Қоршаған ортаны қорғай жүр!

orsha an orta Экология

Аймақта 1-31 мамыр аралығында Жайық өзенінің жағалау белдеуін қоқыстан тазарту бағытында «Таза су қоймалары» республикалық дәстүрлі табиғат қорғау акциясы өтуде. Соңғы тазалық жұмыстары өткен сенбіде облыс орталығынан 9 шақырым қашықтықта орналасқан «Бугорки» саяжай учаскелері маңында ұйымдастырылды.

Қоршаған орта

Оған облыстық ішкі саясат басқармасының Азаматтық орталығы мен «НКОК» компаниясы бірігіп, еріктілер, қоғамдық ұйым мен дербес бөлім өкілдері қатысты. Нәтижесінде, 50 тоннадан астам қоқыс жиналды. Атырау облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау инспекциясының бөлім басшысы Нұрлыбек Әшенов мұндай шаралар жергілікті тұрғындарды қоршаған ортаны таза ұстауға тәрбиелейтінін айтады.

Осындай акция Құрманғазы ауданында да өтті. Өкінішке орай, көктем келісімен табиғат аясында серуендейтін тұрғындар демалыс орнын тазаламай кетеді. Соның орнын толтырған түрлі мекеме қызметкерлері 60-70 тонна қоқысты жүк көлігімен шығарды. Сондай-ақ, олар суда қалған қалдықтарды жинауға да үлес қосты. Ал, аталған инспекцияның аудандық бөлімінің бас маманы Таңатар Қуаналиев Қиғаш өзенінің жағалауын тазалау жұмыстары алдағы қыркүйек айында Ресеймен бірлесе атқарылатынын мәлім етті.

Азаматтардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруды көздеген игі іс Индер ауданында да жалғасын тапты.  Оған 65 мекемеден 650-ге жуық адам атсалысып, алты экскаватор мен бес камаз көліктері жұмылдырылды. Су астын сүзу жұмыстары жүргізілді. Білім ұяларында экологиялық дәрістер ұйымдастырылды. Аудандық инспекция бөлімінің басшысы Тұрар Сайдуллиннің айтуынша, акция алдағы уақытта да жалғасады.

Амандық Абдол

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз