«ЕЛБАСЫ ЖОЛДАУЫ – ӘР ОТБАСЫНА»

Осылайша, Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау облыстық филиалының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қойшығұл Жылқышиев бастаған керуен жолға шығып, алдымен Атырау қаласына қарасты Қайыршақты селолық округіне ат басын тіреді. Керуен құрамындағы облыстық аурухананың дәрігерлері Томарлы елді мекеніндегі емханада болып, тұрғындарға тегін қызмет етті. Мұнда медициналық тексеруден өтуге келген ауыл тұрғындары да аз болмады. Соның бірі біз тілдескен 62 жастағы Күлән Исламғалиева көз дәрігеріне тексерілуге келіпті.
– Ауыл емханасында дәрігерлер толық жетіспейді. Осыдан үш-төрт жыл бұрын көзім ауырып, Балықшы селолық округіндегі емханаға бардым. Ауыл арасы қашық болғандықтан оған жетудің өзі қиындық тудырады. Бүгінгі керуен құрамында облыстық аурухананың көз дәрігері Сапарғали Абдуллаев та бар екен. Қазір оның тексеруінде болып шықтым. Дәрі-дәрмектер беріп, 15 күннен кейін қайта тексерістен өтуге кеңес берді, – деген пікірлесіміз Елбасының тапсырмасы негізінде мұндай бастаманың қолға алынғанына ризашылық білдірді.
Одан әрі керуен аталмыш елді мекендегі мәдениет үйінде болды. Керуенбасы Қойшығұл Жылқышиев жиналғандарды ұйымдастырылып отырған шараның мақсатымен, жұмыс барысымен таныстырды.
– Елбасының Жолдауын халыққа кеңінен түсіндіріп, оны іске асыру мақсатында құрылған үгіт керуені құрамында 25 адам қызмет етеді. Дәл қазір дәрігерлер емханада қызу жұмыс үстінде. Сондай-ақ, күні кеше қуыршақ театры да мәдениет үйінде кішкентай көрермендеріне тегін өнер көрсетті. Бүгінгі бастау алған керуеннің бірінші кезеңі маусым айының аяғына дейін жүргізіледі. Ал, екінші кезең тамыз – қараша айларында өтеді, – деген Қ.Жылқышиев керуен жұмысы аудандардың барлық елді мекенін қамтитынын айтты.
Әлеуметтің әлеуетін арттыруда Мемлекет басшысы ұсынған бағдарламалар аз емес. Әсіресе, ауыл тұрғындарына төмен пайызда шағын несие алып, кәсіп ашуға мүмкіндік мол. Бұл жөнінде керуен мүшесі, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жұмыспен қамту бөлімінің бас маманы Дина Әбішева мәлім етті.
Көшпелі керуен жұмысы барысында ауыл жұртшылығы тынымсыз еңбектің арқасында төрт түлік басын көбейтіп жатқандарын, егістік және жайылымдық жерлері жетерлік екенін айтып, мемлекеттік бағдарламалардан да тыс қалмайтындарын, мал басын асылдандыруға да мүмкіндіктері бар екендіктерін тілге тиек етті.
Сондай-ақ, заңгерлік қызмет түрлері де көрсетіліп, ауыл тұрғындары көкейде жүрген сауалдарына нақты жауап алды. Одан әрі тұрғындар өздері үшін арнайы әзірленген концерттік бағдарламаны тамашалады. Түстен кейін үгіт керуенінің жұмысы Геолог селолық округінде жалғасты.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*