Тайсойғандағы мол мұнай қоры ел игілігіне айналады

20161227182151 Шаһар шырайы

Тажал қаруы сыналған Тайсойған полигонының 624,6 мың гектар жері қайтарылып, ел игілігіне айналуда. Бұл ауылдан ұзатып мал жая алмайтын, жайылымдыққа, шабындыққа мұқтаж халық үшін қолайлы болмақ. Ең бастысы, облыстың экономикасын еселейтін өндірістік жаңа жобалар қолға алынады.

20161227182151

Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Әлібек Ермекқалидың айтуынша, полигонның жалпы аумағы 749,6 мың гектарды құрайды. Оның 90 пайызының қайтарылуы өндірістік, ауылшаруашылық мақсаттағы кешенді шаралардың жүзеге асуына мүмкіндік береді.

– Тайсойғанның жері ауыл шаруашылығына, соның ішінде мал өсіруге өте қолайлы. Сондықтан, бұл аймақтың бір бөлігін ауыл шаруашылығы мақсатына пайдалану жоспары бар. Қазір Ұлттық экономика министрінің бұйрығымен бекітілген «Жер учаскесін немесе жер учаскесін жалдау құқығын сату жөніндегі сауда-саттықты (конкурстарды, аукциондарды), оның ішінде электронды түрде ұйымдастыру мен өткізу» қағидаларына сәйкес конкурс ұйымдастырылуда, – деді Әлібек Ермекқали.

Жер кодексінің талабына сай, сауда-саттық жүргізгеннен кейін мемлекеттік меншіктегі жер теліміне шаруашылық жүргізу құқығы беріледі. Елімізге қайтарылған полигон аумағы әкімшілік ұйымдастырған конкурс қорытындысымен іскер адамдардың иелігіне өтіп отыр. Қазір 35 шаруа қожалығы 92,6 мың гектар жерді заңдастырып алды. Мамандардың пікірінше, шаруагерлердің арнайы аймаққа ұмтылуы бекер емес. Өңірдің шөбі шүйгін, әрі құнарлы. Жер асты суының да мол қоры бар.

Тайсойғанда 1966 және 1977 жылдар аралығында жерасты 24 ядролық сынақ жасалғаны туралы дерек бар. Жазық далаға шашырай құлаған техникалардың сынықтары әлі ұшырасады. Соның кесірінен туындаған жағдайлар – бүгінгі өмірдің шындығы. Ерекше аймақтың бүгінгі ахуалы қандай?

Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің бұдан бұрын жүргізген кешенді зерттеуі полигонның адам денсаулығына зардабы жоқтығын байқатыпты. Судан, топырақ пен ауадан алынған сынамалар айналаның залалсыз екендігін көрсеткен. Қорғаныс министрлігінің мәліметіне қарағанда, мұнда 20 жылдан бері қару-жарақты сынау жұмыстары жүргізілмепті.

– Экологиялық тұрғыдан алғанда жайылымдық жерлер қауіпсіз саналады. Олар кезінде полигонның аумағына кірген болатын, – деді облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Ә.Ермекқали.

Дегенмен, жергілікті жерде жүрек, қан қысымы, онкологиялық ауру түрлері әлі кездеседі. Нәрестелердің өлі туған фактілері бар. Бұл ерекше аймақтың экологиялық ахуалы басты назарда болуы қажеттігін байқатса керек. Тағы бір проблема – Тайсойған полигонын пайдаланудағы бұрынғы келісімшарттағы кейбір олқы тұстарға қатысты. Мұнда кейбір заң баптары, толықтырулардан кейін де мүлік пен жер телімдері заңды және жеке тұлғаларға берілмейді деп қайта нақтыланыпты. Осы келісімге сәйкес, Атырау облысының Махамбет және Қызылқоға аудандарының, Атырау қаласына қарайтын Ақжар селосына тиесілі жерлерінің кейбір бөлігі полигонға жалға берілген аумақтың құрамына кірген. Соның кесірінен жұртшылық салған үйін заңдастыра алмай, кәсіпкерлігін өркендетуге жағдайы келмей, пұшайман күйге түсті.

Сынақ алаңына айналғанымен, Тайсойғанда түгін тартса майы шығатын байлық бар. Мұнда бұдан бұрын да мұнай өндіру қолға алынған еді. Дегенмен, полигонның жалға берілуі кең ауқымды жұмыс жүргізуге мүмкіндік бермеді.

– Полигон жерінің елімізге қайтарылуы мұнайшыларға даңғыл жол ашып отыр. Қызылқоға бұрын ауыл шаруашылығымен белгілі болса, енді келешегінен үлкен үміт күткізген аймаққа айналады деген үміттеміз, – деді «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Әнуар Жақсыбеков.

Өңірдегі байырғы кәсіпорын болашақта көмірсутекті шикізат өндіруді айтарлықтай өсіруді көздеуде. Осы бағытта жоспарлы шаралар жүзеге асып жатыр. Акционерлік қоғам 8 келісім-шарт бойынша жер қойнауын пайдалану құқығына ие екен. Соның біріне Тайсойғандағы Уаз, Қоңдыбай, Шығыс Уаз кен алаңдарын игеру жұмыстары кіреді.

Мұндағы үш мұнай кенішінен жылына 496 мың тонна шикізат өндіріледі. «Ембімұнайгаз» иелігіндегі Уаз, Қоңдыбайдағы жұмыстар да «қара алтын» тасқынын арттыруда. Акционерлік қоғамның басқарма төрағасы Уаз интеллектуалды кен орнындағы тың әдістерге тоқталды. Мұндағы барлық жұмыс автоматтандырылған. Өндіріс жүздеген қашықтықтағы орталықтан басқарылуда.

– Биыл бұл аймақта ауқымды геологиялық барлау және сейсмикалық жұмыстар жүргізу жоспарланып отыр, – деді басқарма төрағасы Әнуар Жақсыбеков.

«Ембімұнайгаз» АҚ басқарма төрағасының геологиялық барлау жөніндегі орынбасары Қайрат Әділбековтің айтуынша, Тайсойған аймағын кешенді игеру жобасы «Қазмұнайгаз» Ұлттық компаниясында қаралуда. Ол бекітілсе, бұрынғы полигон жерінде бұрын-соңды болмаған жұмыстар жүзеге асады. Атап айтқанда, 5600 шаршы метр жерге сейсмикалық барлау жүргізілгелі отыр. Мұнда 3D технологиясы пайдаланылады деп жоспарлануда. Бір жылда орындалуы жоспарланған шаралар жемісін берсе, бұл облыс экономикасына ерекше серпін береді.

– Қазіргі таңда полигонның оңтүстігіндегі Уаздың жанынан шығыс Уаз, солтүстік Уаз кен орындары ашылып, шикізат өндіру жұмыстары жүруде. Соңғы кен орны биыл пайдалануға берілді, – деді Қайрат Әділбеков.

Түйіндей айтқанда, түгелге дерлік жері елімізге қайтарылған Тайсойған полигонының екінші тынысы ашылуда. Бұл өндірістік, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жаңа жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

 

Азамат Базарбаев

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз

  1. Ainaw

    Не дегенменде бұл жердің алғашында полиган болғанын ұмытпау керек, ерекше аймақтың экологиялық ахуалы басты назарда болуы қажет. Тазартылғаннан соң бұл жер өндірістік, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жаңа жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік берсе өте жақсы болар еді, елімізде өз ауыл шаруашылығын немесе өз өндірісін ашқысы келетін адамдар қаншама. Бірақ ең бастысы бірінші экологиялық жағдайын қарастыру деп сенемін.