Сервистік компанияларға сенім неге әлсіз?

ekonomika2 Экономика

Қазақстандық сервистік кәсіпорындар тиімді келісім-шарттардан әлі де шет қалып отыр. Елімізде іске асырылып жатқан ірі жобалардағы тендерлердің жабық жағдайда өтетіндігі, шетелдік компанияларға артықшылық берілетіні осындай жағдай қалыптастырды. Сондықтан, қазақстандық құрылымдардың мүддесі қаншалықты қорғалғаны бүгінгі журналистік зерделеуіміздің арқауы болды.

ekonomika2

Қызмет көрсетудің көлемі өседі

«Атырау» газетіне арнайы сұхбат берген Қазақстанның мұнай сервистік компаниялары одағы төралқасының төрағасы Рашид Жақсылықовтың айтуынша, отандық мұнай-газ саласындағы қызмет көрсету нарығында 1000-нан астам кәсіпорын жұмыс жасайды. Мұнда 170 мыңдай адам еңбек етеді. Саланың жылдық қаржы айналымы 2,2 трлн. теңгеге жетіпті. Осыншалық зор мүмкіндік болғанымен, отандық құрылымдар майлы жіліктен құр қалғандай күй кешуде.

–  Бүгінде Қазақстандағы барлық мұнай-газ сервистік сатып алулардың 75 пайызы – Қашаған, Теңіз және Қарашығанақ секілді ірі үш жоба операторының үлесіне тиесілі. Алдағы уақытта тек осы үш кен орнындағы мұнай өндіруді арттыру  бұл көрсеткішті ұлғайтары анық. Қазір үлкен мүмкіндіктер алдында тұрмыз. Сондықтан, қазақстандық сервистік компаниялардың осы жобаларға тең дәрежеде қатысуына қол жеткізу керек, – деді Рашид Жақсылықов.

Үлкен істің ұйытқысы

Қазақстанның мұнай сервистік компаниялары Одағының құрамына 200-дей компания кіреді. Одақ жергілікті үлесті арттыруды, қазақстандық компаниялардың ірі жобаларға көбірек қатысуын қамтамасыз етуді мақсат тұтады. Бүгінде құрылым ақпараттық-келісім алаңына да айналуда. «Отандық үлес көлемін көбейту үшін бірінші кезекте шетелдік кәсіпорындармен тиімді келіссөздер жүргізу қажет. Шетелдік инвесторлардың келуінен қорықпай, керісінше, көп нәрсені өз пайдамызға жаратып, үйреніп алуымыз керек» деген Одақ төралқасының төрағасы «Теңізшевройлға» қатысты мысал келтірді. Бірлескен кәсіпорын өткізетін тендерлер бұрын шетелдік мердігерлерге бұйырады екен. Қазір өзгеше жағдай қалыптаса бастапты.

Ірі жобаларға отандық компаниялардың қатыса алмауына не себеп? Ең бастысы, олардың миллиард долларды құрайтын лоттарға қауқары жетпейді. Тендер талабы бойынша сол соманың 30 пайызы кепілдікке қойылуы тиіс болса, бұл талапты орындауға қазақстандық компаниялардың қаржылық мүмкіндігі жоқ. Рашид Жақсылықовтың пікірінше, осы себептен шетелдік компаниялармен консорциум құру бағыты қолға алынуда. Соның нәтижесінде құрылған «Асар» консорциумы төрт жобаның біреуін ұтып алған.

«Бұл Қазақстанның және отандық компаниялардың жеңісі деп бағалауға болады», – дейді ол.

Жабық түрде өтетін Тендер

Шетелдік компаниялардың талабынан шығу оңай емес. Мысалы, әңгіменің өзегіне айналған «Теңізшевройлдың» қазақстандық мердігерлерге қоятын талабы өте жоғары. Оған сәйкес қызметкерлер құрамының Теңіз кен орнындағы жұмыс тәжірибесі болуы тиіс. Бұл жағдай білікті мамандардың отандық кәсіпорыннан шетелдік компанияға кетуіне себепші. Қазір осындай олқылыққа жол бермеу бағытында жұмыс жүргізілуде. Айта кетейік, ТШО-ның даму жобасында қазақстандық үлес 32 пайыз болуы керек. Енді оны 37-ге жеткізу көзделуде.

Қазақстан мұнай сервистік компаниялар одағының бас директоры Нұрлан Жұмағұлов «отандық қызмет көрсетуші құрылымдардың тиімді келісім-шарттардан тысқары қалып қоюының негізгі себептері бар» дейді. Соның алғашқысы – тендердің жабық түрде өтетіндігі.

Мысалы, Қашаған, Теңіз және Қарашығанақ бо-йынша  тұрақтандырылған келісім-шарттарды алайық. Бұл операторлардың тендер үрдісі жабық түрде өтетіні бәріне белгілі. Тендерге тек шақырту бойынша келген компаниялар қатысады. Ал, осы үш жобаның үлесіне бір жарым триллион теңге кетеді, – дейді ол.

Несиеге телмірген кәсіпорын

Қаржылық шарттың бірдей болмауы шешімін күткен проблемаға айналып отыр. Себебі, қазақстандық сервистік компаниялардың айналымға қаражаты жетпейді. Ал, нарықта шетелдіктерге барынша жағдай жасалған. Өзіндік бренді бар компаниялар халықаралық қаржы ұйымдарынан төмен пайызбен несие ала алады. Өзіміздің құрылымдардағы ахуал керісінше. Олардың отандық банкке күні түсіп тұр. Алған күннің өзінде, сілесін қатырып, 15-20 жылдық пайызбен үстемелетіп береді. Осынау жағдай кәсіпорындарымыздың бәсекеге қабілеттілік мүмкіндігін шектеуде.

Шекара асып келгендер өндірген өнімін еш кедергісіз әкеле алады. Ол үшін қосымша құн салығын төлемейтін көрінеді. Импорттық баж салығынан да босатылған. Отандықтарға мұндай жеңілдіктің бірде-бірі қарастырылмаған.

Заңдылық рұқсат бермейді

Еліміздің заңдылығындағы үйлесімсіздік те қол байлап тұр. Мәселен, инвестор мен бас мердігер арасындағы келісім АҚШ доллары арқылы жасалады. Ал, бас мердігер (шетелдік компания) мен қосалқы мердігер теңгемен есептеседі. Соңғысының қазақстандық кәсіпорындар екенін ескерсек, олар көп жағдайда девальвацияның әсерінен, қаржыға қатысты өзге де жағдайлардан қолайсыз жағдайға қалады. Себебі, келісім-шарттар еліміздің төл ақшасымен жасалған. Доллар арқылы төлем жүргізуге заңдылығымыз рұқсат бермейді.

Журналистік зерделеу жасай отырып, еліміздің қызмет көрсету саласында әлі де бәсекелестік орта қалыптаспағанын байқадық. Көп жағдайда «Самұрұқ-Қазына» әл-ауқат қорының сатып алуларын «Қазмұнайгаз» ҰК-ның еншілес кәсіпорындары «бауырына» басып алады екен. Нарықтық кезеңде бұл көз жұма қарайтын жайт емес. Айтпақшы, Үкіметтің қаулысына сәйкес аталған құрылымдар 2021 жылға қарай еркін нарықтағы бәсекелестікте болуы керек.

Азамат БАЗАРБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз