ДІН ТАҚЫРЫБЫН ЖАЗУ

 Ең алдымен дін саласындағы материалдарды ақпараттандырудағы БАҚ рөлі тақырыбы талқыланды. «Аталған тақырып бүгінгі күн үшін өзекті болып отыр. Өңірімізде облыс әкімінің шақыруымен теолог мамандар қызмет етуде. Жамағатпен жүйелі жұмыс жүргізу бағытында басылымдардың атқаратын рөлі орасан. Газет беттерінде тақырыпқа қатысты көптеген материалдар жарық көріп, телеарналарда хабарлар таратылып отыр»  деген жиын төрағасының сөзін облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы Исатай Балмағамбетов толықтырды. «Соңғы жылдары еліміздің батыс өңірлерінде діни ахуалдың күрделеніп тұрғаны белгілі. Осы орайда, облыстық қоғамдық-саяси «Атырау» газетінде «Иман» бетінің, «Болашағымызды бүлікшілерге бермейміз!» атты қоғамдық қозғалыстың ашылғанын және оқырман қауымға тұрақты түрде теологтармен қатар, журналистік зертеулердің, өзекті сұхбаттардың жарық көріп келе жатқанын атап өткім келеді» деді ол. 

Бұл бағыттағы басылымның тағы бір жаңалығы – «Теолог бұрышы» деп аталатын айдар ашылып, оқырманға жол тартқандығы. Сондай-ақ, газеттің №149 санындағы «Атырау» газеті тура жолға түсірді» тақырыбындағы мақала да басылымның тақырып төңірегінде атқарған жұмысының нәтижелілігін аңғартады. 

Дін – нәзік тақырып. Сондықтан, кей ретте арнайы мамандардың тақырыптық жазбаларының оқырманға түсінікті тілмен жеткізілуі журналист шеберлігіне байланысты. Осы мәселені де кеңес отырысында атап көрсеткен басылым басшысы «бұндай материалдар арнайы сараптаудан өткізіліп келсе және тақырып туралы жазатын журналистерге арнайы семинар-кеңестер жоспарлы да жүйелі өткізілсе» деген ұсыныс білдірді. 

Облыс әкімінің орынбасары да бұл мәселенің маңызды екендігін атап көрсетіп, идеологиялық тәрбие беру мақсатында құрылған арнайы орталықтың бар екендігін айтып өтті. Салалық журналистердің жұмысын қалыптастыру бағытында бірнеше басқосу, тренингтер өткізілген. Бұл шараларды өткізуге мұрындық болып келген «Ақпарат» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлжан Елешова өткен жылы дін басқармасының ұйымдастыруымен Алматы, Ақтау қалаларында осындай дәрістердің өткізілгенін айтып, БАҚ өкілдері үшін бұл қадамның маңыздылығына тоқталды. «Облыстық әкімдіктің тапсырысымен баспадан шыққан бірнеше кітаптың көмекші құрал ретінде қолданылып жүргеніне қарамастан, журналистер әлі де болса діни біліктіліктерін төмен деп санайды.  Бұл жерде терминологияға қатысты да үлкен проблема бар» дей келе, «оқыту шаралары көбейтіліп, медиа-турлар ұйымдастырылса» деген тілегін жеткізді. Шыңғыс Жұмабекұлы осы орайда салалық қоғамдық ұйымдардың аз екендігін атап өтіп, «Ақпарат» бірлестігінің дін басқармасымен бірлескен жұмысына оң баға берді. 

Облыс көлемінде жарық көретін жергілікті және тәуелсіз газеттердің бас редакторлары мен жергілікті телеарна басшысы қатынасқан кеңес отырысы қызу талқылау алаңына айналып, дін тақырыбын жариялаудағы кездесетін өзге де проблемалар кеңінен сөз болды. «Дінді кез келген қоғамнан аластата алмаймыз. Бұл бағыттағы жүргізілетін жұмыстарға сіздердің тараптарыңыздан үлкен қолдау мен көмек керек. Себебі, әлі уланбаған санаға БАҚ арқылы «антивирус» енгізуіміз керек» деп түйіндеген кеңес төрағасы жұмыстарды жүйелі жалғастыру мақсатында бірқатар тапсырмалар жүктеді. 

Қоғамдық кеңес отырысында бұдан басқа да мәселелер қаралып, облыстық, аудандық газеттердің 2013 жылғы жұмыстары мен кездескен проблемаларын шешу жолдарын талқылаған «Атырау-Ақпарат» ЖШС директоры Төлеген Берішбай мен Қазақстан Журналистер Одағы Атырау облыстық филиалының төрағасы, «Сахара» газетінің бас редакторы Қуандық Батыровтың баяндамасы тыңдалды.

Гүлжан ӘМІРОВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*