ЕЛДІҢ МӘРТЕБЕСІ – МӘДЕНИЕТІНДЕ

Алқа мәжілісінің мақсаты – қала бойынша мәдениет саласында атқарылған жұмыстарды тыңдау және проблемалық мәселелерді саралау. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ақылбек Рысқалиев баяндама жасады.

– Өткен жыл қаланың мәдени өмірінде табысты болды. Бөлімге қарасты қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі мен қала маңындағы ауылдардағы мәдениет үйі өз деңгейінде толық жұмыс жасап, халыққа қызмет көрсетіп келеді. Көпшілігі осы күнге дейін арнайы ғимараты болмаса да, жалға алынған мекемеде отырып та жақсы нәтижеге қол жеткізді. Қалаға қарасты Жұмыскер, Ақсай, Қайыршақты, Жаңаталап, Еркінқала ауылдарынан мәдениет орталықтарының  құжаттары жасақталып, ағымдағы жылы құрылысы салынатын болды. Биылғы жыл – елдіктің, бүгін мен болашаққа деген сенімді үміттің жылы болмақ. Яғни, қала бойынша өткізілетін шаралардың бәрін Ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орайластырып өткізуді ұйғардық, – деді А.Рысқалиев.

Жиында мәдениет саласында қордаланған мәселелер де көтерілді. Әсіресе, қала маңындағы клубтардың, кітапханалардың жай-күйі негізгі әңгіме арқауына айналды.

Жиналысқа қатысқан қала әкімінің орынбасары Гүлмира Шәкірова өз сөзінде:

– Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты мәдениет мекемелерінде 230 қызметкер жұмыс жасайды. Бұл – үлкен ұжым. Дегенмен, олардың көпшілігінің еңбегі уақытында елене бермейді. Қазір мәдениет қайраткері атағын алған екі-ақ қызметкер бар екен. Тұрақты жұмыс жасайтын кадрлардың еңбек өтіліне, тәжірибесіне қарай оларға мәдениет саласы қызметкерлерінің жоғарғы атағын беруді қарастыруымыз керек.  Кітапханаларда да көптеген жұмыстар атқарылуда. Екі орталық кітапханаға қарайтын бөлімдердің бәрін «КАБИС» бағдарламасына қосу, кітап қорын реттеу – кезек күттірмейтін мәселе. Қалалық кітапханашылар облыстық бас-қармаға тапсырыс бергенімен, оқырмандар сұранысына қарай кітаптарды алмай отырғанын айтады.  Алдағы уақытта осы мәселеге баса назар аударылуы керек,-деді.

Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы   Баязи Әбдешев «әлеуметтік жарнама – маңызды насихаттық, тәрбие құралы» екендігіне тоқталды. Қала әкімдігіне қарасты ауылдық округтерде көрнекіліктер саны тым аз. Бары ескірген, бүгінгі күн талабына сай емес. Халық көп жиналатын, қала қонақтары, шетелдік азаматтар жиі жүретін орталық көшелерде мемлекетіміздің тіл саясатын насихаттайтын билбордтар орнату қажет. Қала көшелеріндегі лед экрандарды осы мақсатта пайдалануға болады. Түрлі үйірме, мекеме, кәсіпорындардың маңдайшаларында көзге түсетін басқа да көрнекі құралдарда тіл талаптарына сай бақылау жұмыстарын жандандыру қажет.

– Бұл жұмысты БАҚ өкілдері мен қоғамдық ұйымдарды қатыстыра отырып жүргізген тиімді деп ойлаймын. Басқармаға 1416 көше тіркелген. Оның ішінде қала аумағына жататын 437 көшеде жаңа сілтеме бар. Қалған 937 көшенің сілтемелері ескірген немесе жоқ деп айтуға болады. Бұл, әсіресе, шеткері ауылдарда кездесіп отыр. Осы жайттарды қадағалау бірінші кезектегі мәселе болып отыр,-деді басқарма басшысы.

Жиын соңында мәдениет саласына қосқан үлестері үшін бір топ сала қызметкерлері  арнайы Алғыс хаттармен марапатталды.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*