«ДИРИЖЕРЛЕР ШЕРУІ» КҮЙ ҚҰДІРЕТІН ТАНЫТТЫ

-Құрметті Орақ Жауырұлы! Атырауды әрдайым күй елі деп дәріптесе, сол өнерді дамытуда соңғы 30-40 жылда Әзидолла Есқалиев, Рысбай Ғабдиев, Қаршыға Ахмедьяров, Шәміл Әбілтаев, Айгүл Үлкенбаева, Ғатау Ибішев ағаларымызбен бірге, Сіздің де еңбегіңіз аса зор. Консерватория қабырғасында жүріп, Құрманғазы атындағы академиялық ұлт-аспаптар оркестрі құрамында ойнадыңыз. Одан соң туған жерде Дина Нұрпейісова атындағы халықтық ұжымды басқарып, музыка училищесі, Құрманғазы атындағы балалар мектебінде сабақ бердіңіз және соларды басқарып, облыста дирижерлық өнердің қалыптасып, дамуына айтарлықтай үлес қостыңыз.

Алматыда, Ақтауда қызмет жасаған тұстарыңызда ұстаздық пен дирижерлікті қатар өрбітіп, бірнеше ұжымның, Маңғыстау облысында Абыл Тарақұлы атындағы оркестрдің дүниеге келуіне негіз болдыңыз. Кейін Атырау облысындағы Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармонияның «Нарын» оркестрінде жетекшілік етіп, оның Біріккен Араб Әмірлігінде, Дондағы Ростовта, Кореяда өнер көрсетуіне, фестивальдерге  қатысып, жеңімпаз атануына үлес қостыңыз. Соңғы жылдары республикамызда белгілі Дина Нұрпейісова атындағы академиялық ұлт-аспаптар оркестріне жетекшілік етіп келесіз.

Ұжым осы жылдарда өзіңіз дайындаған репертуарларындағы отандық және әлемдік туындылармен Түркия, Германия, Австрия, Франция, Ресей елдерінде, Астанада өнер көрсетті. Бәрінде де талғампаз жұртшылық дүркірете қол соқты, құшағыңыз гүлге толды. Бұл – құрмет. Сіз бұндай құрметтің талайын көрдіңіз. Бұл күнде өңіріңізде республика Халық ағарту ісінің үздігі, Алтынсарин медалі, тәуелсіз Қазақстанның «Құрмет» ордені мен Атырау облысының «Құрметті азаматы» белгісі жарқыраса, осылардың бәрі – Сіздің ұзақ жылғы еңбегіңіздің нәтижесі.

Құрметті Орақ Жауырұлы! 70 жас құтты болсын! Отбасыңыз аман, еңбегіңіз жемісті, шуақты сәттеріңіз азаймағай!, – деді облыс әкімі.

Орақ Жауыров – біздің сахнамыздың қыраны! Сондықтан, биіктен түспеңіз деп, символ ретінде қыран сыйлағалы тұрмыз,-деп өңір басшысы Бақтықожа Салахатдинұлы мерейгерге тартулар мен сый-сияпат тапсырды.

Концерт Сейілхан Құсайыновтың «Мереке» күйімен басталды. Дирижерлік еткен Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі – Орақ Жауыров. Көрермендер мерекелік көңіл-күйге еніп, демалыс күндерінде бір сәт өзге тірлікті ұмытқандай күй кешті. Базарбай Жұманиязовтың «Махамбет» операсынан  «Махамбеттің күй ұранын» әнші Ғарибжан Мұханғалиев орындады. Қатысушылар рухтанып, серпіліп қалғаны анық.

Ахмет Жұбанов атындағы Ақтөбе облыстық оркестрінің бас дирижері және көркемдік жетекшісі Қазақстан Республикасының «Мәдениет қайраткері» Мәдина Қабижанованың дирижерлік етуімен оркестр Ахмет Жұбановтың «Би күйі» және В.Андреевтің «Светит месяц» туындыларын орындады. Жұртшылық өнерге тәнті болып, қошемет көрсетті.

Айтқали Жайымовтың «Думанды Тобыл»  атты шығармасы оркестрдің орындауында тыңдаушылардың құлағының құрышын қандырды. Дирижерлік еткен – Қостанай облысы халық аспаптар оркестрінің бас дирижеры және көркемдік жетекшісі, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер Назымбек Молдахметов. Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген әртіс, әнші-сазгер Қалибек Деріпсалдин оркестрдің сүйемелдеуімен өзінің «Айлы түнде» әнін орындады. Бұл туынды да халық жүрегіне жол тапты.

Батыс Қазақстан облысы Дәулеткерей атындағы оркестрдің дирижері, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткер, профессор Қырымгерей Қажымовтың дирижерлік етуімен «Ақ желең» күйі көрермендерді селт еткізгені даусыз. Одан кейін Қаршыға Ахмедьяровтың «Жер Ана» атты шығармасын Республикалық әншілер байқауының лауреаты Аманжан Басығариев орындады. Көпшілік көңілінен шыққан әншінің зор дауысы жұршылықты баурап алды.

Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер, дәулескер күйші Сержан Шәкірат шыққанда өнерсүйер қауым дүрлігіп кетті. Өнер марғасқасы күй анасы Дина Нұрпейісованың «Бұлбұлын» нақышына келтіре төгілтті. Мұхиттың «Айнамкөзін» айтып, ортаға Қазақстан Республикасының «Мәдениет саласының үздігі» Қайрат Кәкімов, «Нартайдың термесімен» Қазақстан Республикасы «Мәдениет саласының үздігі» Ақмарал Ноғайбаевалар шығып, көпшілік ілтипатына бөленді.

Күй атасы Құрманғазының «Серперін» орындаған оркестрдің өнеріне разы болған көрермендер дүркірете қол соғып, гүл шоғын аяған жоқ. Бұл жолы дирижерлік еткен – Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық оркестрінің дирижері, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер, профессор Жанас Бекентуров. Латиф Хамидидің «Жайлауым –бақша жайнаған» әнін Халықаралық «Шабыт» фестивалінің дипломанты Элла Куртиева мәнеріне келтіре шырқады.

Залда Жантөренің «Шалқымасына» кезек беріліп, күй сазы ауада қалықтады. Дирижер – Батыс Қазақстан облысы Дәулеткерей атындағы оркестрдің бас дирижеры және көркемдік жетекшісі, Қазақстан Республикасы «Мәдениет қайраткері» Еркін Нұрымбетов. Оркестрдің сүйемелдеуімен сазсырнайда Еркін Нұрымбетовтың «Балдырған» күйін орындаған Эльмира Иманбаеваның өнері де айтуға тұрарлық.

Орақ Жауырұлы негізін салған Абыл Тарақұлы атындағы Маңғыстау облыстық оркестрінің бас дирижері және көркемдік жетекшісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Рахат Мадреевтің дирижерлік етуімен Есірдің күйі «Ақжарма» атойлатқанда, қазақы рух аттандап тұрғаны кәміл. Әли Алпысбаевтың «Элегиясын» оркестр сүйемелдеуінде флейтада ойнаға Тұрсынгүл Меңдіғалиеваға да көрермендер ықыласпен гүл сыйлады.

Жазушы, композитор, Қазақстан және Қырғызстан Республикаларына еңбегі сіңген қайраткер, Қазақстанның «Парасат», Қырғызстанның «Дәнекер» ордендерінің иегері Илья Жақановтың «Еділ-Жайығы» сөз алғанда көпшіліктің қошеметінде шек болмады. Қазақстан Республикасының «Мәдениет қайраткері» Рахила Құлсариеваның дирижерлік етуімен әнші Марина Қаженова орындады. Құрманғазының «Сарыарқасы» сайын далада жүйткіген тұлпарлар тұяғының даусын құлаққа әкеліп, ғасырлар қойнынан дабыл қаққызды.

Мерейгер Орақ Жауыровтың дирижерлығымен Латиф Хамидидің «Бұлбұлын» Астана опера театрының әншісі, «Большая опера» конкурсының бас жүлдегері Салтанат Ахметова өзінің бұлбұлдай үнімен сайрады. «Дирижерлар шеруі» Исаак Дунаевскийдің «Заздравная» әнімен мәреге жетті.

Кеш соңында еліміздің түкпір-түкпірінен келген дирижерлер сахнаға шығып, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің, «Құрмет» орденінің иегері, Атырау облысының Құрметті азаматы, Халықаралық фестивальдердің лауреаты, Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері Орақ Жауыровты ортаға алып, құттықтап жатты. Сахнаға Атырау облысы әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтың атынан «Ықылас» гүлі әкелінді.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*