Ең ыстық жаз – Атырауда

Жалпы, Атыраудың қысы салқын, жазы ыстық. Мен осы өңір халқының шыдамдылығына таң қаламын. Оның үстіне, алдыңғы жылдың маусымында республика бойынша ең ыстық температура осында тіркелген. Мұны ресми деректер дәлелдейді. Ал, биылғы тамызда ауа райы 50 градусқа дейін көтерілді.

Ең ыстық жаз – АТЫРАУДА

Бұған қоса табиғатқа өзіміз де қол сұғып жатырмыз. Зауыттардан, жылу-электр орталығынан, өзге де өндіріс ошақтарынан шығатын залалды газдар мен ыстық түтін атмосфераны қыздыруда. Соның салдары аймақтағы ауа райының сан құбылуына соқтыруда.

Жаһандық жылыну биологиялық ахуалға кері әсер етеді. Үлкенді-кішілі тіршілік иелерінің өміріне қауіп төнеді. Тарихи даму шежіресінен белгілі, сонау заманда жер бетін динозаврлар мекендеген жоқ па? Алып құстар мен балықтар өмір сүрген. Қазір қайда солар? Өмір сүру ортасы өзгеріп еді, бәрі де қырылды. Бүгін де құрып кету алдында тұрған аң-құстар бар. Оларды «Қызыл кітапқа» енгізіп, аулауға тыйым салғанымызбен, қоршаған ортамызды қалыпты сақтамасақ, өздері-ақ құрып бітеді. Сондықтан, адамзаттың ақылға келгені абзал.

Облыс орталығындағы өндіріс ошақтарының түнгі мезгілде ауаға зиянды қалдықтарды тастайтындығы туралы бұрын да айтылып жүр. Расында да, әсіресе, жаздың онсыз да ыстық түндері тыныс тарылып, демалуға мүмкіндік болмайды ғой. Мұндай залалды тастандылар түнгі аспанды да қыздырып жатыр. Менің таң қалатыным – жергілікті экологтардың бірнеше жылдан бері кінәлілерді таба алмауы. Естуімше, түнгі мезгілде тексеру де жүргізген. Бірақ, бәрібір, айыптылар анықталмады. Атырау жылу-электр орталығы ма, әлде мұнай өңдеу зауыты ма – әйтеуір біреуіне нұсқайтын уақыт жетті. Соған сәйкес кінәлілер қатаң жазаға да тартылуы тиіс.

Боранбай  ЖӘНЕТОВ,

биология ғылымдарының кандидаты,

Жылыой ауданының

Құрметті азаматы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*