алды. Осы бір тарихи шешім арқылы Атыраудан Алтайға дейінгі кең байтақ жеріміздің тұтастығы сақталып қалды.

Небәрі  он сегіз жылдың ішінде әлем назарын өзіне аударған Астана, шын мәнісінде, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы, төл туындысы еді. Астана – Елбасының қаһармандықпен таңдаған ұлы жеңісі болды.

Астананың үлкен өркениетіне, мәдениетіне, дамыған экономикасына, өрлеген өнеріне сүйсініп жүріп, «Есіл бойы» вальсін дүниеге әкелдім. Оның  сөзін кезінде Қырғызстанның Қазақстандағы елшісі болған, бүгінде Қырғызстан Жазушылар Одағының төрағасы Акпар Рысқұлов жазды. Әнді  тамаша әнші Толқын Забирова орындап, көпшілікке танытты. Кейін оған Лондон, Санкт-Петербург, Алматы және Астана қалаларында бейнебаян түсірілді. Сол әнді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Атырауға сапары барысында Маржан Төреханованың, Сәуле Жанпейісованың орындауларында тыңдап, өте риза болған еді.

Осындай тамаша әнге арқау болған Бас қаламыз бүгінде құлашын кеңге жайған, кең тынысты орталыққа, сол арқылы тұтас халықтың мақтанышына айналды. Біз осыған қуанамыз.

Арнайы  «Атырау»  газеті  үшін  берілген  пікірлерді  жазып  алған  Баян  ЖАНҰЗАҚОВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*