ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ТУРИЗМДІ ДАМЫТУ

Алты жылдан бері қызмет етіп келе жатқан «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының айрықша қорғалатын аумағында құстардың 292, сүтқоректілердің 43, жануарлардың 48, балықтың 76, өсімдіктердің 560 түрі кездеседі.

Аң мен құстың, балық пен өсімдіктің өте сирек кездесетін түрлеріне дейін мекендейтін бұл қорық мемлекет қамқорлығында. Мемлекеттік резерват    ұжымының басты  міндеті –  Жайық  өзенінің  Каспий теңізіне құяр сағасының бірегей экожүйесіне  мониторинг жүргізу, жануарлардың, құстардың,  балықтардың  алуан түрлілігін қорғауды қамтамасыз етуді  экологиялық ағартумен қатар, туризм кластерін дамыту болып табылады

Атырау облысы үшін маңызды резерват  халықаралық  табиғат қорғау  Рамсар  Конвенциясының, Бонн Конвенциясының тізіміне енгізілген. Каспий теңізі жағалауында Қазақстан аумағы бойынша бұл деңгейдегі мәртебемен тең ерекше қорғалатын табиғи аумақ болған емес.

Резерватта осындай міндеттерді атқарып жүрген ғылым және мониторинг, табиғи кешенді қорғау, экологиялық ағарту және туризм бөлімдері жұмыс істеп келеді. Жан-жануарлар мен құстар туралы мағлұматтармен ғылыми бөлім айналысса, ерекше қорғалатын аумақтың қорығындағы құстар және жалпы биологиялық алуан  түрлі-ліктің қорғалуын қадағалауды қорғау бөлімі, оларды қаламызға келген қонақтар мен қала тұрғындарына арнайы саяхаттармен таныстырулар сияқты жұмыстарын жүргізумен экологиялық ағарту және туризм бөлімі айналысады.

Бүгінгі күні мұнда бірқатар жұмыстар қолға алынған. Соның ішінде мемлекеттің ұлттық парктерін, табиғи қорықтарын және мемлекеттік табиғи резерваттарды қолдау мен сақтау мәселелері – басты міндетіміз. Бұл ретте «Табиғатты аялайық, болашақты ойлайық» ұранымен жыл сайынғы «Парктер шеруі» қоғамдық акциясы өтеді.

Қаламызда туристерді қарсы алатын аймақ құрып,  Қызыл кітапқа енген құстар мен жануарларға толы Жайық өзені атырабы мен Каспий теңізі жағалауын тамашалауға мүмкіндік жасалса,  облыстың экологиясы мен экономикасын тең ұстаған болар едік.

Теңіз жағасына саяхаттауға өткен жылы 82 турист келіп демалса, биыл олардың саны он айда 70 адамды құрап отыр.

«Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты аумағында бүгінде туристер үшін бірқатар жағдай қарастырылған. Мәселен, мұнда саяхат жасаушыларға арналған төрт экологиялық маршрут бар. Солардың ішінде екеуі жер үсті, екеуі су үсті көлігімен жүргізіледі. Таза ауа, таңғажайып  табиғат, жер бетінде сирек кездесетін, тіпті кей түрлері жойылуға жақын өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, тек теңізде ғана кездесетін бағалы бекіре балықтар, жер шарын айналып келіп, «Ақжайықты» мекендейтін құстар әлемі – осының бәрі бір ғана қорыққа жиналған. Бұл мекенде құстар ән салады, келген адам жердегі жұмақты, тылсым  табиғатты көріп тамсанады.

Осы тұста айта кету керек, егер Каспий теңізі жағалауына туристерге жайлы жағдай жасалып, қажеттіліктерімен қамтамасыз етілсе, өлкемізге шет елден келген  меймандарға Атырауды бүгінгіден әлдеқайда артық есте қаларлықтай саяхат орны етуге болар еді. 

Жайық өзенінің бойынан басталып, Каспий теңізінің әсем табиғатының маңызды бөлігі біздің өңірде екенін әлемге танытып, ел үшін де, жер үшін де пайдалы экологиялық туризмді ұйымдастырып, ерекше қорғалатын биоалуан табиғаттың тіршілігін тамашалап, экологиямызға еш зиянын тигізбей осы істерімізді жалғастырсақ дейміз. Демалысын теңіз  үшін шет елге барып өткізетін жерлестеріміз өзіміздің жерімізде өткізсе, ел пайдасына шешілген бір игі іс болар еді.

Жалпы, Елбасының өзі Ұлт жоспары «100 нақты қадамында» туризм саласы экономикалық және әлеуметтік құбылыс ретінде ауқымы айтарлықтай кеңейген қызмет түрі екенін айтқан болатын. Бұл ретте туристік кластерлер құруда үздік тәжірибесі бар стратегиялық инвесторлар тартудың да маңызы зор. Сол үшін де қазіргі уақытта туризмнің  жұмыспен қамтамасыз етуде, жеке табыс пен мемлекеттік кірісте алатын рөліне баса назар аударылуда.

Мейрамгүл  МАЕВА, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты экологиялық ағарту және туризм бөлімінің  маманы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*