Электр қуатының тапшылығы

369e7484f6edb5146c0f7e7bcf0607ee L Шаһар шырайы

«Биыл жазғы ыссылықта облыста жарық жиі-жиі сөніп, тұрғындар әбігерге түсті. Электр қуатының тапшылығы байқалды. Ахуалды айықтыру, оған болашақта жол бермеу мақсатында қандай жұмыстар жасалуда?». «Атырау» газеті тілшісінің бұл сұрағына облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мұрат Иғалиев «электр қуатының жетіспеушілігі байқалғаны  рас. Оған бұдан бұрын 60 МВт-ты бір турбинаның істен шығуы, апатты жағдайдың орын алуы себепші болған еді. Осының себебінен туындаған мәселеге байланысты шұғыл шаралар алынды. Қазір ахуал тұрақтанды» деп жауап берді.

369e7484f6edb5146c0f7e7bcf0607ee_L

Жарығы жоқ ауылдар

Атырау облысы электр энергиясына деген қажеттілікті бес «көзден» алып отыр. Ірі компаниялар қуатты өздері өндіреді. Оның ішінде «Теңізшевройл» ЖШС 522 МВт, НКОК компаниясы – 360, Атырау мұнай өңдеу зауыты – 30, «Сагат-Энерджи» компаниясы 11 МВт энергия шығарады.

Облыс тұтынушыларының сұранысын негізінен «Атырау жылу-электр орталығы» АҚ қамтамасыз етуде. Оның өндірген электр қуаты 414 МВт-ты құрайды. Қазіргі таңда мұнайлы аймақтың энергияны тұтыну көлемі 260-280 МВт-ты құрайды, – деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мұрат Иғалиев.

Өңірдегі елді мекендердің түгелге дерлігі электрленген. Дегенмен, «Ильичтің шамы» жетпеген ауылдар да бар болып шықты. Олардың қатарындағы Қошалақ, Әліпов, Мыңтөбе, Айбас орталықтан тым шалғайда орналасқандықтан өркениеттің игілігін көре алмауда. Жауапты басшылардың басын ауыртқан тағы бір проблема – елдің шекара аймағына қатысты мәселе. Қазір Азғыр елді мекені 110 кВ көлеміндегі электр қуатын  Ресейден алып, көршіге қол жайып отыр. «Кісідегінің кілті – аспанда» екенін ескерсек, бұл мәселені шешу кезек күттірмейді.

Мұрат Иғалиевтің айтуынша, іргелес елге тәуелді болмау мақсатында Құрманғазы ауданының орталығынан кернеуі 110 кВ, ұзындығы 205 шақырымды құрайтын «Құрманғазы–Асан» әуе желісін жүргізу жоспарлануда. Осы мақсатта жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалып жатыр. Бұдан өзге, Махамбет ауданындағы Самал, Жасыл белдеу, Наркескен ықшамауданы мен Исатай ауданындағы Ерғалиев, Жанбай, Тұщықұдық, Зинеден ауылдарын тұрақты электр қуатымен қамтамасыз ету үшін қажетті құжаттамалар әзірленді. Құрылысты келесі жылы бастау жоспарлануда. Сонымен қатар, «Атырау электрмен жабдықтау дистанциясы» (ЭЧ-4) мекемесіне қарасты облыстағы барлық электр желілерінің ауыстырылатыны белгілі болды. Осы орайда құжаттамалары дайындалатын 11 елді мекеннің арасында Атырау қаласынан басқа, Жылыой, Исатай, Құрманғазы, Мақат аудандарының ауылдары бар.

Жаңа жобалар жаңғырығы

Қазір облыс орталығының аумағы өсіп келеді. Электр қуатын тұтыну көлемі де ұлғаюда. Бұл мәселе облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысын ерекше толғандырады екен.

– Қажеттілікті қамтамасыз ету мақсатында Атырау қаласы мен  аудандарды энергиямен жабдықтау бағдарламасы шеңберінде «Оңтүстік айналма» және «Солтүстік айналма» жобалары іске асырылуда, – деді Мұрат Жаубайұлы.

«Оңтүстік айналма» қаланың оңтүстік бөлігіндегі электрмен қамту жүйесінің жүктемесін жеңілдету үшін жасақталыпты. 2007 жылдан бері қолға алынған жоба ауқымында 110/10 киловольт кернеудегі үш қосалқы станса салынып отыр. Атап айтқанда, «Көкарна», «Нұрсая», «Жұмыскер» нысандары бар. Оған қоса ұзындығы 14,8 шақырымды құрайтын 110 киловольт кернеулі электр тарату желісі тартылған. Биыл оны толықтай аяқтау көзделуде. Бұл жоба іске қосылған кезде Нұрсая, Самал мөлтекауданындағы тұрғын үйлерді, әлеуметтік нысандар мен өнеркәсіп орындарды  электр қуатымен үздіксіз қамту мүмкін болады.

– «Солтүстік айналма» жобасы қаланың солтүстік бөлігін үздіксіз электрмен қамту және жүйенің жүктемесін жеңілдетуді мақсат етеді.  Оның құрылысы 2007 жылы басталған болатын. Жобада 110/10 киловольт кернеудегі 4 қосалқы станса салынды. Сондай-ақ,15 электр тарату подстансасы мен ұзындығы 32,4 шақырым әуе электр жүйесі тартылды, – деді басқарма басшысы.

Дегенмен, бас мердігер «КОССК» ЖШС-нің жұмысты аяқсыз қалдыруынан келеңсіз жағдай қалыптасыпты. Бірқатар нысанға суыққолдылардың көзі түскен. Нәтижесінде, осы олқылыққа жол берген мекеме сотқа беріліп, кейбір тұлғалар жауапкершілікке тартылыпты. Биыл аталған нысандарды күзетке алу үшін қаржы бөлініп, тиісті шаралар алынып жатыр.

Қорыта айтқанда, Атырау облысында электр қуатының тапшылығын жою үшін қолға алынған ауқымды жұмыстар бар. Осы мақсатта желдің қуатын пайдалану да жоспарланып отыр.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз