ЕЛДІГІМІЗДІҢ АЛТЫН АРҚАУЫ

Қазақстан Республикасының Конституциясында тек адамның, азаматтың, мемлекеттік және қоғамдық құрылыстың мәртебесі ғана емес, стратегиялық құқықтық идеялар да айқындалды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет деп, ал оның ең басты құндылығы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп жарияланды.
Еліміздің Ата Заңы адамзат баласының жүздеген жылдар бойы қалыптасқан жалпы құндылықтарын өз бойына сіңірді. Қазақстан Республикасының Конституциясы – бабалардың даналығы мен қазіргі заманның рухын бірлестіріп, үйлестірген, жүзден аса ұлттар мен ұлыстардың теңдігін тегіне қарамастан бекіткен ұлы құжат болды.
Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Қазақстан жолы» атты еңбегінде: «Конституцияны қабылдау қарсаңында ұзақ мерзімді қызу жұмыстар атқарылды. Көптеген конституциялар, әсіресе, ХХ ғасырдың екінші жартысында қабылданғандары мұқият сараптаудан өткізілді. 1995 жылғы Конституция тақыр жерде пайда болған жоқ. Егемен Қазақстанда Конституциялық құрылыс орнату үшін бұрыннан жинақталған тәжірибелер, сондай-ақ біздің жағдайымызға сәйкес келетін ең прогресшіл шетелдік тәжірибелер барынша толық пайдаланылған еді», – деп көрсетті.
Ата Заңымыз – мемлекеттіліктің барлық арман-мүддесін толық қамтыған, елімізде жүзеге асқан және жүзеге асатын саяси, экономикалық және әлеуметтік жаңарулар мен жетістіктердің құқықтық тұғыры болды. Ол Қазақстанның тәуелсіздігін түбегейлі айқындап, мемлекет пен азаматтық қоғам институттарының қалыптасуы мен бекуінің нық негізін қалады.
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы өз күшіне енгеннен кейін кеңестік сипаттағы жалған демократия мен жалаң биліктің белең алуына жол бермей, әлемдік өркениетке тән рухани құндылықтар мен саяси-әлеуметтік және экономикалық өзгерістерге жол ашты. Сонымен қатар, еркіндік пен теңдік сезімдері терең, тарихи, мәдени, рухани дәстүрі бай ежелгі қазақ халқының өзіндік ұлттық даму ерекшеліктері де ескерілді.
Ұлттық рухымыздың адастырмас темірқазығына айналған Конституция аясында 18 жыл ішінде қабылданған 1800-ден астам заңдар қоғамдық өмірдің әр саласында тиімді қолданылып, ел тыныштығы мен ұлт бірлігінің бекуіне ықпал етті, экономиканың өрлеуі мен халықтың әл-ауқатының жақсаруына жол ашты. Тоғыз бөлімнен тұратын Конституцияда «Адам және азамат» деп аталатын бөлім елдің ең асыл қазынасы – адам және оның құқықтары мен бостандығын қорғауға арналған. Атап айтқанда, 30-шы бапта адамның құқығы мен бостандығы өмірге келген сәтінен бастап, оған тиесілі екенін және оған ешкімнің қол сұғуына жол берілмейтінін бекітеді.
Біз адам болып өмірге келеміз, азамат болып қалыптасамыз. Мемлекетіміздің мәртебесіне, оның қорғауында болатынымызға сенгенде және өз құқықтарымызды біліп қана қоймай, оны қорғай білгенде азамат екенімізді сезінеміз.
Ал, Қазақстан азаматтарының Конституциямен кепілдендірілген құқықтары мен бостандығының аясы кең, ауқымы зор. Атап айтқанда, ұлты, тегі, түсі, тілі, діні, әлеуметтік жағдайы, саяси көзқарасы бойынша ешкім қуғындалмауы; сөз және шығармашылық бостандығы; еңбек ету, қызмет түрі мен мамандық таңдау бостандығы; білім алу, отбасы құндылықтарын қорғау, жеке меншігін қорғау құқықтары; жиындарға және шерулерге қатысу, қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдарға мүше болу, мемлекеттік басқаруға қатысу, мемлекеттік басқару органдарын сайлау, сайлану және тағы басқа құқықтары халықаралық құқық нормаларына толық сәйкес қорғалады. Яғни, біздің негізгі заңымыз мыңжылдық тарихы мен дәстүрі бар өркениетті мемлекеттердің заңдарымен тұспалдас.
Бүгінде 18 жылдығын тойлап отырған Конституция, саяси, экономикалық, әлеуметтік жетістіктердің жаңа белесіне құқықтық негіз берген Ата Заңымыз болып табылады. Себебі, еліміздегі барлық болып жатқан саяси, экономикалық, құқықтық шаралар осы Ата Заңымыз негізінен туындайды. Өйткені, барлық қоғамдық қатынастар тиісінше заңдармен реттеледі. «Конституция – елдегі қоғамдық күштердің шын мәніндегі арақатынасы», – деп Фердинанд Лассаль осыдан 150 жыл бұрын айтқан екен. Осы бір қанатты сөздің ақиқатына дербес өмірге жолдама алған әр мемлекеттің көзі жеткені анық. Ендеше, еркін халықтың санасында мәңгі орнаған бостандық идеясының жүзеге аса бастауының негізі болып отырған Конституцияның Қазақ елі үшін орны бөлек.
Ата Заңымызды қабылдай отырып, біз өз тәуелсіздігімізді одан әрі нақтылай түстік. Қазақстан Республикасы – президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет.
Конституция – мемлекетіміздің тұрақты дамуының кепілі. Сондықтан оған үлкен мән беріліп отыр.
Конституция – біздің еркіндігіміздің негізі. Конституция – біздің тәуелсіздігіміздің іргетасы. Конституция қағидалары толықтай елімізді демократияландыруға, экономикалық өрлеуге, халықаралық деңгейде өсуге, ішкі деңгейді әлеуметтік, саяси – құқықтық тұрақтылыққа, ауызбірлікке шақырады.
Қорыта айтқанда, Конституцияда көрсетілген саяси, әлеуметтік-экономикалық және құқықтық міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған мақсаттар тәуелсіздіктің арқасында еңсесін тіктеген Қазақ елінде қай салада болсын жемісті жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда саясаты салмақты, экономикасы еңселі, әлеуметтік жағдайы әлді, халқы тату, қорғанысы бекем, болашағы жарқын еліміз Ата Заңның аясында өркениетті елдермен терезесі тең болуды көздеп отыр. «Күллі халықтың талқысынан өтіп, ел игілігіне айналған Ата Заңымыз біздің мемлекетіміздің басты төлқұжаты болып саналады.
Конституция – арайлы азаттығымыздың айғағы, жарқын болашағымыздың бұлжымас бағдары. Ол елдігіміздің алтын арқауы, толағай табыстарымыздың бастау қайнары» деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі әр қазақстандық үшін айнымас ақиқат болып қала бермек.

Бейбіт МАМРАЕВ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік
университетінің ректоры,
филология ғылымдарының докторы, профессор.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*