Әлемдегі ең алып Құранның қайда екенін білесіз бе?

Дін Ел жаңалықтары Жаңалықтар Рухани жаңғыру Руханият Қазақ қазынасы ҚАЗЫНА Қоғам Ұлы даланың жеті қыры

Atr.kz/24 қыркүйек, 2019 жыл.  Жуырда Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы филиалы жанынан шыққан делегация құрамында  жұмыс сапарымен Татарстанның астанасы Қазан қаласында болып, тұла бойы тарихқа толы көне шаһардың көрсе көз тоймайтын көрікті жерлерін аралау мүмкіншілігіне ие болдық.

Қазақстаннан барған топты күтіп алған ресейліктер алғашқы күні біздерді көне қала  келбетімен  таныстырып, ертеңіне Қазан қаласынан 200 шақырымдай жердегі әлемдік маңызы бар ескерткіш – «Болгар» мемлекеттік тарихиархитектуралық музейқорығына апарды.

Территориялық аумағы 380 га жерді алып жатқан Болгар көне қалашығы ЮНЕСКО-ның қорғауындағы әлемдік тарихи жәдігер болып табылады. Тарихшылардың айтуынша, бұл орын ІХ-Х ғасырларда Еділ бұлғарларының астанасы болғанға ұқсайды. Сақталған ғимараттар бүгінгі күні XIII – XIV ғасырлардағы бұлғар-татар архитектурасының осы күнге дейін жеткен озық үлгілері саналады.  Қазіргі таңда бұл қорықта «Ақ мешіт» діни-тұрмыстық кешені, Бұлғар өркениетінің музейі, Бұлғар тарихының музейі, Хан мавзолейі, Құран музе йі , Ақ Палата , Қара Палата, Собор мешіті, «ХІІ ғасыр үйі» ашық аспан музейі, Успен шіркеуі  тәрізді бірнеше архитектуралық ғимараттар мен ескерткіштер бой түзеген. Осылардың ішінде шоқтығы биігі, және қорыққа келушілердің ең көп қызықтайтын, сағаттап тамашалайтын орны – «Құран музейі» ғимараты екен.

Келушілерге алыстан мен мұндалап тұратын, алтын күмбезді бұл нысанның сырт келбеті негізінен  мешітке келіңкірейді. Қос қабатты бұл ғимарат 2012 жылы Еділ  бұлғарларының 922 жылы Ислам дінін қабылдауы құрметіне салынып, ғимараттың алғашқы қабатында өткен ғасырлардың әр кезеңдерінде басылған Құран кітабының әртүрлі пішіндегі үлгілері мен сан түрлі діни еңбектердің түпнұсқалары көрініске қойылыпты. Жаратушының сөзі жазылған бұл кітаптардың әрқайсысы жеке шыны ішінде, белгілі температура мөлшерін ұстап тұру арқылы сақталған. Бұл жерде Ресей және Орта Азияда қолданылған жәдігерлер бір жерге шоғырланыпты. Бүгінгі күні бұл кітаптардың әрқайсысы баға жетпес  мұра болып табылады.

Ал, екінші қабатта, ең басты жәдігер – ұзындығы екі метр, ені бір жарым метр, салмағы 800 келіні   құрайтын алып Құран кітабы орналасыпты. Атшаптырым бөлменің ортасына шыны қоршаумен қоршалып, әспеттеліп қойылған бұл кітап баспа арқылы шыққан дүние жүзіндегі ең үлкен Құран есебінде 2011 жылы Гиннестер рекордына енген. Бұл жайтты растайтын құжат бөлменің көрнекті жеріне ілініпті. Алғашқы кезде кітап бір жылдай Қазан қаласындағы «Кул-Шариф»  бас мешітінде болып, мұнда Құран музейі ғимараты бой көтерген соң әкелінген. Тасымалдау кезінде Құранды 16 адам  шаққа көтерген делінеді.

Аталмыш алып кітап 2011 жылы италяндық ACR Group баспаханасында басылған. 632 беттен тұратын жәдігердің әр парағы жоғары сапалы шотландтық  қағаздан дайындалып, уақыт безбеніне шыдау үшін арнайы жабдықтармен көмкерілген. Музей қызметкерлерінің айтуынша, әлемде теңдесі жоқ кітаптың табиғи теріден жасалған мұқабасын әрлеу үшін алтын, күміс және  малахит, бирюза, коралл, авантюрин тәрізді асыл тастар пайдаланылған. Ауыр салмақтың әсерінен парақтар бір-біріне жабысып қалмас үшін, аптасына бір рет кітап беттері парақталып шығады екен. Әр беттің парақталуы екі адамның ептілікпен ұстаған қол күші арқылы  жүзеге асырылады.

Бүгінгі  күні бұл алып Құран бірегейлігі мен жоғары көркемдік деңгейде жасалған туынды ретінде  Ресей елінің бірден-бір құнды мәдени  жәдігері есебінде мемлекет қорғауына алынған.

Мұратбек ЖАҢАБАЙ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *