Еңбек қоғамына қарай – 20 қадам

Меңдібай

Сүмесінов

АДАМ ЖАНЫНЫҢ АРАШАШЫСЫ

(очерк)

Әдетте дәрігерлерді осылай атайды. Ал, шын мәнінде бұл мамандықты көңілімен қалап, жүрегімен сүйген адам – расында да, адам жанының арашашысы. Міне, «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі» атағының, «Құрмет» орденінің иегері

Жұбандық Жетібаев – осындай жан.

%d0%b0%d0%b4%d0%b0%d0%bc-%d0%b6%d0%b0%d0%bd%d1%8b%d0%bd%d1%8b%d2%a3-%d0%b0%d1%80%d0%b0%d1%88%d0%b0%d1%88%d1%8b%d1%81%d1%8b

Жалпы, Жылыой жері – Қазақтың «қара алтынының» отаны. Осындағы Қарашүңгіл кен орнында ел тарихында алғашқы мұнай бұрқағы атқылағанына ғасырдан аса уақыт өтті. Оның бер жағында өңірде ондаған жаңа кеніштер қатарға қосылса, соның бәрі – мұнайшы мамандығын қалаған жергілікті мамандардың ерен еңбегінің, құрыш білегінің жемісі. Міне,  оның әкесі Көшмағанбет Жетібаев – осы сапта алғашқылардың қатарында есімі аталатын жылыойлықтардың бірі. Кезінде ел үшін сіңірген қажырлы қызметіне орай «Еңбек Қызыл ту» орденімен және «Ерен еңбегі үшін» медалімен, ондаған Құрмет грамотасымен марапатталды. Ал, анасы Тілеш Жетібаева ерінің алаңсыз жұмыс жасауына жағдай туғызып, үйдегі бала-шағаның қамымен ғұмырын өткізді. Сыйластығы шырайлы отбасы ауылдастарына үлгі көрсетіп, өзгелерге өнеге болды. Көршілері бұл шаңырақтағы татулыққа тәнті еді.

Енді, мұнайшы отбасынан шыққан жасөспірім Жұбандық та осы ізбен кетуі керек-ті. Оның үстіне, сол кезде өңірде мұндай мамандық иелері мәртебелі саналатын, абыройлы аталатын. Өзі туған Қосшағыл елді мекені аудан орталығы ретінде де, «қара алтын» өндіру жөнінен де облыс түгілі, республикаға танымал-ды. Әйтсе де, жас жігіт дәрігер мамандығын қалады. Неге? Жасыратыны жоқ, сонау жылдары шағын ғана ауылда медициналық көмекке зәру жандар көп еді. Орталық тонналаған «қара алтын» талап етті. Ал, оны неғұрлым мол өндірсе, қоршаған ортаға соғұрлым көп салмақ түсетіндігі жоғарыдағыларды онша ойландырған жоқ. Шағын елді мекендегі мұнайшылардың қарттыққа жетпей, өмірден жастай өтіп кетіп жатқандығын Жұбандық көріп өсті. Сол ғұмырларды қыршынынан қимай, алып қалуға болатын да еді ғой. Әттең, жедел жәрдемдесетін медициналық көмектің кемшілігі көрініп тұратын. Соның бәрі жас жігітті адам жанының арашашысы болуға итермелейтін.

Міне, 1963 жылы Ақтөбе медициналық институтын үздік тәмамдаған жас маман Жылыойдағы Қаратон елді мекеніндегі ауруханада дәрігер-терапевт болып қызметін бастады. Қиын уақыт еді ғой. Сырқат көп, маман аз. Материалдық-техникалық база туралы айтуға да болмайды. Қарапайым медициналық жабдықтар да жетіспейтін. Қазір айтса аңыз секілді көрінер, ал, шындығында солай еді. Міне, жас маман соны көрді. Осындай қиындықты бастан кешті. Көлік те жоқ, тас қараңғы ауыл арасында сөмкесін арқалап жаяу жүріп, жұмыс жасайтын. Жұртшылықтың алғысына кенелгенінен ләззат алатын.

Содан маман ретінде өзін көрсетіп, көпшілік назарына ілікті ме – әйтеуір, 1965 жылы Қаратонда бас дәрігер лауазымына тағайындалды. Рас, бастапқыда мұндай үлкен міндет жүктелгенін ауыр салмақ секілді сезінген. Ал, араға аз ғана уақыт салып, тұтас аудандық аурухана басшысы міндетін мойнына арқалағанда өзіне жерлестерінің қаншалықты жауапты міндет артқанын аңғарған. Сол биіктен көрінуі керектігін түйсінген. Осы жұмысты Жұбандық Көшмағанбетұлы 2003 жылға дейін атқарды. Осы уақытта қаншама игілікті істер жүзеге асырылды десеңізші! Кейбірін ғана айтсақ, Құлсарыда 50 орындық  өкпе ауруханасы 35 кереуеттік санаториімен бірге салынды. Бұл мәселе қаншама жыл өзекті саналған-ды. Тағы бір проблеманың түйіні тарқатылып, тері аурулары ауруханасы жаңа ғимаратқа көшірілді. Немесе Ақкиізтоғай, Шоқпартоғай, Қарақұм, Сарықамыс елді мекендерінде типтік емдеу орындары ашылуы – осы кісінің еңбегі. Сол үшін қаншама басшының табалдырығын тоздырып, есігін қаққаны Жұбандық Жетібайұлының өзіне ғана белгілі болар. Оның бер жағында сол кездегі қолдау көрсеткен аудан басшыларының еңбегі шығар.

Міне, аймақ аумағында көзге түсіп, жұртшылық назарына іліккен азамат жерлестерінің сеніміне де ие болды. Сөйтіп, 2003-2011 жылдары аудандық мәслихаттың хатшысы және тексеру комиссиясының төрағасы қызметін атқарды. Оның ұйымдастырушылық қабілетінің жан-жақты танылған тұсы да осы. Алдымен өзіне етене таныс денсаулық сақтау саласын қамқорлады. Ауруханалар мен емханаларды қазіргі заман талабына сай жабдықтармен жарақтандыруға күш салды. Бүгінде сол емдеу орындары әлі де халыққа қызмет көрсетуде. Жалпы, ауданның алты әкімімен қызметтес болғанында бәрімен де тіл табысыпты. Аймақтың әлеуметтік ахуалын сауықтыруға бағытталған шараларға өңір басшылары да қарсы келмей, барынша қолдаған. Оның аудандық мәслихатқа жетекшілік еткен жылдары осы салаға бөлінген қаражат та қомақты болды.

Осындай ерен еңбегі үшін Жұбандық Жетібаевтың лайықты марапатқа ие болғандығын да айтқан абзал. Ол – «Құрмет» орденінің, «Ерен еңбегі үшін», «ҚР Парламентіне – 10 жыл», «ҚР Конституциясына – 10 жыл», өзге де медальдардың иегері. «КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі» атағын алды. Әр жылдары қол жеткізген Қазақстан Республикасы Президенті мен облыс әкімінің Алғыс хаттары, мәслихаттың Құрмет грамоталары өз алдына бір төбе. Ал, «Жылыой ауданының құрметті азаматы» атағына ие болуы – жерлестерінің лайықты марапаты.

Абзал аға жұбайы Людмила Жетібаевамен бірге ұл да тәрбиеледі, қыз да өсірді. Үлкен қызы Алина әке жолын қуып, «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі емханасында дәрігер. Руслан ата соқпағына түсті, Жайық мұнай-газ өндіру басқармасында қызмет істейді. Кіші қызы Айнель Атырау мемлекеттік университетін тәмамдады. Отбасында немерелер де өсіп келеді. Олардың үлкені Әйгерім Америка Құрама Штаттарындағы Сан-Антонио қаласында дәріс алды. Дана – Сүлеймен Демирел атындағы университет студенті. Ал, Салидат – мектеп оқушысы, ата-әжесінің көз қуанышы.

Анасы Тілеш сегіз құрсақ көтергенімен, бүгінде солардың үшеуі ғана қалған. Жұбекеңнің апасы Күнзира 80 жасқа толады. Ал, қарындасы Асылбике де дәрігер мамандығын қалап, бүгінде зейнеткер. Жұбандық Жетібаев соңғы жылдары еңбекке жарамсыздықты анықтау комиссиясының төрағасы, төтенше жағдайлар жөніндегі қызметте лауазымды міндеттерді атқарып, 2004 жылы зейнетке шықты. Абыройсыз болған жоқ. Елі құрметтейді, халқы қошамет тұтады.

Жетпіс бес жасқа жетіп отырған Жұбандық Жетібевтың шәкірттері де аз емес. Олардың бірқатары бүгінде елге танымал. Солардың қатарында облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас педиатры Гүлфара Өмірбаева, медицина ғылымдарының кандидаты Нұрғабыл Айтмұхамбетовті, Жылыой  аудандық ауруханасының бас дәрігері  Қуаныш Өтегенов пен емхана басшысы Асылхан Құлшұқованы атайды.

Бүгінде  адам жанының арашашысы Атырау қаласында тұрады. Әйтсе де, туған жерімен байланысын әсте үзген емес. Күнделікті баспасөзді қалт жібермейтін жан – облыстық «Атырау», аудандық «Кең Жылыой» газеттерінің тұрақты оқырманы, әрі жанашыры.

 

Сәлімжан Нақпаев, Атырау облысы әкімінің

орынбасары:

«Кең Жылыойдың әкімі ретінде  жұмыс жасаған жылдарымды өмірімнің ең маңызды кезеңдері деп санаймын. Облыс өңірінде өзіндік орны бар қазыналы мекеннің өзекті проблемаларын сол жердің азаматтарымен бірге шештім.  Соның ішінде аудандық мәслихаттың хатшысы Жұбандық Жетібаевпен өте түсіністікпен қызмет атқарып,  әлеуметтік ахуалды бірге сауықтырғанымызға қуаныштымын. Бұл кісі депутаттар назарын өңірдің өзекті мәселелеріне аудара білді».

 

Гүлшара Сұлтанова, Атырау облыстық

ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

«Жұбандық Жетібаевпен Жылыой ауданында бірнеше жыл бірге қызмет атқардық. Сол уақытта ұстаздық ретінде, тәлімгерлік тұрғысында жас мамандарға берген тәрбиесі орасан. Бүгіндері облыс және аудан ғана емес, республика көлемінде де бұл кісінің тәлімін алған тұлғалар баршылық. Оның тікелей араласуымен аймақта ашылған медицина мекемелері қазір де халыққа қалтқысыз қызмет көрсетуде. Біз ағайды мақтан тұтамыз».

 

Нұрғабыл Айтмұхамбетов, облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты:

«Жұбандық Жетібаевты ұстаз деп есептейміз. Өйткені, оның облыс, республика көлемінде бүгіндері дәрігер қызметін атқарып жүрген азаматтарға берген тәлім-тәрбиесі жоғары. Сол себепті, біз ол кісіні үлгі тұтамыз. Өзіміз жоғары оқу орнын тәмамдап, туған жерімізге келгенде алдымыздан шығып, бағыт-бағдар берген осындай жандар болды. Бүгінде азды-көпті жетістікке жетсек, ол – сол адамдардың арқасы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*