Е.Біртанов: Тегін берілетін дәрілердің 95 пайызы сатып алынды

Мемлекет тегін берілетін дәрілердің 95 пайызын сатып алған. Бұл туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді.

73ebbc703243b596c93e962c417c2553_XL

Жиында салалық ведомства басшысы «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының қалай жүзеге асып жатқанын баяндай келе, елді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесіне тоқталды.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық дәрінің бағасын реттеуді көздейтін заң жобасы әзірленді. Қазіргі таңда бұл заң Парламенттің қарауында жатыр.

«2017 жылы отандық тауар өндірушілермен 25 жаңа ұзақмерзімді шарт жасалды. Бұл отандық тауар өндірушілердің дәрілік заттарды сатып алу үлесін 48%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Отандық тауар өндірушілер көлемінің өсуі 33%-ды құрады. Нормативтік-құқықтық базаны кеңейту және сатып алудың ашықтығын қамтамасыз ету нәтижесінде дәрілерді сатып алуға жұмсалатын қаражаттың 18,2 млрд теңгесі үнемделді. Олар дәрілік заттарды қосымша сатып алуларға жіберіледі»,-деді министр.

Кейін Елжан Біртанов мемлекет тегін беретін дәрілердің басым бөлігі сатып алынғанын жеткізді.

«Бүгінде тегін медициналық көмектің кепілдік беретін көлемін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін жылдық қажеттіліктің 95%-ы сатып алынды. Дәрі-дәрмек бірыңғай дистрибьютор қоймасында. Сондай-ақ бұл дәрілер өңірлерге жеткізілуде. Дәрінің қалған 5% осы айдың соңына дейін сатып алынады»,-деді ол.

Сонымен қатар Елжан Біртанов халықты дәрімен қамтамасыз ету кезінде бірқатар жүйелі проблема анықтағанын мәлім етті.

«Қаңтар-ақпан айларында министрлікке дәрілік қамтамасыз ету бойынша 600-ден астам өтініш келіп түсті. 2017 жылдың соңында тегін дәрілермен қамтамасыз етілген кейбір пациентке қоңырау шалдық. Жүргізілген сауалдың нәтижесінде олардың шамамен 20%-ы дәрі-дәрмекті алмағаны анықталды. Ал ақпараттық жүйеде бұл пациенттер препаратты алған деп тіркелген. Осының негізінде министрлік қазір жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, елдің барлық өңірінде медициналық ұйымдарда жоспардан тыс тексеру жүргізуде. Соның нәтижесі бойынша проблемаларды жою мәселесі қаралып жатыр. Ал кей жағдайда тәртіптік жаза шараларын қолдану секілді қосымша шаралар қабылданады»,-деді министр.

Айқара Ғұмар

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*