ДІНБАСЫМЕН ДИДАРЛАСТЫ

-Бүгінгі таңда елімізде жүзден астам ұлт пен ұлыстың өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, бірлік пен ынтымақтастықта ғұмыр кешуде. Ұлтына, діни наным-сеніміне қарай олар жалпы саны 40 діни конфессияға біріккен. 1995 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстан халқының Ассамблеясы ұлан-байтақ республикамызды ортақ Отаны санайтын, жүзі басқа, жүрегі бір, тілі басқа, тілегі бір сол бауырлас халықтарды, сан ұлттың баласын үлкен бір шаңырақтың астына ұйыстырып, топтастырушы алып күшке, ал Қазақ елі мызғымас достық пен ынтымақтастықтың символына айналды,-деп бастады дінбасымен дидарласу сәтіндегі әңгімесін аймақ басшысы. – Баянды бірлігі мен тату тірлігі жарасқан қазақстандықтардың бір бөлшегін атыраулықтар, яғни мұнайлы өлкенің тұрғындары құрайды. Бүкіл еліміздегі тәрізді, біздің облысымызда да Ата Заңымызға сәйкес, азаматтардың діни наным-сенім бостандығына ешқандай шектеу қойылмаған. Соның куәсіндей, қазіргі таңда мұнда тоғыз конфессияға біріккен 40-тай діни бірлестік жұмыс жасайды. Олардың басым көпшілігі ата дінімізге айналған ислам мен дүние жүзі халықтарының көп бөлігін қамтитын христиан дінін ұстанады. Тұтастай алғандағы Қазақстан халқының бірлігін сақтап, іргесін бүтіндеуде, ізгілікке үндеп, мейірімділікке шақыруда православтық христиандардың алар орны, үлес салмағы айрықша екенін де атап айтуымыз керек. Сол себепті, сіз де қадірменді метрополит Александр мырза және жаныңызға ерген дінбасылары, баршаңыз да қасиетті де киелі Атырау жеріне қош келдіңіздер, құтты қадамдарыңыз болсын!
Облыс әкімінің осындай ыстық ықыласпен қарсылаған қошемет-құрметінен кейін сөз кезегін еншілеген метрополит Александр да өзімен бірге келген шағын делегацияның атынан ризашылығын білдірген жылы лебізін жолдады. Бұл жолғы келісінің мақсаты да, мәні де ерекше екендігіне тоқталған дінбасы негізінен сапарларының биыл христиандық бағытты ұстанған барша дін өкілдерінің (православтық христиандар, католиктер мен протестанттар) қасиетті Пасха мейрамын бірлесіп өткізуді ұйғарғандығымен байланыстылығын жеткізді. Ресей мен өзге де осы дінді ұстанушы мемлекеттер сияқты Қазақстанда да православтық бағыттың дамуына және де оның басқа жат ағымдардың жетегіне еріп, теріс қылықтардан, келеңсіз әрекеттерден аулақ болуына барлық жағдайлар жасалған. Осы айтқанымыздың айғағындай, бүгіндері республикамыздың барлық дерлік облыс орталықтарында діни бірлестіктер құрылып, шіркеулер жұмыс жасауда. Әр аймақта жауапты өкілдеріміз тағайындалған. Жұмысымыздың жемісті, насихатымыздың өрісті болуына өздеріңіздей облысты басқарып, Елбасының тапсырмасын орындап отырған әкімдердің, ел ағаларының да ықпалы мен қамқорлық-қолдауының аз еместігін сезінеміз. Сол үшін де шексіз ризашылығымызды білдіреміз.
Сөзін осылай түйіндеген метрополит Александр Атырау еліне баянды да бақытты ғұмыр тіледі.

Дәулетқали ЛАТИФҰЛЫ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*