Жанармай бағасы: Біз енді ешкімге тәуелді емеспіз!

Screenshot 1 1 Экономика

Өз жанармайымызбен өзімізді жарылқайтын кез келді. «Еліміздегі үш мұнай өңдеу зауыты бензинді артығымен өндіреді» деген болжам бар. Алайда, Ресейдегі өнімнің қымбаттауы көпшіліктің көңіліне алаң кіргізді. Сала өндірісіне жауаптылар «оған ешқандай негіз жоқ» дейді

Screenshot_1

Резервте – 560 мың тонна

Жанармай нарығындағы бағаның қалыптасуына көрші елдегі жағдайдың ықпалы барын Энергетика министрі Қанат Бозымбаев жоққа шығармайды. Дегенмен, ол мұнай өнімдерінің артылатынын айтып отыр. Министрдің баяндауынша, қордағы АИ-92 маркалы бензиннің көлемі 316 мың тоннаны құрайды. Бұл нақты сұраныстан бір жарым есеге артық. Шымкент мұнай өңдеу зауыты толығымен іске қосылғаннан кейін артық жанар-жағармайдың көлемі арта түседі. Резервтің көлемі 560 мың тоннадан асады.

Сол себепті бізге мұнай өнімдерін экспортқа шығаруға тура келеді. Әзірше, экспорт жабық. Ресеймен арада келісім бар. Енді, оны өзгерту керек. Аталған құжатқа сәйкес, біз ортақ нарықты басқаша реттеуді көздейміз. Соның нәтижесінде қазақстандық мұнай өнімдерін экспортауға жол ашылады, – дейді Энергетика министрі Қанат Бозымбаев.

Ресейдің жанармайын теміржолмен жеткізуге тыйым салу жоспарлануда. Бұл отандық жанар-жағармай көлемінің жеткілікті болуынан туындап отыр.

Шымкент мұнай өңдеу зауыты қайта жарақтандырылған соң дизельді отынмен өзімізді толығымен қамтамасыз ете аламыз. Ал, маусым айында авиакеросинді сертификаттауды аяқтасақ, ішкі сұраныс толығымен өтеледі. АИ-92, АИ-95, дизель отыны мен авиакеросин бойынша ешқандай қиындық болмайды, – деп түйін жасады Қанат Бозымбаев.

Сұранысқа сай өнім

Жанармай бағасының қалыптасуына, сұранысын қамтуда Атырау мұнай өңдеу зауытының айтарлықтай үлесі бар. Бүгінде байырғы өндіріс орнын қайта құрылымдау жұмысы аяқтала келді. Өндіріске жаңа технологиялар енгізу зауыттың қуатын еселей түседі. Шикізатты тереңдетіп өңдеу артып, автокөлік жанармайы, дизель отыны және авиакеросин өндірісі ұлғаяды. Барлық мотор отындары Евро-5 деңгейіне сәйкестендіріледі.

Қазірдің өзінде зауытта дизельдік отынның К4, К5 стандарттары шығарыла бастады. Өндіріс орнының жоғары сапалы, әрі жаңа өнімі ерекше сұранысқа ие болып отыр. Жаңа технологияға бағытталған жұмыс еңбек өнімділігін арттырып, алып нысанды бәсекеге қабілетті ете түсті.

Жөндеу мерзімі қысқарады

Бүгінде еліміздегі мұнай өңдеу зауыттарын жөндеу кестесі өзгертіліп отыр. Бұл мұнай өңдеу көлемінің өсуіне мүмкіндік береді. Атап айтқанда, Атырау және Павлодар мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртудан кейін ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету деңгейі көтерілді. Мәселен, бензиннің 83 пайызы, дизельді отынның 95, авиакеросиннің 58 пайызы өзімізде өндіріледі.

Биыл Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жұмыстары аяқталады. Осылайша, мұнай өңдеудің жалпы көлемі 16 млн. тоннаға жететін болады. Сосын мұнай өңдеу зауыттарын жыл сайын жөндеу уақытын 45 күннен 20 күнге дейін қысқарту туралы шешім қабылданды. Енді 45 күндік жөндеу жұмыстары үш жылда бір рет қана жүргізіледі. Қалған уақытта 20 күндік жөндеуге тұрады. Мұның барлығы жөндеу жұмыстарын басқарудың автоматты жүйесі аясында атқарылады. Аталған жүйені биыл енгізетін боламыз. Ал, жөндеу мерзімі қысқарғаннан кейін мұнай өңдеу көлемі артады. Сөйтіп, әрбір зауытта дайын мұнай өнімдері шамамен 300 мың тоннаға көбейеді. Алдағы уақытта ішкі нарықты толығымен отандық жанар-жағармаймен қамтамасыз ете аламыз, – дейді Энергетика министрі Қанат Бозымбаев.

Министрдің сөзіне қарағанда, Қазақстан ішкі нарықты толығымен қамтамасыз етсе де, көрші елдердің саясатын ескере отырып, баға тепе-теңдігін сақтауға тура келеді. Себебі, Еуразиялық экономикалық одақтың шарты осыны қажет етеді. Ішкі нарықта профицит туындаса, артық бензин экспортқа шығарылады. Әйткенмен, мамандар жанар-жағармайға қатаң қадағалаудың керектігін айтады. Отандық өнімдер сыртқы нарыққа көбірек шығарылса, елде мұнай  өнімдерінің жетіспеушілігі орын алуы мүмкін. Мұндай тапшылықтың бағаның шарықтап өсіп кетуіне әсерін тигізері жоққа шығарылмайды. Сондықтан, жанармай бағасын тұрақты ұстау салиқалы көзқарасты қажет етеді.

Азамат Базарбаев

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз