ЕЛ ҚОРҒАҒАН ЕРЛЕР

 

Мен – майдангер ұрпағымын

Кеңес үкіметі кезіндегі Астрахан губерниясының бірінші округінің бірінші ауылында қарапайым ғана шаруа отбасында дүниеге келген қарт атам Қаби Меңетаев заманның қиындығына  қарамастан төрт жылдық діни мектепті тәмәмдаған адам. Коммунистік партия қатарына өтіп, өндірістік салада қызмет атқара бастаған кезінде 1942 жылы әскер қатарына шақырылып, соғыстан 1945 жылдың қазан айында туған жерге оралады. Майдан даласында көрсеткен ерлігі еленіп, «Ерлігі үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені  үшін», «Варшаваны алғаны үшін» және басқа да әскери-мерекелік медальдармен марапатталды.

Ендігі тілегім – қанқұйлы соғыста жауға қарсы тұрып, ерлік көрсеткен атамның есімі Индер ауданы, Елтай елді мекеніндегі көшелердің біріне берілсе деймін.

Диас АЙБАРОВ,

Индер ауданы. 

Олар бейбіт өмір сыйлады

Сұрапыл соғысқа қатысқан Естай Құршекенов, тылда еңбек еткен әкем Бақыт Телеуов пен Жарсуат ауылының 86 жастағы тұрғыны Үмбет Тезекбаевтар – Жеңіс күнін жақындатуға атсалысқан жандар.

Әкем зағиптығына байланысты соғысқа бара алмаса да сол кездің бар ауыртпалығының бел ортасында жүріп, колхозда есепші, бөлімше басқарушысы болып еңбек етті. Қарапайымдылығымен, қажырлы қайратымен, шыншылдық қасиеттерімен ауылдастарының есінде қалды. Замандасы, Индер ауданының Құрметті азаматы Сүндет Тасқариннің айтуынша, ол 1950-ші  жылдары колхозда өткен ақындар сайысына қатысып, Серғали ақынмен айтысады. Бұл айтыстың әсері шыншылдығымен, ұйқастарының шеберлігімен, астарлы әзілімен көпшіліктің көңілінде ұзаққа дейін қалған.

Ал, соғыс ардагері Естай Құршекеновпен 1966 жылдан бері көрші тұрдық. Есекеңнің әулеті үлкен. Ол 1941 жылы соғысқа аттанып, Берлинге дейін жеткен. Соғыс аяқталған соң бір жылдан кейін ғана елге оралады. «Даңқ» ордені, «Будапешті алғаны үшін», «Праганы алғаны үшін», «Варшаваны алғаны үшін»  медальдарының иегері. Соғыстан аман оралғаннан кейін де, алған жарақатына қарамастан Есекең ұзақ жылдар аудандық мал дайындау мекемесінде, Жамбыл атындағы кеңшарда абыройлы еңбек етті. Моншақ анамызбен бірге 67 жылдай отбасылық тату ғұмыр кешіп, еңбекке құштар ұрпақ өсіріп, тәрбиеледі.

Тыл ардагері Үмбет Тезекбаев 1944-1947 жылдары Қызылжар ауылы кеңесінде кітапхана меңгерушісі болып еңбек етті. «Бірлік күш» колхозының аға шопандарына жиі-жиі кітаптар таратып, газет-журналдар жеткізіп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. Кеңес әскерлерінің жеңістерін айтып, малшылар қауымын қуантып, олардың еңбектерін еселеуге күш-қуат, жігер береді. Мал азығын дайындауға көмектеседі.

«Жеңіс күнін жақындатуға қарттар да өз үлестерін қосып, қой жүнінен жүн иіріп, қолғап, шұлық тоқыды. Қой терілерін илеп, жылы, шолақ ыңғайлы тондар тігіп, ертелі-кеш тыным таппайтын», – дейді Үмбет Тезекбаев

Амантай БАҒЫТ,

Индер ауданы,

Жарсуат ауылы.

Оның  есімі бізге  мақтаныш

Бүкіл елге келген сұм соғыстың зардабы Махамбет ауданы, Бақсай ауылын да айналып өтпеді. Осы ауылдың тұрғыны Абылай Қалиев 1942 жылдың 27 сәуірінде Гурьев әскери комиссариатына шақырылып, бір айдан астам уақыт  333-атқыштар дивизиясында  614-ерекше саперлер батальонында сапер-миналық істің қыр-сырын  меңгереді. Сол жылдың мамыр айында майданға Украина жеріне аттанып, бірден 167-атқыштар дивизиясының  180-жеке саперлер батальонында саперлік бөлімнің командирлігіне тағайындалады. 1943 жылы атам Абылай Сумы, Ромны, Вышгород қалаларын жау қолынан азат етуге қатысып, Киев үшін шабуылға шығады. Бұдан өзге де қалаларды азат етуге  атсалысқан  ол,  Украина жерінде жарақат алып, әскери ауруханаға түседі.

Ол соғыс аяқталғаннан кейін 1947 жылы «Қызыл Жұлдыз» және II, III  дәрежелі «Даңқ» ордендерімен, «Германияны жеңген жеңісі» мен «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды.

Асыланбек ҚАЛИЕВ,

майдангер немересі.

Әуе  қыраны

Соғыс және еңбек ардагері Бағыт Қуанышұлы 1925 жылы 16 мамырда Атырау облысы, Махамбет ауданында дүниеге келген. Бағыт ағаның жастық шағы сұрапыл соғыстың, яғни 1941 жылдың 22 маусымында басталған қаһарлы жылдардың отты күндеріне тап келеді. Әскер қатарына 17 жасында алынып, әуе-десанттарының қатарына қосылады. Бес жыл майдан даласында болған Бағыт аға соғыс аяқталған соң да 1947 жылы Рязань қаласындағы жоғарғы авто-техникалық әскери училищеде оқып, бұдан кейін Порт-Артур қаласындағы кеңес әскерінің құрамында әскери қызметті қайтадан жалғастырады. Алайда, 1951 жылы демалыс алып үйіне оралған кезде  соғыстың  зардабын тартқан отбасының жағдайын көріп, отбасын асырауды парызым деп санап, елде қалып, түрлі салада қызмет атқарады.

Әуе-десанты дивизиясында жүрген кезінде қалыптасқан ерлік, елжандылық, сабырлылық, мейірімділік қасиеттерін жоғалтпады. Ол «Ерлігі үшін» медалімен үш мәрте марапатталып, I, II дәрежелі «Отан соғысы», III дәрежелі «Бостандық», «Еңбек Қызыл Ту» және «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері атанды.

Дулат ХАМЗИН,

облыстық тарихи-өлкетану

мұражайының маманы.

Ерлік  – ұрпаққа  ұран

Атырау облысы, Индер ауданы, Құрылыс ауылында 1925 жылы дүниеге келген нағашы атам Жұмабай Жұмашев – Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер. Бірлестік колхозында түрлі жұмыстар жасап жүрген бозбала шағында 1943 жылдың қаңтар айында әскерге шақырылады. Украина майданының 65-атқыштар полкінің құрамында жаумен шайқасқа қатысады. Бұдан кейін болған «Старосколь» стансасындағы ұрыста жарақаттанып, госпитальға түседі. Емделіп шыққан соң, Польша, Германия, Чехославакия жерлеріндегі шайқастарда болады. 1945 жылдың маусым айында неміс басқыншыларынан Украинаны азат ету шайқасында болып, денсаулығының сыр беруіне байланысты елге оралады. Елге оралғаннан кейін Гурьев өзен портында, Құрылыс ауылында дүкен меңгерушісі, Бақсай ауданына қарасты Карманов селосында, Көктоғайда «Өнеркәсіп және азық-түлік» дүкендерінің меңгерушісі болып сауда-саттық саласында 40 жыл қызмет атқарды.

Айзада БАЙҚУАТОВА.

От пен оқ арасында…

Соғыс басталған алғашқы жылдары  Мақаттан мың жарымдай адам аттанады. Солардың арасында атам Құбай Нұрғалиев те бар болатын. Доссор кентінде 1923 жылы дүниеге келген атам 1942 жылдың қараша айында 19 жасында Отан  қорғауға аттанады. Чкалов облысы маңындағы Троцкий қаласына апарып соғыс қимылдарына үйреткен оларды  193-жаяу әскер полкіне қосады.

«Тұла бойың толған қару-жарақ, оқ-дәрі, қолдағы кішкене күрекпен окоп қазып, бой тасалау оңай жұмыс емес. Командир «Алға!» деп бұйрық бергенде бораған оққа қарсы шығу тіптен қиын. Осындай кезде жау оғы қасыңдағы қаруласыңа тиіп, оның жер жастанғанын көру нағыз азап. Бірақ, адам оған да төзеді екен», – деп айтатын Құбай атам.

Ұрыс кезінде үш рет жарақат алып, 1946 жылы елге оралған оған  «Ерлігі үшін», «1941-1945 жылдардағы жанқиярлық еңбегі үшін»  медальдары берілді.

Қуаныш ҚҰБАЕВ,

Мақат мұнай-газ технологиялық

колледжінің II курс студенті.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*