Мекен-жай деректері өзгергенде тұрғындар қайда баруы керек?

EGOV Ел жаңалықтары Жаңалықтар Қоғам

Atr.kz/ 17 сәуір, 2019 жыл. Бүгінде мекенжай мен жылжымайтын мүлік деректерінің өзгеруінен тұрғындар кейбір кедергілерге тап болады. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында мемлекеттік қызметтер көрсетуге арналған заң жобасын талқылау кезінде мәлім болды.

«Қазіргі кезде азаматтар тарапынан көптеген наразылық туғызатын жағдай – ол мемлекеттік органдардың шешімдері салдарынан мекенжай мен жылжымайтын мүлік деректерінің өзгеруіне байланысты. Мысалы, мемлекеттік органдардың шешімі бойынша көшенің атауы немесе үйлердің нөмірленуі өзгеріп кетіп, тұрғындардың өз құжаттарына өзгерістер енгізуіне тура келеді. Өйткені үйдің мұндай құжаттарын банк те, нотариус та қабылдамайды. Бұған кемінде 10 жұмыс күні қажет болады.

Алдымен, Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы мекенжайдың өзгеруі туралы анықтама алу немесе мекенжайды анықтау үшін сәулет басқармасына жүгіну керек, бұған 7 жұмыс күні кетеді. Содан кейін тағы 3 күн өзгерістерді тіркеуге арналған өтініш қаралады», – деп түсіндірді Мәжіліс депутаты Майра Айсина.

Заң жобасында мемлекеттік органдардың шешімі бойынша, оның ішінде елді мекендердің атауы, көшелердің атауы, сондай-ақ ғимараттар мен өзге де құрылыстардың реттік нөмірі өзгерген кезде, жылжымайтын мүліктің сәйкестендіру сипаттамаларына өзгерістерді тіркеудің ақпараттық жүйелерін интеграциялау арқылы автоматты түрде жүзеге асырылатыны көзделген. Палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, аталған заң жобасы аясында зейнетақы құжаттарын рәсімдеуде өзгерістер болады. Сонымен қатар, Қазақстан аумағындағы кез келген тіркеуші органға өткізуге болатыны айтылған еді.

Дереккөз: “ҚазАқпарат”

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *