Доссордағы ерекше той

Өткен аптада Астана қаласының 20 жылдығына орай округ және кенттер күні бастау алды. Эстафетаны бастаған Доссор кенті болатын. Аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес өткізілген іс-шараны кент тұрғындары мен қонақтары күннің ыстығына қарамай, көңілді әрі мазмұнды өткізді.

Доссордағы ерекше той (2)

Ертемен кент жұртшылығы Доссор мәдениет үйі алаңына жиналды. Орталық алаңда тұрғындарды кенттің тарихынан зор мағлұмат ұсынар көрмелер қарсы алды.

«Қаһармандық дегеніміз – Доссор» және «Ауданымыздың тарихи тұлғалары» атты экспозициялық көрме кент жетістіктерімен тарихи тұлғалары, еңбек озаттары туралы  насихаттайтын деректі жәдігерге толы. Қолөнер және бейнелеу өнері көрмесі анадайдан көз тартып, менмұндалап тұр.

Мерекелік шара барысында Доссор кенті әкімі Ербол Ермағамбетов және аудандық мәслихат хатшысы Қуаныш Исмағұлов мәдени-рухани шараға жиналған көпшілікті мерекемен құттықтап, ел тыныштығы мен өңірдің дамуына үлес қосып жүрген еңбеккерлерді, барша тұрғындарға берекелі тұрмыс тіледі.

Еңбек ардагері, ауданның «Құрметті азаматы» Ислам Тұрсынғалиұлы кенттің тарихынан сыр шертіп, өнегелі сөзін көпке арнады.

Доссордағы ерекше той (1)

Шара мерекелік думанға ұласып, жас ақын Асылбек Есжанов торқалы тойға жырдан шашу шашты. Халықтық «Мөлдір мұнай» фольклорлық ансамблі, «Әжелер» және «Ардагерлер» ансамблі, Р.Ғабдиев атындағы балалар өнер мектебінің оқушылары және Доссор мәдениет үйінің өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарлама көпшіліктің көңілінен шығып, керемет әсер сыйлады. Шара барысында орталық алаңға киіз үй құрылып, іші этнографиялық жәдігерлермен безендірілді. Ұлттық тағамдардан дастархан жайылып, тұрғындарға ұсынылды.

Алтыбақан тепкен жастар кештің сәнін одан сайын аша түсті. Сондай-ақ, шара барысында арқан тарту, ләңгі тебу, асық ату сынды ұлттық ойындарды жастар аса қызығушылықпен  ойнады.

Шара барысында тұрғындар мен қонақтарға бауырсақ пен көжеден дәм тарту ұсынылды.

Кент халқы осылайша ұлан асыр тойды көтеріңкі көңіл-күймен тойлап, ауыл үлкендері ақ батасын беріп тарқасты.

М.ІЗТҰРҒАНОВА.

Суреттер автордікі. 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*