Атырау экологиясының ахуалы кәріз суын тазарту стансасы салынғанда жақсарады

20180328094808 Экология

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын цифрландыру, құрылыс саласын дамыту мәселесі облыстық әкімдікте өткен басқосуда айтылды. Алқалы жиынға аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев пен Инвестициялар және даму министрлігінің құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов қатысты.

20180328094808

Қазір өңірде құрылыс саласында, тұрғын үй-коммуналдық секторды дамыту бойынша ауқымды жұмыстар жүруде.

– Облыс орталығы маңынан ауданы 1,4 гектар жаңа ықшам-аудан салу жоспарда бар. Болашақ құрылыстың жобалау-сметалық құжаттамасын дайындау, қажетті инфрақұрылымдарды тарту жұмыстары жүруде. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандары қысқы маусымға толық дайын, – деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.

Алайда, аймақтағы ең басты проблема Атыраудағы кәріз-тазарту қондырғысының жайы болып тұр. Жүйе болғанымен, кәріз тазарту имараты жоқ, бары ескірген. Қалада жаңа ықшамаудандардың көбеюі, оған қоса, экологиялық ахуалдың ушыға түсуіне байланысты шұғыл шешім алудың қажеттілігі туындады. Осыған орай облыс орталығында кәріз суын тазарту стансасы салынуда. Ол  келесі жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Аталған нысан қаланың сол жақ бөлігінің кәріз суын тазарту проблемасын толықтай шешуге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта оны Жайық өзенінің оң жақ жағалауынан да салу үшін қажетті құжат дайындалуда.

Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов өңірде атқарылып жатқан жұмыстар мен қолға алынған жобалардың маңыздылығына тоқталды.

– Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын цифрландыру, аталған жобаның артықшылықтары туралы халыққа түсінік беру жұмыстары өте маңызды, – деді Мархабат Жайымбетұлы.

Оның айтуынша, өңірде «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламалары табысты іске асып жатыр. Тұрғын үй құрылысы қарқынды жүруде. Әсіресе, «7-20-25» бағдарламасы аясында оң көрсеткіштер бар.

Сондай-ақ, «Е-Шаңырақ» электронды жүйесін құру жобасының таныстырылымы өтті. Бұл жоба тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық саласының ашықтығын қамтамасыз етуге, тұрғын үй құрылысы саласының барлық субъектілерін қамтуға мүмкіндік береді. Жоба арқылы тұрғындар интернет ресурстарды қолдана отырып, аударымдар мен төлемдердің  дұрыстығын тексеріп, үй бойынша шығындар мен кірістерді бақылайды. Аталған саланың проблемалары туралы шағымдар қалдыра алады. Сонымен қатар, басқосуда тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық нысандарын есепке алу жөніндегі ақпарат айтылды. Бұл жұмыстар тұрғындар мен тұрғын үй-коммуналдық сектор нысандарының қаражатын үнемдеуге жол ашады.

 

Азамат Базарбаев

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз