ДІН МЕН ДӘСТҮРДІҢ ҰЙЫТҚЫСЫ

Исламдағы бір мәзһабты ұстанудың ерекшелігі, халық біртұтас, ынтымақ пен бірлігі күшті, ұйымшыл болады. Орта Азия мен Қазақстанда сан ғасырдан бері діни алауыздық болмай, ұрыс-керіс, дау-жанжалдан іргесін аулақ салуының да бірден-бір сыры осында. Әйтпесе, өз мақсаттары мен мүдделерін іске асыру үшін аянып қалмайтын түрлі сенім өкілдерінің жан-жақтан тас атып жүргені де жасырын емес. Сол себептен, бірауызды болып, бірлесе отырып, бір мәзһабта тізе қосылып алға жылжысақ, ешкімнің бізге тісі батпайды. Өйткені, құлшылық амалдарының бір болуы ондай жат пиғылдың тууына жол бермейді.

Әбу Ханифа мәзһабы өзге діни мектептермен салыстырғанда, өз жамағатына көп жеңілдік берумен, әрі жариялылығымен де ерекшеленеді. Біздің жартылай көшпелі халқымыздың бұл мәзһабты қабылдауының тағы бір себебі – өз дүние танымы, бітімі мен болмысы, жүрегі мен діліне оның тонның ішкі бауындай жақындығында.

Жалпы, Әбу Ханифа туралы кеңірек тоқталсақ, оны көрген ғұламалар оның бойынан болашақ ғалымның бейнесін байқаған. Имам бастаған ісіне табандылықпен берілген. Шешіміне сенімді болған. Алысқа қарап ойланған. Дауға билік айтарда, алдымен, істің жайттарын  анықтаған. Сезімдеріне ұстамды болып, нәпсісін бақылаудан шығармаған. Қарсы сөзді әрдайым жеңіл қабылдап, ақиқаттан ауытқымаған. Қарсыласының қатты сөзін «Аллам! Бізді күндеген адамдарға жүрегіміз әрдайым ашық» деп қабылдаған. Пәтуа (ортақ шешім) беруінде ешкімнің көңіліне ермеген. Құран мен сүннеттің мәтіндеріне ғана, сондай-ақ, сахабалардың пәтуаларына сүйенген. Мәселені зерттегенде мәтін мен істің де сыртқы мағыналарымен шектелмей, жайттарды есепке алып, алысқа қарап ойланған. Ақиқатқа жетуде ықыласты болған. Пікір таластырғанда ақиқатқа жетуден басқаны көздемеген. Өз пәтуасын ұстануды ешкімге міндеттемей, оны ойдың ең дұрысы деп пайымдамаған. Ал, ұстаздары туралы айтсақ, Имам Әбу Ханифаның кішкентай күнінде біраз сахабалармен (сахаба деген сөз – дос, жолдас, серік, яғни  Пайғамбармыздың (с.ғ.с)көзін  көргендер) кездескені рас. Олар – Анас ибн Мәлик, Абдулла ибн Әбу Ауфа, Саһіл ибн Сағд (Алла тағала оларға разы болсын). Тарихшы ғалымдардың жеткізген нақты деректері бойынша имам үлкен табиғиндермен (табиғин – сахабаларды көрген адамдар) кездесіп, олардан дәріс алған. Табиғиндердің сахабалардан алған фиқһын (фиқһ сөзі – ұғу, ұғыну, шариғи құқық дегенді білдіреді) үйреніп, біраз хадистер мен сахабалардың сөздерін жеткізген. Мұны имамның өзі «Білім мен фиқһ бұлағында болдым және оның басындағы ғұламалармен отырдым. Нәтижесінде, Аллаға шүкір, сол бұлақтан сусынданған фақиһтардың біріне айналуым нәсіп болды» деп келтіреді.

Сонымен қатар, имам пайғамбарымыздың әулетінен болған Зайд ибн Әли, Мұхаммед ал-Бақир, Абдулла ибн Хасан сынды тұлғалардың білімінен де хабардар-тұғын. Имам өз ғасырында бой көтерген түрлі ағым өкілдерімен кездескен, олардың көзқарастарымен, келтірген дәлелдерімен танысқан. Сондай-ақ, сөздерінде дұрысын алып, қате болғанын түзеткен.

Ал, оның ізденісі мен тәжірибесіне тоқталсақ, имам Әбу Ханифаның өмірлік бағыты, білім ізденісі және мол тәжірибесі оның фақиһ ғалым болуына зор ықпалын тигізген. Білім іздеуімен қатар саудасын тастамаған. Ерте кезден саудамен айналысқандықтан бұл кәсіптің егжей-тегжейін және онымен байланысты ғұрыптар мен мәселелерді жақсы білген. Бұл тәжірибе оның муамалат (қарым-қатынастар) саласындағы үкімдерді шығаруға зор пайдасын тигізген. Ол Құран мен сүннет мәтіндерінен, сахабалардың пәтуаларынан, «қияс», «ғұрып», «истихсан», «жағдайларды есепке алу», «екі зиянның ең жаманын қақпайлау» секілді тәсілдерді қолданып, үкім шығара алатын мужтаһид дәрежесіне жеткен. Осы ыждағаттың нәтижесінде адамдарға фиқһты үйрететін жаңа мәзһабтың негізін салды. Имамның тәлім беруде арнайы өзіндік тәсілі болатын. Бұл тәсіл ұстаз бен шәкірттің ойлау жүйесін қоса арттыратын. Мәселенің үкімін бекітуде имам алдымен  ол мәселені шәкірттерімен ортаға салып талқылайтын. Олардың ойларын тыңдап, кейін өз ойын айтқан. Сөйтіп, осы талқылаудан барлығы келіскен түйінді ой шығарған. Осы тәсілдің рухымен имамның және шәкірттерінің ілімі мен ойы үздіксіз дамыған.

Имам Ағзам Әбу Ханифа Пайғамбарымыз (с.ғ.с) жарық дүниемен қош айтысқанына небәрі 66 жыл өткен соң дүниеге келді. Бұл кезеңде пайғамбарлық естеліктердің ыстық табы көзі қарақты, діні мен діліне берік мұсылмандардың жадына сол күйі сақталып тұрған болатын. Ислами ілімнің негізін қалаған берекелі буын өзгелерден оқ бойы озып шыққан Имам Ағзам парасат майданының шашасына шаң жұқтырмай, дүйім елді ауызына қаратып, әлем мұсылмандарының жартысын құрайтын сара жолдың соқпағын сол кезде-ақ салып кетті.

Артур АЙТМАҒАМБЕТОВ,

Атырау қалалық ішкі саясат бөлімі дін істері жөніндегі сектордың бас маманы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*