ЕЛДІК МҮДДЕ АРҚАУЫ

Ауданға сапарында насихаттық топ алдымен Жем селолық округі тұрғындарымен, түстен кейін Құлсары қаласы жұртшылығымен кездесіп, Елбасының Қазақстан халқына арнаған биылғы кезекті Жолдауынан туындайтын міндеттер турасында келелі әңгіме қозғады.

«Уақыттың тездігі соншама – тіпті қазір дағдарысты көрмеген, ол туралы хабары жоқ ұрпақ та есейіп, еңбекке араласты. Қандай да дағдарыс әуелі өмір сабағы, тағылым екендігін де ескергеніміз орынды болар» деген топ жетекшісі өміріміздегі, қоғамдағы оң нәтижелерге мысалдар келтірді. Соңғы он екі жылда елімізде бұрын-соңды болмаған әлеуметтік жақсылықтар мен өзгерістерге қол жетті.

«Ауыл» социал-демократиялық партиясының облыстық филиалының төрағасы Елеусін Сәрсембиев «Біздің мақсатымыз – ауылдың экономикалық, әлеуметтік және рухани жағдайының жақсаруына ықпал ету. Жолдауда осы жайлар да нақты көрініс тапқан және бұл бағытта қадау-қадау мәселелер көтерілген. Бұрын «2030-ға дейін қалай жетеміз?» деуші едік. Онымыз бекер екен. Міндеттер орындалды. Енді болашағымыз 2050 стратегиясында айқын көрініс тауып отыр. Ел болу үшін ауылға, елге деген патриоттық сезімімізді оятып, өзіміз өмір сүріп отырған ортада экономикалық, әлеуметтік және рухани жағымызды нығайтуымыз керек» деген ойын айтты.

Облыстық мәслихаттың депутаты Мәрия Қаражігітованы көпшілік ұзақ жылдар бойы ТШО компаниясында үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінде жауапты қызметте, кейін ауданнан халық қалаулысы болып сайланып, жылыойлықтармен біте қайнасып жүргенінен, халықтың мұң-мұқтажына сергек қарайтындығынан жақсы біледі.

– Жолдау – өмірімізді жан-жақты қамтыған маңызды құжат, ол әлеуметтік-экономикалық саланың даму бағытын нақты айқындап берді, оның жүйелі жүзеге асуы әр азаматтың жауапкершілігінен бастау алатынын түсінуіміз керек, – деді ол. Оның айтуынша, ТШО компаниясы өткен кезеңде мұнай өндіру көлемін арттыра отырып, ел қоржынына 15 млрд. теңге пайда түсірумен қатар, жергілікті халыққа көмек-жәрдемін тигізуден шет қалған емес. Жылыойдағы таза ауыз су жобасы жүзеге аса келді, енді жыл ішінде алты шақырым су құбыры тартылып, іске қосылмақшы. Аудан орталығындағы авариялық жағдайда бұзылған ескі үйлердің тұрғындарына ықшамаудандардан 64 пәтер сатып алынып берілді. Спорт кешендерін және балабақша салу ТШО-ның үш жылдық бағдарламасында бар.

Насихаттық топпен кездесулерде тұрғындар өздерін толғандырып жүрген мәселелерді ортаға салды. Тұрғызбалық зейнеткер, ауыл шаруашылығы маманы Ізімғали Сүйесінов: – Жем суы бес тармаққа бөлінеді, тасымай қалса, өрге су шықпайды, сондықтан, тоқсаныншы жылдары қолға алынған «Төменгі Ембі суландыру жүйесі» жобасын қайта қолға алып, қаражат көздерін тауып, бір-екі шлюз салынса жөн болар еді. Әйтпесе, Жем қатты тасыған кезде (93-ші жылды еске түсіріңіз) өңір тұрғындарының қауіпсіздігі үшін Тұрғызба бөгеті бәрібір бұзылады. Сонда су тасуы күні кеше аршылған арналарға сия ма? Екінші, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу – жүн, теріні экспортқа шығармай-ақ, ауыл-аймақ қажетіне жарайтындай жағдай туғызуға болатын шығар!

Ардагер Шегіров Жықай Жаңасу жерасты тұщы суын жергілікті жерде жарату мәселесін көтерді. Құлсарылық зейнеткерлер Зейнел Бозтаев ардагерлерді дәрі-дәрмекпен қамту, баспанаға мұқтаждарына жәрдемдесу, Қосым Сарғожиев қаладағы емхананың тарлығын, ал, 2011 жылы құрылысы басталған 250 орындық емхана әлі күнге бітпей отырғандығын алға тартты.

Қаржау ОРАЗБАЕВ,

меншікті тілшіміз,

Жылыой ауданы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*