Сапалы іске сын бар ма?

nalogovaya min 0 Жаңалықтар

Тәуелсіздіктің таңсәрісіндегі кезеңмен салыстырғанда халықтың әл-ауқаты айтарлықтай жақсарғаны ақиқат. Алайда, тұрмыстың түзелгені тұтынушы талабының өсе түскендігін көрсетеді. Адамдар аспандағы айды сұрамаса да, тіршілік түйткілінің тарқатылғанын қалайды. Осы орайда, әрине, коммуналдық қызметтің қолжетімділігі мен сапасы толғандырады. Бұл мәселе мемлекеттік деңгейде көтеріліп, Елбасының өзі назар аударуының себебі де осында.

Жалпы, елімізде тариф қалай қалыптасады?  Онда тұтынушы мүддесі қаншалықты ескеріледі? Біз осы сауалдарға жауап іздеп көрген едік.

nalogovaya-min_0

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына кезекті Жолдауында тариф мәселесі неліктен өткір қозғалып отыр? Жасыратыны жоқ, дүниені дүр сілкіндірген қаржы дағдарысы әлі айылын жиған жоқ. Көмірсутегі шикізаты бағасының байыз таппай, қырық құбылып тұрғаны да экспортын осы салаға бағыттаған елімізді сан сыннан сүрінбей өтетін жол іздеуге мәжбүр етеді. Әрине, ең бастысы – халықтың қымбатшылық құрсауындағы қыспақта қалмауы. Коммуналдық қызмет құнының күн тәртібіне көтерілгені де сондықтан.

Мәжіліс мақұлдаған заң жобасында монополия мекемелерінің өздері де орынсыз шығындарын шағындап, қайтарыммен қызмет істеуі көзделген. Расында да, егер тарифті одан әрі өсіру шектелсе, онда кәсіпорын ішкі резервтерін іздестіруге мәжбүр болады. Тұтынушыға телмірмей, өз жағдайын саралауға тура келеді. Ал, мұндай мүмкіндік қашан да табылады. Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің айтуынша, табиғи монополия субъектілерін сүйемелдеудің тың тәсілдері енгізілмекші. Мәселен, электр энергиясымен қамту сапасы мен сенімділігі тұтынушылар тарапынан түсетін шағымдардың санымен де сараланбақ. Немесе жоспардан тыс электр энергиясынан айырудың ұзақтығы мен жиілігі есепке алынады. Жылу энергиясының жылыту науқаны кезінде қаншалықты жеткілікті берілгені таразыға тартылады. Ақырында, ауыз сумен қамтуда ол төрт сағаттан аса тұтынушыға берілмесе және жүйеде орынсыз шығын болса, коммуналдық қызмет сапасыз саналады. Осындай талап «көгілдір отын» таратушыларға да қатысты болуы керек.

Міне, көріп тұрғанымыздай, монополия мекеме сапа жолына мықтап бет бұруы тиіс. Енді оның бағасын халық береді. Әйтсе де, күнделікті кездесетін түйткіл бар. Мәселен, «Атырау жылу жүйелері» акционерлік қоғамы көппәтерлі үйлердің іргесіне дейін ғана жауапты. Яғни, желі бойындағы жылудың ғимаратқа жеткізілуін қамтамасыз етеді. Әрі қарай пәтер иелері кооперативтерінің шаруасы. Егер олар өздеріне тиесілі тұрбаларды мезгілінде ауыстырмаса, онда жылу әр пәтерге жеткілікті мөлшерде жетпейді. Ал, тұрғындар үшін кімнің кінәлі екендігі бәрібір, жылу болса жарайды. Содан келіп үйдің салқындығы, ақшаны не үшін төлеп отырғандығы, т.б. дау туындайды. Тұтынушы пәтеріндегі тозығы жеткен тұрбаларды өзі ауыстыруы тиістігін ұмытады. Сайып келгенде, ол – оның жеке меншігі. Ендеше, ішкі істі өзі тындыруы тиіс. Кінәні басқаға артып, масылдық пиғылдан арылатын кез келді.

Әйтсе де, қазір шаһар сыртындағы жеке үйлерге ауыз су жетіспейді. Әсіресе, жаз уақытында және түнгі мезгілге қысым өте төмен. Мұны немен түсіндіруге болады? Жеті жыл бойы инвестициялық бағдарламасын жүзеге асырған, тапқан табысы мен шыққан шығыны жөнінде есеп беріп отырған «АтырауСуАрнасының» ахуалы әлі жөнделмегені ме? Әлде өзге себебі бар ма? Тұрғындар өздерінше уәж айтады және оған құлақ қоюға да болады. Өйткені, бүгінде жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен моншалар мен көлік жуатын орындар керек суды ортақ құбырдан алып отыруы ықтимал. Ал, солардың желіге желімдей жабысып, жұртты ауыз сусыз қалдыруға құқы бар ма? О баста өздеріне қажетті қазандықтарын қондырып, мұқтажын сол арқылы өтеуі тиіс емес пе? Бизнес жобасында да солай көрсетілмей ме? Ендеше, «АтырауСуАрнасының» тексеретін объектісі солар болмақ. Әйтпесе, жеке сектор тұрғындарының жаппай шағымы кәсіпорын жұмысын жоққа  шығарады.

«ҚазТрансГаз-Аймақ» жергілікті филиалының қызметіне де осындай сын айтуға болады. Жалпы, осы құрылым тұтынушыларға әлі түсініксіз. Солар келгелі өңірде өзіндік өзгерістер жүріп жатыр. Үй ішінен шаңырақ көтеріп алған мекемелер бар. Мәселен, газ плиталары мен қазандықтарын тексеретін құрылым бөлек. Филиал қызметі ғимаратқа дейін «көгілдір отынды» жеткізіп берумен шектелгендей. Төлемақы жинаушылар өз алдына мекеме. Бірақ, бәрі бір-бірімен байланысты екендігінде күмән жоқ. Ақыры солай құрылғасын, қолданыстағы заңға қайшы да келмес. Әйтсе де, соның бәрі халыққа қолжетімді, тұрғындарға ашық болғаны жөн еді.

Жаңа заңда әр жылға шақталған түрлі шығындар көлемін барынша қысқарту көзделген. Сайып келгенде, коммуналдық кәсіпорындар мұндай шараны жүзеге асырып жатыр. Өйткені, инвестициялық бағдарлама талабы  – тек өндірісті жаңғырту емес, сонымен қатар үнемді жабдықтармен жарақтандыру. Әсіресе, электр энергиясына жұмсалатын қаржыны қысқарту. Әрине, іздесе, мұндай құралдарды табуға болады екен. Мәселен, «АтырауСуАрнасы» басшылығы қуаты бұрынғымен бірдей, бірақ тиімділігі жоғары сорғылар орнатып, ұқыптылыққа бастайтын біраз іс тындырғанын айтады.

Сайып келгенде, энергетиктердің өздері де тиімділікке талпынғаны жөн. «Атырау-Жарық» акционерлік қоғамы бірнеше жылдан бері нормадан тыс шығынсыз жұмыс жасап келеді. Енді нормативті ысырапты да жоққа шығаруға сөз берген. Немесе «Атырау жылу жүйелері» кәсіпорны құбыр сыртына әрі арзан, әрі төзімді қаптама қолданып жүр. Шындығында, энергетиктер өздері шығаратын және тарататын электр мен жылу энергияларына аз шығын жұмсаса, тарифті өсіру жөніндегі әңгіме көтерілуі де мүмкін емес. Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің айтуынша, өнім өндіру жолында шығын қаншалықты аз жұмсалса, кәсіпорынның өзінде үнемделген қаржы соншалықты көп қалады. Ал, оны өндіріс ошағы еркінше жұмсай алады.

Жалпы, республиканың кейбір өңірінде орын алған өрескел олқылық ел бойынша коммуналдық қызмет көрсетуді жан-жақты тексеруге соқтырды. Елбасы «Бұл – маңызды мәселе. Ол бизнес үшін кететін шығынның артуына, адамдардың нақты табысын азайтуға әкеп соғады» деп, Үкіметке үш айда осы проблемамен шұғылданып, бәсекелестікті қорғау функциясын күшейтуді тапсырды. Расында, онсыз да сынықтан сылтау іздеп жүрген кәсіп иелері енді коммуналдық төлемдердің қымбаттығын көлденең тартып, көрсетер қызметі мен сатар тауарының құнын көтерсе, халыққа қиын болары кәміл.

Бүгінде электр энергиясына қатысты мәселемен екі министрлік шұғылданады. Энергетика министрлігі электр энергиясы көзі мен оны тасымалдауға міндетті. Ал, Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылар құқықтарын қорғау комитеті электр энергиясын бөлуге және тұтынушыға жеткізуге жауапты. Астанадағы лауазымды орындардың ресми атаулары осындай. Сонда «тариф» сөзі ешқайсысына да тіркелмеген. Қалыптасқан жағдайға алдымен кім кінәлі? Қазақ «қойшы көп болса, қойға қасқыр шабады» дейді. Тура айтылған. Ертеңгі күні мәселе күрделеніп, жағдай ушықса, электр энергиясының қос қожайыны бір-біріне сілтей ме? Рас, екеуі де Елбасынан сыбағасын алды. «Монополистердің инвестициялық міндеттеріне тиімді мониторинг пен бақылау жүргізілмей отыр» деген Мемлекет басшысы қос министрге де жүйелі жұмыс жасауды жүктеді.

Жолдау жолдарынан:  

«Экономикада бәсекелестікті дамыту және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен табиғи монополиялардың қызметі үшін белгіленетін тарифтер саласында тәртіп орнату мақсатымен батыл шаралар қабылдау керек»

P.S: Сонымен, коммуналдық қызметтің сапасы мен қолжетімділігі тұтас экономикамызға тиімді екен. Сөйтіп, кәсіп иелеріне тауар бағасын көтеруге негіз берілмейді, халықтың қаржысы қалтасында қалады. Бірақ, монополия мекемелердің жағдайын нашарлатуға да болмайды. Демек, екі жақ та сенімді серіктес ретінде өзара ұғынысып жұмыс жасауы керек. Осы орайда «Коммуналдық қызмет пен табиғи монополияларды реттеу салаларында тарифтің жасалуы және тұтынушылардан жиналған қаржының жұмсалуы әлі күнге ашық емес» деген Елбасы бұл бағытта тәртіп орнатуды тапсырды. Ақырында, сапалы іске сын айтылмайтынын ескерсек, ол да назардан тыс қалмауы шарт.    

Меңдібай Сүмесінов

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз