ДІНИ САУАТТЫҢ ТӨМЕНДІЛІГІ – ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ

Екі айға созылған аталмыш шараларға мешіт имамдары, теолог мамандар  қатынасқан. Тұрғындармен жүздесіп, діни тақырыптағы сан сауалдарына нақты жауаптар ұсынған топ мүшелері атқарылған жұмыстың қорытындысын саралау мақсатында аталған орталықта бас қосып, түйткілді мәселелерді шешуге тырысты.

Топ шалғайдағы шағын ауылдарға да бас сұғып, тұрғындардың айтар уәжіне құлақ асыпты. «Кейбір ауылдарда мешіт, имам жоқ. Тұрғындармен кездесу барысында өздерін толғандырған сұрақтарға сала мамандарынан нақты жауап алуға талпынғандар аз болмады. Бірақ, олардың басым бөлігі – егде жастағылар» дейді топ мүшесі, Құспан молла мешітінің наиб имамы Нариман Жұмашев. Бұл ретте мәселенің екі жағы бар. Бірі –  ауылда жастар саны аз. Екіншісі – жастардың интернет желісіне қолжетімділігі. Қазіргі таңда әр ауылда интернет бар. Сол себепті кез-келген өзін мазалаған сұрақты жастар компьютердегі іздеу тақтасына енгізіп тауып ала алады. Олар ҚМДБ тарапынан рұқсат етілген сайттарға кірмей, ашылған бетшенің кез-келгеніне кіріп, сол жерден діни сауатын «арттыруы» әбден мүмкін. Сол себепті де ауылдарды аралаған топ мүшелері www.muftyat.kz, www.islam-atyrau.kz сынды сайттармен танысып, облыс басшысының арнайы шақыртуымен өңірімізге келіп, қызмет атқарып жүрген жоғары білімді теологтардан дәріс алуды насихаттағандарын айтып өтті.

ҚМДБ Атырау облысы бойынша өкілі,  «Иманғали» орталық мешітінің Бас имамы Батыржан Мансұровтың айтуынша, қазіргі таңда облыстағы мешіт саны 28 болса, оның екеуінде имам жоқ. Бұл лауазымды атқаратындардың жалақысына қатысты мәселе де осынау сұрақтың түбегейлі шешілмеуіне әсер етіп отырғаны сөзсіз. Басқосу барысында осы мәселені де кеңінен талдаған сала мамандары таяуда құрылған «Жәрдем Атырау» қоғамдық қорына жанашыр жандар қолдау білдірсе, бастаманың игі мақсатқа қызмет атқарып, жоғарыдағы мәселені шешуге септесетінін айтып өтті.

Осы тұста тағы бір айта кетер жайт, облыстық «Иманғали» мешітінің жанынан ашылған екі айлық медресе жұмыс жасауда. Бас имам Батыржан Берденұлының басшылығындағы осынау оқу орнында білім алғысы келген кез келген жан ақысыз түрде дәріс алып, өз сауаттылығын арттыра алады. Нәтижесінде арнайы сертификатқа ие болған медресе шәкірті имам көмекшісі сынды лауазымды атқара алады. Бұл да өз кезегінде күн тәртібіндегі тақырыпқа қатысты түйткілдерді шешуге бастайтын бірден-бір қадам екені сөзсіз.

Гүлжан ӘМІРОВА. 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*