1 қаңтардан бастап коммуналдық қызмет тарифтері төмендетіледі

le met2 Жаңалықтар

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап еліміздің барлық аймақтарында  коммуналдық қызмет тарифтері төмендетіледі. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз алаңында  Ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин БАҚ өкілдеріне ресми түрде мәлімдеді.

комунальні тарифи для пенсіонерів

Вице-министрдің айтуынша, 20 желтоқсанға дейін жылыту қызметінің бағалары республикамыздың үш өңірінде, атап айтқанда, Ақмола облысында – 36,8, Солтүстік Қазақстанда – 1,1 және Шығыс Қазақстанда 2,8 пайызға арзандатылған. Осы үрдіс келер жылдың 1 қаңтарынан бастап өзге өңірлерде жүйелі жалғасын таппақ. Яғни, қалған 14 өңірде тарифтерді төмендету жоспарланған.

Жасыратыны жоқ, жаңа жылдан бастап коммуналдық қызметтердің құны қымбаттайды деп күтілген еді. Алайда, табиғи монополия субъектілерімен бірлесіп жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде, бұған ешқандай негіздің жоқтығы, қайта қолданыстағы тарифтерді төмендету қажеттігінің туындап отырғандығы белгілі болды. Мәселен, ауыз сумен жабдықтау қызметінің бағасы Жамбыл облысының тұрғындары үшін 52,3-тен 40,8 теңгеге немесе 22 пайызға төмендетілген. Оған қоса, осы өңірде су бұру қызметінің тарифтері 0,4 пайызға арзандатылған. Бұдан бөлек, жаңа жылдың алғашқы күндерінен республикамыздың барлық өңірлерінде ауыз судың бір текше метрінің бағасын 54,07-ден 47,91 теңгеге дейін немесе 3-11,4 пайыз аралығында арзандату жоспарланып отыр. Тұтастай алғанда, тұрғындар сумен жабдықтау және су бұру қызметтері үшін жалпы сомасы 2 млрд. теңгеден  астам қаржыны үнемдейді.

Сондай-ақ, Доңыз жылында табиғи газды тұтынып отырған 11 аймақтың тоғызында (Атырау мен Қызылорда облыстарынан басқасында) құбыр бойымен келетін «көгілдір отынның» құны айтарлықтай арзандайды. Өйткені, Атырау облысы бұған дейін де табиғи газдың бағасы ең төмен аймақтардың бірінен саналады. Ал, Қызылорда облысында елді мекендерді газдандыру жөнінде қабылданған инвестициялық бағдарлама толықтай орындалуы себепті бұған ешқандай резерв қалмаған болып шықты. Газ бағасының арзансуының ең жоғары көрсеткіші Алматы облысында (17,5 пайыз) болса, ең төменгісі Маңғыстау облысында (3,3 пайыз) тіркелмек. Түпкі нәтижесінде, еліміз бойынша газбен жабдықтау қызметінен үнемделетін қаражат сомасы 5 млрд. теңгеге жуықтайды деп есептелуде.

Енді электрмен жабдықтау және өндірілген энергияны тасымалдап, тарату қызметтерінде тарифтерді елеулі деңгейде төмендетудің үлкен мүмкіндіктері бар екен. Мәселен, электр қуатын желілер бойымен өңіраралық деңгейде тарату қызметін жүзеге асыратын «КЕГОК» компаниясы 2015 жылы бес жыл мерзімге бекітілген шекті тарифтерді алдағы жылдан бастап 2,4-тен 2,8 теңге/кВт-сағатқа немесе 12 пайызға дейін өсіруді жоспарлапты. Алайда, Ұлттық экономика министрлігінің табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылар құқықтарын қорғау комитетінің пәрменімен қолданыстағы тарифті (2,4 теңге/кВт-сағат) өзгеріссіз қалдыру туралы шешім қабылданды. Қазірдің өзінде жекелеген өңірлерде, атап айтқанда, Жамбыл және Қызылорда облыстарында электр қуатының бағасы 3,6-4 пайызға төмендеді. Сонымен қатар, қазіргі мезгілде жергілікті атқарушы билік органдары пәтер иелері кооперативтері, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару, лифт мен жолаушы тасымалы қызметтерінің тарифтерін ретке келтіру жөнінде бірлескен жұмыстарды жүргізуде.

Атырау облыстық энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Мұрат Иғалиевтың айтуынша, бүгінгі таңда республиканың басқа аймақтарымен салыстырғанда, бізде коммуналдық қызмет тарифтері төменгі деңгейде көрінеді. Осыған байланысты жүргізілген мониторинг қорытындылары Атырау облысы электрмен және газбен жабдықтау тарифтері бойынша 17-ші, су  және кәріз желісімен қамтудан – 14-ші және жылумен жабдықтаудан 2-ші орында екен.

Биылғы 20 қарашадан бастап «АтырауЭнергоСату» ЖШС-нің электрмен жабдықтау тарифі тұрғындар үшін 5,31-ден 4,51 теңгеге төмендеді. Сол сияқты, «АтырауСу Арнасы» КМК көрсететін сумен қамту қызметінің бағасы тұрғындар үшін 1 текше метріне 101,33-тен 97,50 теңгеге, заңды тұлғаларға – 316,72-ден 307,69 теңгеге, кәріз желісімен қамту 35,0-ден 32,0 және 151,98-ден 140-64 теңгеге арзандаған. Сонымен бірге, «АтырауЖылуЭлектр орталығы» акционерлік қоғамы мен «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Атырау облыстық филиалы бойынша жылумен қамту және газбен жабдықтау тарифтерін төмендетуге қатысты оңтайлы шаралар атқарылды.

Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз