ДІНИ ЭКСТРЕМИЗМ: БІРЛЕСІП КҮРЕСУДІҢ ТЕТІКТЕРІ ҚАНДАЙ?

Бүгінде діни экстремизм мен терроризм әлемдік қоғамдастықты қатты алаңдатып отырған мәселеге айналды. Әрине, заманауи әлемнің қатеріне айналып отырған осынау зұлматтан біздің еліміз де сырт қала алмасы анық. Ол бүкіл қоғамның тізе қосып, күш біріктіруін қажет етеді. Осы ретте, Елбасымыздың Қазақстан халқына Жолдауларында мемлекеттік органдармен қатар, бүкіл қазақстандық қоғамның алдына еліміздің салт-дәстүрі мен мәдени нормаларына сәйкес келетін діни түсінік қалыптастыру міндетіне басымдық беруі кездейсоқтық емес. Мемлекет басшысы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты биылғы Жолдауында да «Зайырлы қоғам және асқақ руханият» қағидаты барлық қазақстандықтарды біріктіретін басты құндылықтардың бірі екендігін атап көрсетті.
Әрине, стратегиялық және ұзақ мерзімге арналған осындай міндеттерді бүкіл қоғам болып еліміздің тұрғындарының бойында дін мәселелері бойынша нақты бағдар қалыптастыруға мүмкіндік беретін істерді жүзеге асырғанда ғана қол жеткізуге болады. Ал, мұндай міндеттердің салмағы мен міндетін Қазақстанның болашағы зайырлы қағидаттарды басшылыққа алатын индустриялық-инновациялық дамуға тұғырланатынын еліміздің шығармашылық зиялы қауымы терең, әрі жақсы түсінетіні анық. Осы ретте, азаматтар мен қоғамды сыртқы рухани агрессиядан қорғаудың және тұрғындардың бойында діни мазмұндағы ескі құндылықтарды көксейтін немесе теологиялық қателіктерге бой алдырған кереғар діни идеологияларға қарсы иммунитет қалыптастырудың маңызы аса зор.
Рухани жаулап алушылықтың дінді бетперде ретінде пайдалана отырып, теріс идеяларды жастар арасында белсенді таратудан көрініс тауып отырғаны жасырын емес. Осы орайда, радикалдық сипаттағы діни ағымдардың идеологиялары азаматтарды наным-сеніміне қарай жіктеуді, дін жолында жүргендерді басқалардан жоғары қоюды, мемлекеттің зайырлы қағидатын қабылдамауды алдыңғы қатарға қояды. Ал, мұндай идеологияның әртүрлі діндерді ұстанатын көп этностан тұратын Қазақстан қоғамы үшін қаншалықты қауіпті екені айтпаса да түсінікті. Радикалдық сипаттағы осындай идеялар халықты өзінің сан ғасырлық бай рухани мәдениеті мен салт-дәстүрінен бас тартқыза отырып, халықтың этникалық, мәдени-рухани тұғырын жоғалту және азаматтардың тарихи санасын шайып тастау мақсатын ұстанады.
Елімізде бүгінгі күнде радикалдық діни ағымдардан келетін қауіп-қатерлерді халық арасында кеңінен түсіндіру шаралары қолға алынып жатыр. Бұқаралық ақпарат құралдарында осы тақырыптарға қатысты мазмұнды мақалалар жарияланып, телеарналар мен радиоларда дін мәселелерін қозғайтын бағдарламалар мен хабарлар көптеп берілуде. Одан бөлек, қоғамда ғылыми және шығармашылық зиялы қауым, үкіметтік емес ұйымдар мен жастар ұйымдарының өкілдері, жұртшылық арасында беделге ие азаматтар теріс сипаттағы кереғар діни ағымдардың қаупі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.
Қазіргі күнде Қазақстанның барлық өңірлерінде дін мәселелеріне арналған 500-ден астам ақпараттық-насихат топтары жұмыс істеуде. Аталған ақпараттық-насихат топтарының құрамында діни салада түсіндіру және профилактикалық жұмыстар жүргізетін мемлекеттік органдардың өкілдерімен қатар теологтар, дінтанушылар, діни бірлестіктердің өкілдері енген. Осы орайда, өткен жылы ақпараттық түсіндіру мақсатында өткізілген іс-шаралардың 1,3 миллионнан астам адамды қамтығанын айта кеткім келеді. Бұл мемлекеттік органдардың азаматтық қоғам институттарымен бірлесіп жүзеге асырып отырған іс-шараларының бір тұсы ғана. Бүгінгі күнде мемлекеттік органдар тарапынан діни ахуал және оған қатысты үдерістерді зерттеудің өзекті тақырыптарын жасақтауда, сонымен қатар, діни мәселелердің әртүрлі аспектілеріне арналған ғылыми-талдау жұмыстарына еліміздің ғалымдарын кеңінен тартуға мүдделілік туындап отыр. Біз дін саласына қатысты мәселелерде бүгінгі күнде жұмыс атқарып отырған қоғамдық институттармен әріптестік қатынастар орнатуға да әзірміз.
Агенттіктің сарапшылар қауымдастығымен ынтымақтастығы аса өзекті тақырыптар бойынша бірлескен зерттеулер жүргізуге ықпал етіп, ол өз кезегінде дін саласында орын алып отырған үрдістерді дер уақытында анықтауға, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша мемлекеттік органдардың қызметін жетілдіруге бағытталған сапалы ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді. Қазіргі кезде сонымен қатар, қазақстандық қоғамның ұлттық мүддесіне сәйкес келетін мемлекеттік-конфессиялық қатынастардың қазақстандық моделін әрі қарай жетілдіруге арналған ұсыныстарға қатысты қажеттілік өсе түсті. Бұл модель мемлекеттік құрылыстың зайырлы қағидаттарын дамытуға, қоғамның жоғары деңгейдегі руханиятын және мемлекет пен оның азаматтарының тұғыры берік мәдениетін қалыптастыруға негізделуі керек.
Осы жерде шығармашылық зиялы қауымның діни экстремизмге қарсы тұрудағы рөлін ерекше атап өткен жөн. Өйткені, олар халқымыздың сан ғасырлық дәстүрлері мен мемлекетіміздің тұғырын құрайтын құндылықтарды мансұқтайтын радикалдық идеологиялардан төнетін қауіпті басқалардан гөрі өткір сезінеді, әрі оның салдарын жақсы біледі.
Мемлекеттің дін саласындағы уәкілетті органы болып табылатын Дін істері агенттігі тарапынан бүгінде осы бағытта бірқатар маңызды жұмыстар қолға алынып отыр. Агенттік жанынан өткен жылдан бері Діни ахуалды талдау жөніндегі консультативтік сараптау кеңесі жұмыс істей бастаған болса, қазіргі күнде үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құрылуда. Біздің ойымызша, осындай құрылымдардың белсенді жұмыс атқаруы дін саласына қатысты маңызды мәселелер бойынша қоғамдық пікірді мақсатты түрде қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жалпы, қоғамның белсенді топтарының, ғылыми және шығармашылық зиялы қауымның қазақстандық бірегейлілікті сақтау мен нығайтудағы және халқымызды діни экстремизм мен сыртқы рухани шабуылдардан қорғаудағы бірлесіп жұмыс жүргізетін негізгі бағыттары осы болмақ.

Ғалым ШОЙКИН,
Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігі төрағасының орынбасары.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*