ЕЛБАСЫ ЖОЛДАУЫ – ЕЛДІКТІҢ АРҚАУЫ

Қазіргі кезде әлемде оқытудың дуальды жүйесі – кәсіптік-техникалық кадрлар даярлаудың ең тиімді жолдарының бірі. Оның ерекшелігі сол, кәсіптік оқыту үдерісінің басым бөлігі оқу орнында емес, кәсіпорындарда өтеді. Бұл жүйе Германия, Австрия, Дания, Нидерланды, Швеция сияқты дамыған елдерде табысты жұмыс істеуде. Атап айтқанда, Германияда техникалық және кәсіптік білім жүйесіне 350 мамандық бойынша 1,6 млн. оқушы, 500 мың кәсіпорын тартылған. Іс жүзінде, дуальды модель – бизнестің, болашақ маман мен мемлекеттің мүдделерінің бірлестігі.
Теміртау политехникалық колледжінде «Техникалық және кәсіби білім жүйесіне оқытудың дуальды жүйесін енгізу бойынша жұмыс тәжірибесін зерделеу» тақырыбына арналған республикалық семинарда сөйлеген сөзінде: «Қазақстанда техникалық және кәсіптік білім беруді басқарудың түбегейлі жаңа жүйесі жасалуда – бізде бұрын-соңды мұндай жүйе болмаған. Біз жұмыс берушілердің сұраныстарына ие кәсіптік-техникалық кадрлар даярлайтын боламыз және бұл іс әлемдік деңгейге сәйкес жүргізілетін болады», – деп атап көрсетті Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов.
Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев өз кезегінде, техникалық және кәсіби білім жүйесін жаңғырту Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын әрі қарай іске асыруға қажетті жоғары білікті кадрлар даярлауға мүмкіндік беретініне назар аударды.
Жоғарыда аталған талаптарға сай Атырау энергетика және құрылыс колледжінде дуальды оқыту жүйесі жүзеге асырылуда. Кадрларды дуальды даярлауда 17 мамандық бойынша «Атырау Жарық», «Атырау жылу орталығы», «АтырауНефтеМаш», «АтырауПолимерСтрой», «Альянс СК», «Альянс Би – Комерц» «АтырауПромВентиляция», «Юг – Сантехмонтаж», «Асем – Умит», «ЕрнарСтрой ЛТД», «Металика ТРТ», «Тиберти Electric», «АМӨЗ», «АМК СтройСервис», «Жайық- Лифт», «АтырауГазИнвест», «Компас – Сервис», «УС-99», «ЭЛМО» сияқты әлеуметтік серіктестіктермен келісім-шарттар жасалды.
Өндірістік тәжірибе барысында студент жастардың еңбекақы табуы олардың өз мамандықтарына құлшынысын арттырып, өздерінің кәсіби шеберлігін шыңдай түссе, тұрақты жұмыс табатындарына сенімін күшейтті. Бұл жағдай өз кезегінде техникалық және кәсіби білімді игеру арқылы сапалы жұмысшы мамандығын даярлаудың басты тетігі осы екендігін көрсетеді. Дәл осы себепті әлеуметтік серіктестіктердің басын қосатын қамқоршылық кеңесі жылына екі рет өткізіліп отырады. Кеңестің мақсаты – өндірістік тәжірибе кезіндегі студенттердің жетістігі мен кемшілігін талдау. Колледж тарапынан қамқоршылық кеңестен, әсіресе, әлеуметтік аз қамтылған студенттерге көңіл бөлу сұралады. Бірақ әлеуметтік серіктестік туралы Білім және ғылым министрлігі мен «Самұрық – Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры бірігіп қол қойған келісім-шарт өз күшіне енбегендіктен мәселе толық шешімін таппай тұр.
Колледжіміздің материалдық-техникалық базасы жоғары деңгейде болғанымен, бүгінгі таңда әлеуметтік серіктестік болашақ маманның ертеңгі тұрақты жұмыс орны екенін үнемі есте ұстауымыз керек. Осы талап білім беру ұйымына теорияны практикамен ұштастырудың ең жетілген тетігі – дуальды жүйеге енуді міндеттейді. Ол үшін колледж алдағы оқу жылы басталғанға дейін «Колледж-студент-кәсіпорын» арасындағы үш жақты шарт жасасу жоспарлануда. Нәтижесінде, маман дайындаудың дуальды жүйесі дәстүрлі оқыту әдістеріндегі кемшіліктерді, теория мен тәжірибе арасындағы алшақтықты жояды, студент өзінің ертеңгі жұмыс орнын көреді, оған ие болу мүмкіндігін сезінеді, сондай-ақ, ол бәсекеге қабілетті болса ғана кәсіби маман ретінде бағаланып, лайықты табысқа қол жеткізе алатынын түсінеді.

Бөкенбай ЖАУЛЫ,
энергетика және құрылыс колледжі директорының орынбасары,
Атырау қаласы.

«ЕХРО-2017» ЕҢСЕМІЗДІ ТІКТЕЙДІ
Тәуелсіз Қазақ елінің тағылымды тарихы өзінің жаңа бір кезеңіне аяқ басып отыр. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы еліміздің алдағы дамуының алғышарттарын көрсететін басты құжат болғалы тұр.
Ондағы «Біз болашаққа көз тігіп, тәуелсіз елімізді «Мәңгілік Ел» етуді мұрат қылдық» деген сөздер баршамызды толғанысқа бөлейді. Жолдаудағы бүкіл асыл ой «Мәңгілік Елдің» шындыққа айналғандығынан хабар береді.
Өз Отанымызды «Қазақ мемлекеті» деп атау – қай қазақтың да арманы екені сөзсіз. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі айтқандай, ең бастысы – қазақ қазақпен қазақша сөйлесуі керек. Егер қоғамда осындай жағдай қалыптасса, өзге ұлт өкілдері де қазақ тілін білуге талпынатын болады. Мемлекет тарапынан тілге деген сұранысты арттырған абзал. Белгіленген заң шеңберінде өзге ұлт өкілдерін тілді құрметтеуге тарту қажет. Егер елімізді «Қазақ мемлекеті» деп атайтын күнге жетсек, біз ата-баба аманатын орындадық дей аламыз.
Соңғы уақытта қаламыз жасарып, жылдан-жылға көркейіп келеді. Атқарылған қыруар жұмыстарды газет бетінен біліп жатамыз. Атырау қаласындағы айтулы компанияларда көптеген ұлттың өкілдері қызмет етуде. Атап айтқанда, АҚШ, Түркия, Қытай секілді мемлекеттерден, Шеврон, Аджип, ТШО, т.б.
ҚР Президенті өткен жылдың соңында Парижде болып, алаш жұртын «ЕХРО-2017» жобасы бойынша беделді мемлекеттердің алдына шығарып, 130 дауыспен жеңіске жеткендігімізді қуанышпен хабарлады және ол өз сөзінде биік бәсекеде Астананың жеңіп шығуы бекер емес екендігін айтты.
Жалпы, әлемдік маңызы бар «ЕХРО-2017» көрмесін өткізу мәртебесіне Қазақстанның таңдалуы тегін емес. Өйткені, жас мемлекет бола тұра жаһанға жар салған Қазақ елі қандай құрмет пен марапатқа да лайық. Оны мен де зейнеткер ретінде кәрі жүрек, ақ сақалыммен қуана құптаймын.

Құрмет НҰРСАРИЕВ,
ішкі істер қызметінің ардагері,

Атырау қаласы.

ТӘРБИЕ – ТАЛБЕСІКТЕН
«Қазақстан-2050» стратегиялық Жолдауында Елбасы ананы қорғау, әйелдерді қолдау, олардың денсаулығын нығайту, салауатты өмір салтын қалыптастыру, ауылдағы медициналық қызметтің сапасын көтеру бойынша нақты тапсырмалар берілгендігі қамқорлықтың шынайы көрінісі деп білемін.
Біздің Есбол селосындағы әйелдер кеңесі соңғы кезде осы тәрбиелік бағыттағы пәрменді жұмыстарымен көзге түсіп келеді. Оның мәнісі, ең алдымен әр ананың өз отбасында баласының тәрбиесін ойлағандықтан деп түсінген дұрыс. Жасыратыны жоқ, соңғы кезде тұрмыстағы түрлі қиындықтарды желеу етіп көптеген отбасылар ұрпақ тәрбиесін ойсыратып алды. Ал, оның теріс әсері көп ұзамай-ақ көріне бастады. Оған Жаңаөзендегі, Атыраудағы орын алған жағымсыз құбылыстар, тәртіпсіздіктер дәлел бола алады.
Жақында біз көп балалы отбасылар мен қарапайым еңбек адамдарымен кездесу өткізіп, оның алдында өнерлі жандардың басын қосып, ой-пікірлерін біліп, бос уақытты пайдалы өткізе білу жөнінде тәжірибе алмастық. Бұл отбасыларда еңбек пен тәрбиенің өнегесі алдыңғы ретте тұрады. Игіліктің бәрі де тек адал еңбектің, сол жолда төккен тердің арқасында келеді. Сонымен қатар, еңбекпен есейген жандардың одан тайсалмай жаңашылдыққа ұдайы жақын тұратынын да ұмытуға болмайды. Біз кездесулер ұйымдастырған отбасылардың қай-қайсысында да кемінде бір-екі адам кәсіпкерлікпен айналысады. Тиісінше, еңбек еткен адамның тұрмысы да, көңіл-күйі де көтеріңкі болады.
Ұрпағының болашағын да ондай жандар ешқашан жадынан шығармайды. Елбасы Жолдауында келешектің кілті білімді, жаңа кәсіптерді ерінбей үйренген жастың үлесінде болатындығын айтып өтті. Жас мемлекеттің қажеттілігі де, сұранысы да әрдайым жоғары тұруы тиіс. Олар бүгінмен қатар ертеңін де ұмытпау қажеттігін айқын біледі. Маған Елбасының 2050 жылға дейінгі дамудың жолын таңдағанда осы мәселені бірінші кезекке шығарғаны соны ұқтырғандай болып көрінеді.

Ажар СҰЛТАНҒАЛИЕВА,
Есбол селолық әйелдер кеңесінің төрағасы,

Индер ауданы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*