Дос туралы толғаныс

Туған өлкесіне тұлғалық қасиеттерімен танылған азаматтың бірі –бірімізге аға, бірімізге іні, ғалым-ұстаз, бар ғұмырын елдің келешегі болатын, жастарды оқыту мен тәрбиелеуге, ғылымға арнаған тұлға – Тілепқазы Жұмағазыұлы Ерғалиев еді.

Руханият

Тілепқазы екеуміз бір ауыл-да өстік, бір мектепте оқыдық. Онымен тереңірек танысуым студенттік, аспиранттық шақтарда болды. Мен Қазақ мемлекеттік университетінің философия факультетіне оқуға түскенім-де, әскер қатарынан оралған Тілеп-қазы менен бір жыл бұрын осы университеттің биология факультетіне түсіп, бірінші курсты бітірген кезі еді. Бір-бірімізді бірден жақын тартып кеттік. Кейін ойлап отырсам, оның ішкі себептері де бар екен. Ол біздің ұстанымдарымыздың, түсініктеріміздің бірлігінде, үндестігінде болса керек-ті.

Сол уақыттан бастап студент, аспирант кездерде, кейін әр қалада тұрсақ та, қайда жүрсек те, ол дүниеден өткенше екеуміздің жұбымыз жазылған жоқ, үнемі хабарласып, бір-бірімізді іздеп жүруші едік. Мен Атырауға бар-ған сайын өзі күтіп алып, үйіне алып кететін. Мені ерекше сыйлап, қатты жақсы көретін. Ал, кездескен уақыттағы маған деген бар ынтасы мен қуанышын өзім де сезетінмін. Міне, сондай аға достан, қимас жаннан ажырап қалғаныңа қатты өкінесің… бірақ, шара жоқ, тағдырға мойынсұнасың, көнесің. Оған да бір жылдың жүзі болып қалды…

Өткен ғасырдың 60-жылдарының ортасында Мұқыр орта мектебінің түлектері үндеу қабылдап, сол кезде екінші тың – қой шаруашылығын өркендетуге бел буды. Тәкеңдер туған ауылды түлетуге қалды. Кейін Отан алдындағы азаматтық борышын өткерді. Сөйтіп, ысылды, өмірге дағдыланды, тәжірибе жинақтады. Бұл Тілепқазының студенттік өмірге белгілі дайындықпен келгенін көрсетеді. Ол оқып жүргенде факультет студенттері алдында өте беделді болды. Себебі, Тілепқазы жас шағынан дұрыс, үлгілі жолды таңдаған білімді, білікті, қайратты, жігерлі бола тұрып тәртіп бұзу, тәрбиесіздікке, дөрекілікке еш уақытта бармайтын, өте мәде-  ниетті жан еді. Өзі аса еңбекқор, жалқаулықты, жанаярлықты жек көретін.

Тілепқазы университетті бітірген соң «Қазақтың онкология және радиология ғылыми-зерт-теу институтының» Атырау қаласындағы бөлімшесінде ғылыми қызметкер болып жұмыс жасады. Оның экология саласы бойынша аспирантураға түсіп, кандидаттық диссертация қорғағаннан кейінгі барлық саналы өмірі Атыраудағы жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу орталықтарында өтті.

Тілепқазы Жұмағазыұлының өзін білікті маман ретінде жан-жақты көрсетуі университеттің «Қолданбалы экология және балық шаруашылығы» кафедрасын басқарған кездерінде болды. Ол аталған білім ордасында өзінің білікті ұстаздығын, ғылыми зерделілігін кеңінен көрсете білді. Оқу орны студенттеріне арнап оқулық пен оқу-әдістемелік құралдарын жазды.

Ғалымның ғылыми шығармашылығының шырқау тұсы өзінің негізгі жұмысымен қоса ҚР ҰҒА академигі Мұфтах Диаровпен бірге қызмет атқарған кезі болатын. «Аймақтық экологияның проблемалары» орталығының жетекшісі алғашқы күннен бастап-ақ Тілепқазы сияқты білікті маман-экологтың тәжірибесін, мүмкіндігін кеңінен пайдалануды көздеді. Өйткені, ол аймақтың экологиялық жағдайын терең білетін бірден-бір ғалым еді. Ғылыми топ мүшелерінің алғашқы бірлесіп жасаған жұмыстарының басы Каспий теңізінің экологиялық мәселелерін зерттеу болды. Олар осы мақсатта Корнелл (АҚШ), Мәскеу мемлекеттік университетінің ғалымдарымен бірге «Солтүстік Каспий» Халықаралық зерттеу жобасын жасап, жоғарыда аталған оқу орнының ғалымдарын ғылыми семинарларға шақырып, болашақ ғылыми ізденіс-терінің нәтижелі болуына жол ашты. Осы істердің басы-қасында тумысынан еңбекқор Тілепқазы жүрді.

Орталық қызметкерлерінің ерінбей-жалықпай еткен ерен еңбектерінің арқасында олар үлкен ғылыми-танымдық нәтижелерге қол жеткізді. Академик М.Диаровтың басшылығымен «Мұнай және газ кешені» атты он томдық еңбек жазылды. Алғашқы бес томы орыс және ағылшын тілдерінде екі рет басылып шыққан аталған іргелі еңбектің алтауы Тілепқазының бірлескен авторлығымен жарық көрді. Тілекең – 120-дан астам ғылыми мақалалардың, жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған «Жалпы экология» оқулығы мен көптеген еңбектердің авторы. Ол АҚШ мемлекеттік департаментінің шақыруымен қоршаған орта мәселелері жөнінде Вашингтон, Хьюстон, Нью-Йорк, Сан-Франциско, Рено, Невада штатының Карсон-Сити (Ұлттық ядролық орталық), Гальвестон (Мексика шығанағында), Цинциннати, тағы басқа қалаларда және алыс-жақын шет елдерде ғылыми іссапарларда болып, Қазақстан ғылымы мен ғалымдарының әлеует деңгейін әлемге танытты. Осылардың ішінде Тәкеңнің Канаданың Монреаль қаласында өткен ІХ Халықаралық экологтар конференциясында жасаған екі ғылыми баяндамасының орны ерекше болды. Онда ғалым Каспий теңізінің көмірсутек қорларын игерудегі атқарылып жатқан жұмыстар мен бекіре тұқымдас және басқа да гидро-бионттардың тағдырына алаңдаушылық білдіріп, оның мәселесін дүниежүзілік деңгейге дейін көтерді.

Тілепқазы Жұмағазыұлы Ха-лықаралық антиядролық «Невада–Семей» қозғалысының жұмысына ерекше араласты. Ол осы бағытта ұйымдастырылған барлық шараларға, оның ішінде Халықаралық конференцияларға қатысып, баяндамалар жасап, жарыссөздерде жеке пікірлерін білдіріп отырды. Солардың бірі осыдан біраз жыл бұрын Семей мемлекеттік медицина университетінде өткен «Экология. Радиация. Денсаулық» атты VI Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысы барысында сөз алған Тілепқазы Жұмағазыұлы: «Еліміздің Батыс аймағындағы полигондар там-тұм зерттелді дегенімізбен, жабулы қазан жабулы күйінде жатыр. Бүгінде бізде қан аурулары, қатерлі ісік сырқаттары өршіп тұр. Неге? Оны қалай емдеу керек? Өршу себебі неде? Бұл сұрақтардың басы ашық тұр. Тіпті, қай ауылда қанша радиация-лық мөлшерлеме бар екендігі де жүйелі тексерілмейді. Сондықтан да, Батыс облыстардың бірінен радиациялық-экологиялық ғылыми-зерттеу орталығын ашу – кезек күттірмейтін шаруа. Полигонды былай қойғанда, Каспий табанынан мұнай игеру, мұнай-газ химиясы кешенін іске қосу, күкіртті сутегін кәдеге асыру… – мұның бәрі экологиялық ахуалды жүйелі де  тұрақты зерттеп, нақты талдау жасап отыруды қажет етері хақ…

Шетелдерде мұндай мәселе әлдеқашан шешіліп қойған. Мен Америкада болғанымда ондағы шағын бір штаттың өзінде осындай орталық бар екенін көзіммен көрдім. Онда әр адамның апта, ай, жыл бойғы тексеру қорытындылары мұқият жинақталып қойылыпты. Міне, осындай ыждағатты жұмыс жүргізілмейінше, басқалардың бәрі – құр далбаса»… – деп ашық жария етті.

Шынында да, қырық жыл бойы ядролық жарылыстардан көз ашпай келген қазақ даласындағы ядролық сынақтардың қоршаған ортаға, тұрғындар денсаулығына келтірген зардабы орасан зор. Сондықтан, сөзден іске көшіп, сынақ аймақтарын жан-жақты зерттеу қажет. Осыны терең түсінген ғалым-эколог «Невада-Семей» қозғалысының құрылғанына 25 жыл толуына орай «Атырау мұнай және газ институты» базасында өткізілген «Дөңгелек үстел» барысында мамандармен пікір алмасуда төмендегідей жайды баяндады:

«Жарылыстардың болашақтағы генетикалық әсері қандай болуы мүмкін?» – деген мәселе мүлдем зерделенбеген. Құзырлы мекемелер кешенді ғылыми бағдарлама жасамаса, бұл мәселе шешілмейді. «Азғыр полигонының адам өміріне залалы жоқ» деп айту үшін ғылыми негізделген кешенді зерттеулердің қорытындысы керек. Бір ғана жалпылама зерттеу нәтижесімен жерді пайдаға жаратуға болмайды. Толыққанды зерттелмеген аймаққа дән егілсе, радиация өсімдік тамырлары арқылы жер бетіне кері шығады. Сондықтан, мұндай іске аса мұқияттылық керек». Алып-қосары жоқ, бұл білікті маманның тиянақты да нақты ойы.

Тәкеңнің жанына жақын мәселелердің негізгісі – ғылым мен білім. Ол «ұстаздар, ата-аналар түзелмей, жас ұрпақ, шәкірттер түзелмейді, Біздің кейбір жастардың ғылымға деген ұмтылысы ұнайды, соларды әрдайым қолдап отыру, қанағаттандыру, ғылымнан үміттендіру – бұл келешекті ойлау» дейтін. Кейбір әріптестерінің талантты жастарды аспирантураға, докторантураға жібергісі келмейтіндігін, аяқтан қағатын дәрменсіз істерінің барлығын айтып қиналатын еді. Ол: «Бізде осыншама ғылым кандидаттары мен докторлары бар деп мақтанамыз, ал, қанша парасатты ұстаз бар? Бұны ойландық па?» -дейтін. Бұл кімге болса да оңай сұрақ емес.

Ғалым-ұстаз негізінен бар ғұмырын елдің келешегі болатын, адамның көңілі толатын жастарды оқыту мен тәрбиелеуге арнады. Өзгеге тәрбие беру үшін өзі тәрбиелі болуды ерте ойлады.  Ізденді, оқыды, әр гүлден нәр жинаған бал арасындай білім жинады. Тілепқазы бірде, екеуара әңгімемізде, бүгінгі білім беру жүйесіне көңілі толмайтындығын айтқаны бар. Оны тест сұрақтарының студенттердің ой-өрісін дамытпайтыны, кейбір жақсы оқитын, ойлы студенттердің білімдерінің дұрыс бағаланбауы, бағалау барысындағы кездейсоқтықтар қынжылтатын еді.

Тілепқазы жайлы жұрттың жүрекжарды лебізін естіген кезде «адамның қадір-қасиеті тек отырған орынтағымен ғана емес, айналасына шашқан шуағымен, ізгілігімен көрікті екен-ау» деген ойға келетінің анық.

Иә, қамшының сабындай біртұтам өмірде сені жұрттың жан әлемі кең,  қолы таза, өресі биік азамат ретінде танығанына не жетсін!…

Ең бастысы, Тәкең арзан бедел жинауды өз бойына ар көрді. Оның әрбір лебізі жастарға қанат байлап бергендей әсер еткенін еске алсақ, өзім-өзім дей бермей, өзінен кейінгіні осылайша ізгі жолға тәрбиелеу кез келгеннің қолынан келмесі тағы анық. Жалпы сатусыз көңілден жұрдай, есепсіз аяқ баспайтын бүгінгі кезеңде төбедегі аспанның лап етіп ортаға түспей тұрғанының өзі осы Тілепқазы іспеттес жоғарыдан ешкімге кекірейе қарамайтын, алпыс екі тамыры кісілік деп соғатын, терісі кең азаматтардың ар-қасы болуы да әбден мүмкін-ау…

Ондай тұлғаның шыққан  биігі немесе бір бойына шоғырланған рухани қазынасы – жалғыз жеке басының ғана емес, халқының да, қоғамының да қазынасы, шыққан биігі. Сол танымал тұлға арамыздан кеткен тұста халық болып қабырғамыздың қайысатыны содан. Алайда, халық алдындағы перзенттік міндетін адал атқарып өткен Тілепқазы  сияқты азаматтар халық жадынан ешқашан шықпақ емес. Екі ғасырдың тәжірибесін бойына сіңіріп, дүниежүзілік білім мен ғылымнан сусындаған оның халық игілігіне қосылған құндылықтары ұзақ жасай бермек. Сөз жоқ, адамның өмір жолы санаулы, шектеулі. Десек те, балалық шағынан салмақты, сындарлы, тағылымды Тілеп-қазының асыл қасиеттері, азаматтық ардақтылығы, ұстаздық ұлағаты, ғылымдағы ізі, өзі еңбек еткен жолдары әрқашан жастар үшін үлгі болып қала бермек.

Алтай ТАЙЖАНОВ,

Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан

 мемлекеттік медицина университетінің

 кафедра жетекшісі,

 философия ғылымдарының докторы, профессор,

ҚР ӘҒА академигі, Қазақстан Республикасының

білім беру ісінің Құрметті қызметкері.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*