Елімізде түнгі клубтар жабыла ма?

28418 6 t itk l k p t ng klub ru Жаңалықтар

Аtr.kz/31 мамыр, 2019 жыл. Парламент мәжілісінің пленарлық отырысында депутат Нұрлан Дулатбеков 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін мен аштық құрбандарын еске алу күнінде елдегі барлық ойын-сауық орнын жабуға ұсыныс білдірді.

Ол депутаттық сауалын Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықоваға жолдады.

Мәжілісмен атап өткендей, елдегі Жастар жылын ескере отырып, Саяси қуғын-сүргін мен аштық құрбандарын еске алу күнін өткізудің бірыңғай концепциясын жасау қажет.

«Сонымен бірге, телевидение мен радиодағы бүкіл көңіл көтеру бағдарламасына шектеу қойылуы тиіс, барлық концерт пен басқа шаралар кейінге қалдырылсын, ойын-сауық орындары жабылсын», – деп Нұрлан Дулатбеков мәжілістің пленарлық отырысында депутаттық сауалын оқыды

Оның ұсынысы бойынша сол жылдары болған оқиғаларды объективті әрі толық зерттеп, архивтік материалдардың қолжетімді болуына, конференциялар мен симпозиумдар өткізуге жағдай жасау қажет.

«Қуғын-сүргінге ұшыраған және қаза тапқан отандастарымыздың есімін қалпына келтіру жұмыстарын жалғастырып, қажет болған жағдайда ақтау керек», – деді депутат.

Дулатбеков атап өткендей, адамдардың жаппай қаза болып, көмілген жерлерін анықтап, білім беру мекемелерінде ел тарихын оқытуды қайта қараған жөн.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз